
Құрманғазы ауданында жер дауы өршіп, бірнеше жылдан шешімін таппай келеді. Жуырда бір топ шаруагерлер жиналып, наразылық білдірді.
"АЖ" тілшісі мән-жаймен танысу үшін арнайы іссапармен барып келді.
Жалпы Қиғаш өзенінің асып тасуы жыл сайын көктемде болып тұрады. Биыл да мол су келіп, жайылым мен шабындықтардың біраз бөлігін су басқан еді. Ал жергілікті тұрғындар "Бедыр" деп атап кеткен жер ең шұрайлы мал өрісі болып саналады.
Бүгінде іргедегі Рамазан көлшігінің біраз бөлігін су басқан, су қайтқаннан кейін көкорай шалғынға оранып жатады.
Шұрайлы жерде Құрманғазы, Хиуаз, Орлы, Ақкөл, Жұмекен ауылдарының фермерлер, жеке шаруагерлер, тіпті тұрғындардың азын-аулақ малы аралас, құралас болып жатқаны.
Алайда соңғы кездері мал көбейгендіктен өріс тарылып, фермерлер мен жеке шаруалардың арасында алауыздық пайда болған. Бұл текетірістің ақыры неге соқтыратынын аудандық әкімшілік те шеше алмай отыр.
Шаруагерлер Ғалымжан Қабдолов пен Асқар Сатыбалдиевтің айтуынша, жер дауы бүгін көтеріліп отырған жоқ, бірнеше жылға созылған.
- Осы жерде 3 ірі шаруа қожалығының малы да бар. Берілген жер мал санына сәйкес келмейді, сыйымдылығы ескерілмеген. Бұл жөнінде аудандық әкімшілікке, прокуратураға арызданып бардық, бірақ нәтиже шықпай тұр. Осы себептен жер дауы өршіп тұр. Жуырда жиналыс болып, аудан әкімі бір ірі шаруа қожалығына "100 гектар жеріңіз бар, тек 50 бас ірі қара әкеле аласыз" деді, бірақ ол фермер құлақ аспай отыр. Ал ол жерге 3 шаруа қожалығы жүздеген малымен келіп, қоныстанып алған. Жаз бойы осы жерде малын жайып, кейін күзде қыстақтарына көшеді. Айналғанда жайылымдық жерді тақырлап кетеді, ал біздің малымыз қысы-жазы осы жерде. Жұтаң өрістің кесірінен малымыз арықтап, күйін жойып болды. Ал біз малмен ғана күнелтіп отырмыз,-дейді олар.
Олардың айтуынша, кейбір шаруашылықтар су тасқынынан кейін қырдағы учаскелері су астында қалғандықтан бұл жерді уақытша маусымдық жайылым ретінде пайдаланады. Алайда негізгі салмақ ауыл маңындағы өрістерге түсіп отыр.
Аудандық Мәслихаттың депутаты Айбек Зиноллаев он жылға созылған жер дауының оң шешімін таппауы қынжылтып тұрғанын жасырмады.
Кейбір шаруалар жер алудың қиындығын сөз етті. Малды көптеп өсірейін десе жер тапшы.
Осы жайттарды тізген шаруагерлер бұл жайдың оң шешілуін талап етіп аудандық әкімнің кабинетіне кірді.
Бұдан бұрын да дауға айналған бұл мәселе турасында аудан әкімі Абат Жанғалиев біраз жайдың бетін ашты. Ауыл тұрғындарының бес-алты малына ешқандай кедергі жоқтығын, ал кейбір шаруагерлердің жүздеп, елулеп мал ұстап отырғанын, оны ресми тіркетпей отырғанын ашып айтты.
- Айтып отырған жерлерің елді мекеннің іргесінде емес, 5-6 км қашықта орналасқан. Жүздеген малдарың болғанымен шаруа қожалығын құрмай отырсыңдар. Жер жетеді, соған сай жер аласыңдар. Әкімшілік тарапынан қолдау болады. Малды көптеп өсіріп, ресми түрде тіркесеңдер көмек те болады. Ал кейбір шаруагерлер бұдан қашып отыр, сырттан мал әкелесіңдер, ол уақтылы тексерілмесе мал арасында ауру тарауы мүмкін,-дейді әкім.
Жер дауына байланысты сұрақтар қойылды. Аудандық әкімшілік заңды екенін айтқанымен жеріне малы сәйкес келе ме деген сұраққа жарытымды жауап бермеді.
Осы жер дауының туындауына байланысты шаруа қожалығының төрағасы Тілекқабыл Қарабалаев байланысқа шықты.
- 100 гектар жерге 350-ге жуық ірі қара малын түсіріп отырмын. Маған 50 бастан артық болмайды деді, бірақ маған тиесілі қырдағы "Қызылмұрын", "Жантеле" учаскелерімді су басып кеткен. Амал жоқ, ірі қараны осы жерге алып келіп отырмын. Ал жылқым басқа жерде. Мамырда малыммен осы жерге көшіп келсем тамызда су қайтқасын, яғни, екі ай ғана отырып, қырлыққа көшем. Маған күзге дейін отырады деуі жала. Мал өсіміне қарай 3 жылдан бері жер ала алмай келемін,-дейді Қарабалаев.

Бұл даудың сипаты көрші шаруашылықтар арасындағы қарапайым келіспеушіліктен әлдеқашан асып кеткен.
Жалпы ауданда 2 млн гектардың үстінде жер бар. Алайда су қоры проблемаға айналған, жерасты суы ащыланып кеткен. Бұрын 5-6 метрден су шықса, бүгінде ол тереңдеп кеткен.

Аудандық әкімшіліктен шыққан шаруагерлер қоғамдық кеңес, депутаттар, мамандармен бірлесіп, маусымдық жайылымдық жердің гектарын біліп, соған сай мал басын анықтау арқылы жер дауына нүкте қоймақшы.
Ал әзірге аудандағы жер дауы өршімесе, азаятын түрі жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретер мен видеоны түсірген автор
В Атырау +32 

