– Жасым 64-те, зейнеткермін. Ұлыммен, келініммен және немерелеріммен бірге кезінде мемлекеттен алған үш бөлмелі пәтерде тұрамын. Биылғы жылдың ақпанында ұлыма сыйға тарту құжатын ресімдедім. Бастапқыда бәрі де жақсы болатын, бірақ 4 айдан бері ұлым өзгеріп шыға келді. Үйге үнемі ішіп келіп, ұрыс-керіс шығарып, әйелімен арадағы проблемаға мені кінәлайтын болды. Ең бастысы, басқа қалада отбасымен бірге тұратын қызыма көшіп баруға меңзейтін болды. Жақында ол мені ұрып-соғып, құжаттарды тартып алды. Мен милицияға шағымдандым. Оны 5 тәулікке қамауға алған еді, бірақ одан сайын жаман боп кетті. Енді ол үйден қуып жіберемін немесе қарттар үйіне апарып тастаймын деп ашықтан-ашық қоқан-лоққы көрсететін болды. Сыйға тарту шартын жоя аламын ба?
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово Защиты» Адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ жауап берді:
– Өкінішті жағдай екен. Бірақ одан шығар жол жоқ емес. Ол кісінің ұлының әрекетіне төзбей, полицияға хабарласқаны жақсы болған. Ол осылайша ұлының тарапынан өзіне қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалатынын белгіледі. Полицияға шағымданған кезде оны ұрып-соққанын растайтын медициналық тексеруге жіберді-жебірмеді ме, соны есіне түсіргені жақсы. Егер жіберген болса, медициналық қорытындының көшірмесін алу керек.
ҚР Азаматтық кодексінің 512-бабының 1-тармағына сәйкес, сый алушы (бұл жағдайда ұлы) сыйға тартушының, яғни анасының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшін жоюға құқылы.
Аталмыш заң нормасына қарай, егер ұрып-соққаны, дене жарақатын салғаны тиісті медициналық қорытындымен расталса және сый алушы, яғни, ұлы осы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, онда анасының өзі қол қойған пәтерді сыйға тарту шартын жою туралы сотқа талап-арызбен шағымдануға толықтай құқылы. Осылайша ол өз пәтерінен қуып жіберу мүмкіндігін жоққа шығарады. Баяндалған жағдайды құжаттай дәлелі болған жағдайда әйелдің сот арқылы пәтерді өзіне қайтарып алуға мүмкіндігі мол.