
Атырауда бұрынғы жер даулары әлі бітпей жатып, әкімдік тағы да жаңа жерлерді мәжбүрлі түрде алып қою рәсімдерін бастады. Бұл жолы бірден бес кәсіпкердің учаскесі тізімге кірді. «Ақ Жайық» газеті әкімдіктің шынымен басқа амалы жоқ па, әлде бұл олардың әдеттегі тәсіліне айналды ма — соны анықтап көрмек болды.
Тізімге енгендер
Әңгіме Атырау әуежайының айналасындағы 13 шақырымдық аймақта орналасқан бес жер телімі туралы болып отыр.
Мәжбүрлі түрде алынатын нысандардың қатарында кәсіпкер Азамат Хайруллиннің «Атырау Ет Орталығы» кешені, «Қуаныш фермер қожалығы» ШК, Нұтболла Құлбасовтың «Асыл Агро» кәсіпорны, сондай-ақ Людмила Өтеғалиеваға, Ділдә Абдикешеваға және Тұрлан Насыровқа тиесілі нысандар бар.
Барлық бес жер телімі - жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар. Оларды жақында ғана шенеуніктер ашып, жиындарда мақтап, инвестициялық жоба деп атаған еді.
«Атырау Ет Орталығының» тарихы тіпті символдық сипатқа ие. Бірнеше жыл бұрын бұл жобаны үлгі ретінде көрсеткен. Оны әкімдік жанындағы инвестициялық және инновациялық жобалар кеңесі мақұлдап, қызыл лентамен ашқан, заманауи халал кешені әрі өңдеуді дамытудың үлгісі деп атаған болатын.

Кешеннің құрылысы шамамен екі жылға созылды, оған жеке инвестициялар тартылды. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі 10–12 жыл деп есептелген. Демек, кәсіпкер салған қаржысын қайтарып, тұрақты пайдаға шығуды тек 2032–2034 жылдары ғана жоспарлаған.
Құс базары
«Ақ Жайық» редакциясы сұрау салған құжаттарға сенсек, бұл оқиғаның бәрі құстардан басталған.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің нұсқасына сәйкес, құстар қоқыс полигонында, булану алаңдарында, мал базарларында және мал шаруашылығы нысандарында көптеп жиналып, ұшақтың винтіне түсіп кету қаупін төндіреді. Бұл жағдай әуе қауіпсіздігіне қатер келтіреді.
Мәселенің ауқымын түсіну үшін мамандар әуежай маңындағы аумаққа орнитологиялық зерттеу жүргізді. Бұл жұмысты «Авиациялық орнитология орталығы» ЖШС-нің авиациялық орнитологтары Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі мамандарымен бірлесіп атқарды.
Зерттеу нәтижелері қызық болып шықты.
Қалалық қоқыс полигонының үстінде – 1700-ге дейін құс, булану алаңы №1-де – 1500-ге дейін, шағын мал базарында – шамамен 150 құс саналған.
Ал бүгін мәжбүрлі түрде алынатын қожалықтардың бірінде бар болғаны 13 құс анықталған.
Сонымен бірге, Авиациялық әкімшілік құжаттарында қоқыс полигонын көшіру қажеттігі де жазылғанымен, бұл мәселе жылдар бойы қағаз жүзінде қалып отыр. Ал жеке кәсіпкерлердің жерін тартып алу рәсімі әлдеқашан басталып кеткен.
Мүмкін, кәсіпкерлермен тартысу қоқыс үйіндісін көшіруден жеңілірек болғандықтан осылай істеп жатқан шығар.
Ал қолдау мерзімі асқан тұрмыстық қалдықтар полигоны — Атыраудың ең ескі әрі шешілмей келе жатқан мәселелерінің бірі. Бұл проблема әр жаңа әкімдік келген сайын еске алынады, бірақ іс жүзінде ешқандай нәтиже болмайды.

Сондықтан бұл оқиға тек ұшу қауіпсіздігі үшін күрес емес. Бұл — мемлекет кіммен күресуді жеңіл көреді дегенді де көрсетеді.
Атырауша дежавю
Бұл оқиға сізге таныс болып көрінсе, қателеспейсіз.
Атырау бұған дейін де жерді мәжбүрлі түрде тартып алу жөніндегі даулы жағдайларды бастан өткерген. Мысалы, Щербактар отбасы «Ақ Жайық» қонақүйінің жанындағы жер телімі үшін соттасып жүр, ал әуежай маңындағы «Натали» кафесінің иелері мемлекетпен ұзаққа созылған дауға тап болған.
Қазір қала билігі тағы да осындай жағдайға ұшырап отыр.
Әрине, ұшу қауіпсіздігі — таласуға болмайтын дәлел. Егер нысан тиісті жерде тұрмаса, мәселені шешуге тура келеді. Бірақ бұл оқиға басқа сұрақтарды да туындатады.
Бүгінде авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деп танылған жобалар бірнеше жыл бұрын неліктенмемлекеттік қолдауға ие болған? Неге сол билік өкілдері алдымен жаңа кәсіпорындарды ашып, инвестициялар мен жұмыс орындары туралы айтып, енді жерді мәжбүрлі түрде тартып алу рәсімін бастап отыр? Неліктен бұл жағдайға жеткізді?
Айтпақшы, жерді тартып алу рәсімі басталған сәтте блогерлер дәл осы нысандардағы заңбұзушылықтарға ерекше назар аудара бастады. Бұл жай ғана сәйкестік пе? Әркім өзі шешеді.
Бірақ бұл жағдайдың мәнін өзгертпейді. Өйткені басты проблема – басқарушылық шешімдер. Олардың салдарын жылдар өткен соң ең ауыр жолмен шешуге тура келеді. Егер тағы да дұрыс қорытынды жасалмаса, біраз уақыттан кейін «Ақ Жайық» газеті мемлекет тарапынан жері мәжбүрлі түрде тартып алынған жаңа кәсіпкерлер туралы тағы бір мақала жариялайтын болады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +30