Атырау, 23 қараша 15:44
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұхиттың ар жағынан келген арба

2 904 просмотра

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының мүгедектеріне Иисус Христос американдық шіркеуінен көмек ретінде арба, балдақ, сүйеу таяқ, ванналарға арналған арнайы орындықтар, ең бастысы – мүгедек арбалары тарту етілді.

Осы өте қажетті бұйымдар діни ұйымдар атынан сыйлыққа берілгенін естігенде, шыны керек, алғашқыда қатты күмәндандым. Қазіргі дәстүрлі емес діни ағымдар саясатқа араласып, қоғамымыздың ең өзекті мәселесіне айналған қиын уақытта осындай кез келген бастамаға қауіптене қарауымыз дұрыс та шығар. Алайда бұл күмәнімді «Мүгедектер Әлемі» ҮЕҰ-ның жетекшісі Күлбаршын НҰРЖІГІТОВАНЫҢ әңгімесі сейілтті:

- Олар Астанадағы кейбір ҮЕҰ-мен әріптестік қызмет жасайды, астанада мүмкіндіктері шектеулі жандарға осындай көмектер көрсеткен. Өткен жылы өткізген ұйымымыздың мерейтойына қатысқан, сол кезде олар біздің мүгедектеріміздің көпшілігіне арба керектігін көріп кеткен. Қазірдің өзінде тек біздің ұйымымыздың есебіндегі 500 адам арбаға мұқтаж. Жыл бойы келіссөздер жүргіздік, міне, енді тек оңалту құрал-саймандарына ғана ие болған жоқпыз, сондай-ақ оларды дұрыс қолдануды да үйренуге мүмкіндік алдық.

Бұл мәселелерден көп хабары жоқ адамдарға мүгедектер былайша түсінік береді: мемлекет тендер өткізгенде, оңалту құрал-саймандарының сапасына емес, алдымен ұсынып отырған  бағасына көңіл бөледі. Мемлекеттік органдар арбаларды бергенде адамның дене бітіміне (бойына, салмағына, денесінің, аяғының ұзындығына және т.б.), жарақат сипатына (жұлын немесе мойын) қарамай, тарата салады. Ал осы техникаларды қалай қолдану керектігін үйрету ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. ЖОБ (жеке оңалту бағдарламасы) бойынша оларға бөлмеішілік арбаны 7 жылға, серуендеу арбасын 4 жыл мерзімге береді. Ал, іс жүзінде, бұл құрылғылар сапаларының нашарлығына байланысты, әрі кетсе, бір жылдан үш жыл мерзімге дейін шыдайды, ол да үнемі жөндеуді қажет етеді.

- Біздің денсаулық сақтау органдары мүгедектерді оңалтуға емес, емдеуге бағытталған. Жүре алмай қалған адамға мемлекет балдақ пен арба береді, алайда оған арбадан орындыққа қалай ауысып отыру керектігін, жаңа жарақаттар алып қалмай, қалай қозғалу қажеттігін ешкім үйретпейді. Адамдар талай соққылар алып, қолдарын қаны шыққанша жырып, арбадан құлап жүріп, өздері үйренеді, - дейді оралдық «Арба» ҚБ-ның жетекшісі Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА.

Оралда мүгедектерді балдақпен немесе арбамен жүріп, өмір сүруге «Арба» ҚБ есебіндегі тәжірибелі арбаға таңылғандар үйретеді. Мұнда мүгедектер арбасының бұзылып қалған тетіктерін жөндетуге де келеді.

Оңалту техникаларын сыйға әкелген топтың құрамында бірнеше физиотерапевтер де бар екен. Олар мүгедектерге өз дене бітімдеріне қарай арбаны қалай таңдау керектігін үйретті. Ал мүгедектер болса, арбаларды қарап, арнайы анатомиялық жастықтарының ыңғайлылығын бағалап, болашақ қозғалыс құралдарының жүріс сапасы мен функционалдық қызметтеріне қызығушылықтарын білдірді. Жұлыны жарақаттанған мүгедектерге дөңгелек табандары тегіс арбалар қажет. Ал мойын омыртқасы жарақаттанғандардың қолдары қозғалмайтындықтан, олар арбаларын өзгеше қозғалтады және оларға қыртыс табанды арба ыңғайлы. Мүгедектер шетелдік мамандардың кеңесімен өздеріне ыңғайлы арбаны таңдай алды. Арбаларды неміс және американдық фирмалар жасаған және өндірушілер оған 5 жыл кепілдік мерзімін беріп отыр. Қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектерді де жеткізіп береміз деп сөз берді сый жасаушылар.

Шетелдіктер мүгедектерге ешқандай діни уағыз айтпады. Семинарда әңгіме тек денсаулық тұрғысында өрбіді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.