
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум басталды.
Ауқымды іс-шараның ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Симпозиумға әлемнің 20-дан астам елінен келген делегациялар — тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркологтар, нумизматтар мен дипломаттар қатысуда.
Мемлекет басшысы бүгінде ешбір тарихшы Ұлы Далада салтанат құрып, Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан айбынды Алтын Орда империясының қуаттылығына күмән келтірмейтінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл держава Батыс пен Шығысты тоғыстырған, түрлі өркениеттердің өркендеуіне және жаңа мемлекеттердің қалыптасуына тікелей ықпал еткен ең ірі саяси құрылым болды. Президент Алтын Орда шежіресі әлі де іргелі зерттеулердің өзегі болып қала беретінін және өз маңызын ешқашан жоғалтпайтынын қадап айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығын білдірді. Оның пайымдауынша, бұл симпозиумның халықаралық беделді ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының жаһандық деңгейдегі тарихи мән-мағынасын тағы бір мәрте айшықтай түседі. Президент ЮНЕСКО-мен тиімді серіктестіктің арқасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері мен бірнеше көне қалашық еліміздің атынан Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін еске салды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін мемлекеттің материалдық емес мәдени қазынасын сақтау және оны кеңінен дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Алтын Орда кезеңін де қамтитын және ел билеген тұлғалар туралы құнды мәліметтерді топтастырған «Хандар шежіресі» қолжазбасының халықаралық деңгейде ресми мойындалғанын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Алтын Орда тарихы — бір ғана мемлекеттің шеңберіне сыятын дүние емес, бұл — бүкіл адамзатқа ортақ шежіре. Ол бұл тақырыпқа тек Қазақстан мен Ресей ғана емес, сонымен бірге Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдерінің зерттеушілері де үлкен қызығушылық танытып отырғанына назар аударды.
Президент өз сөзінде тарихқа шынайы әрі саяси тұрғыдан бейтарап көзқарас қалыптастырудың аса маңызды екеніне басты екпін жасады. Ол «тарихты тек мықтылар жасайды және жеңімпаздар жазады» деген ұстанымның ғылымға мүлдем жат екенін мәлімдеді. Мұндай біржақты тәсіл кіші және орта мемлекеттерге тарих сахнасының артқы қатарындағы «көрермен» рөлін әділетсіз таңып келді. Осы ретте Қазақстанда дала империяларын «шала мемлекет» деңгейіне түсіріп, көшпелі халықтарды тек стихиялы, жабайы күш ретінде көрсетіп келген ескірген догмалар мен қасаң қағидаларды қайта қарау үдерісі белсенді басталды.
Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи шындықты қалпына келтіру жұмыстары өткен шақты соқыр сезіммен дәріптеуге (идеализация) ұласпауы тиіс екенін ескертті. Оның айтуынша, тарих өзін-өзі сүйсіндіру үшін өтірік айтуды немесе жалған мақтануды көтермейді, ал ортақ мұраны тек бір ұлттың меншігіне айналдыруға тырысу ғылымды құлдыратып, елдер арасындағы өзара сенімсіздікті арттырады.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда тарих беттерінен тек соғыстар мен қақтығыстардың қасіретті хроникасын іздемей, жасампаздықтың, өзара диалог пен бейбіт қатар өмір сүрудің оң мысалдарын табудың маңызы зор екенін мәлімдеді. Президенттің пайымдауынша, саясаткерлер араға қабырға тұрғызған тұста тарихшылар қауымы ғылыми дипломатия мен «жұмсақ күштің» өкілдері ретінде халықтар арасында алтын көпір сала алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін Алтын Орда дәуірі — отандық тарихтың ажырамас бөлшегі әрі өркениеттік эволюцияның маңызды кезеңі екенін қадап айтты. Сондықтан ол Ұлы Дала шежіресін тек шайқастар мен соғыстарға ғана тіреп қоймауға шақырды. Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай біржақты, тар түсінік Алтын Орданың көпқабатты әрі күрделі тарихын бұрмалап көрсетеді.
Президент қазіргі ғылымның пәнаралық жоғары даму деңгейі Алтын Орданың мол мұрасын жаңаша әрі шынайы зерттеуге кең жол ашатынына сенім білдірді.
В Атырау +26.9