
Ресейдегі жанармай жеткізіліміндегі іркілістер бүкіл Орталық Азия аймағын алаңдатып қойды. Қазақстан ірі мұнай өндіруші ел болғанына қарамастан, мұнай өнімдерін сырттан тасуда әлі де солтүстік көршісіне айтарлықтай тәуелді. Жанармай құю бекеттері мен әуежайларда отын тапшылығы сезіле ме, бұл туралы vedomosti.ru хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде Қазақстан Ресейден 2,2 миллиард долларға бағаланған отын-энергетика тауарларын импорттаған. Ресейден бізге бензин, дизель, сұйытылған газ және тапшы авиакеросин әкелінеді.
Зауыттарға соққы және жоспарлы жөндеу жұмыстары Ресей нарығындағы кез келген іркіліс Қазақстанның логистикасына бірден әсер етеді. Бұл ретте ең осал тұсымыз — Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ). Ол тарихи тұрғыдан Ресейдің құбыр желісіне байланған және негізінен көрші елден келетін шикізатты өңдейді. Сондықтан ол жақтағы кез келген іркіліс еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін жанармаймен қамтамасыз етуге уақытша соққы болып тиеді.
Жағдайды отандық отын-энергетика кешенінің негізгі мәселесі — зауыттардың жоспарлы жөндеу жұмыстары одан әрі күрделендіріп отыр. Өйткені жөндеу жұмыстары жанармайға деген сұраныс ең жоғары уақытқа тұспа-тұс келеді:
Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) дәл қазір жөндеуге тоқтатылған — жұмыстар 15 шілдеге дейін жалғасады.
Павлодар мұнай өңдеу зауыты (ПМХЗ) күзде — 18 қыркүйек пен 17 қазан аралығында техникалық қызмет көрсетуге жабылады.
«PACE Analytics» талдау компаниясының директоры Асқар Исмаиловтың айтуынша, отандық зауыттар ел аумағында біркелкі орналаспаған, ал оларды жаңғырту жұмыстары отын көлемін арттыруға емес, сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, көлік санының артуы, жүк тасымалы және егін жинау науқандарына байланысты ішкі нарықтың сұранысы да тез өсіп келеді.
Бензин жетеді, бірақ өзіндік ерекшелігі бар Әзірге Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Елде 1,1 миллион тонна бензин мен дизель отынының қоры жасақталған — шенеуніктер бұл көлем жазғы маусымға толық жететініне сендірді. Сарапшылардың айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты тоқтағанға дейін билік Аи-92 бензинінің 34 күнге, ал солярканың 32 күнге жететін қорын жинап үлгерген.
«Жөндеу жұмыстарының өзі елде үлкен дағдарыс тудырмауы керек. Кейбір жанармай бекеттерінде уақытша іркілістер болуы мүмкін, бірақ бұл елде отынның жоқтығынан емес, көбіне логистикаға, ҚТЖ-ның жүктерді уақытылы жөнелтпеуіне және аймақтар арасындағы бөлініске байланысты болады», — деп түсіндіреді Асқар Исмаилов.
Тапшылықтың алдын алу үшін министрлік бензин мен дизель отынын автокөлік және теміржол көлігімен (соның ішінде ЕАЭО елдеріне) сыртқа шығаруға салынған қатаң тыйымның мерзімін ұзарту туралы бұйрық жобасын дайындап қойды.
Ең қауіпті аймақ — авиакеросин Егер бензин бойынша Қазақстан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алса, әуе қатынасы саласындағы жағдай әлдеқайда күрделі. Қазақстандық зауыттар жылына шамамен 750–760 мың тонна авиакеросин өндіреді, ал елдің нақты тұтыну көлемі 1,2 миллион тоннадан асады. Арадағы жетіспейтін айырмашылық әрдайым Ресей есебінен жабылып келген.
Сарапшылар егер Ресейдегі дағдарыс ұзаққа созылса, жылдың екінші жартысында отандық авиакомпаниялар мен әуежайлар үлкен қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін ескертеді. Қазірше тапшылық жоқ, бірақ жағдай қыл үстінде тұр.
Контрабандамен күрес және Қытайға назар аудару Шекара бақылауда: Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Премьер-министр Олжас Бектеновке арнайы мобильді топтардың Қазақстанның арзан жанар-жағармайын Ресейге және басқа елдерге заңсыз алып кету әрекеттерінің жолын кесу үшін шекара маңындағы аймақтарды тәулік бойы күзетіп жатқанын баяндады.
Сонымен қатар, Астанада жағдай нашарлаған жағдайға арналған «Б жоспары» қарастырылуда. Сауда және интеграция министрлігі үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан жанармай әкелу кезінде қолданылатын импорттық кедендік алымдарды (пошлиналарды) жою туралы ұсыныс білдірді.
В Атырау +31