– Біз Атырау локомотив депосының маңында тұрамыз. Тәулік бойына шуыл тұрады, ал түнімен тепловоздар гуілдейді. Қандай да болмасын шектеулер бар ма?
Телефон арқылы
Сұраққа «Локомотив» АҚ Атырау филиалы (Атырау локомотив пайдалану депосы) директорының міндетін атқарушы Орынбасар БАЙДОСОВ жауап берді:
– ТЭ33А сериясындағы Қазақстаннан шығарылған жаңа тепловоздардың дыбыстық сигнал деңгейін анықтау мақсатында Оңтүстік-шығыс өңіраралық темір жол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің еңбек гигиенасы жөніндегі ОСГН өкілдері «Локомотив» Алматы филиалы өкілдерінің қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соған сәйкес, дыбыс сигналының шекті рұқсат етілген деңгейі рұқсат етілген 120 дБ норма бойынша 104,2 дБ құрайтынын анықтады. ТЭ33А сериялы тепловоздың дыбыстық сигнал деңгейінің «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» ҚР Заңдарының талаптарына сәйкестілігі туралы қорытынды берілді.
Бұдан басқа, 2012 жылдың 22 маусымында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның өндірістік алаңдарында «Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМКК мамандары ТЭ33А сериялы №0116 тепловозға тексеру жүргізді. Соның барысында дыбыстық сигналдың рұқсат етілген шуыл деңгейінде екенін анықтады. Рұқсат етілген норма 120 дБ болғанда тифон қолданғанда 106,6 дБ, 105 дБ нормасымен ысқырық қолданғанда 101,6 дБ құрайды.
Тұрғындардан түскен шағымдарды ескеріп, біз дыбыс сигналының деңгейін азайту немесе тифон құрылымын өзгерту мәселесін қарастыру үшін General Electric компаниясына (ТЭ33А сериялы тепловоз жобасын жасаушы) хабарласқан едік. Жоба жасаушы құрылғының құрылымдарын өзгерту жұмыстарын жүргізді. 2013 жылдың шілдесінен бастап күні бүгінге дейін өзгертілген құрылымдағы дыбыс сигналдары аталмыш сериядағы 26 тепловозға орнатылды. Жыл аяғына дейін оны пайдаланылып жүрген осы сериядағы бүкіл тепловозға орнату жоспарланды.
Теміржолдың аса қауіп көзі екенін атап өткім келеді. Соған байланысты елді мекендер арқылы пойыздар өткен кезде дыбыс сигналдарын қолдану қажетті әрі мәжбүрлі шара боп табылады және ҚР теміржолдарындағы сигнал беру жүйесінің нұсқаунамасымен реттеледі.