Рүстем СЫЗДЫҚОВЕлімізде діни жат ағымдармен күрес жұмыстары қарқынды жүруде. Осы шаралар шеңберінде облыстық дін істері агенттігі басқармасының шақыртуымен Атырау қаласына келіп-кеткен Қарағанды облысының ақпараттық-насихат тобының мүшесі, дінтанушы маман Рүстем СЫЗДЫҚОВПЕН болған әңгімемізді ұсынамыз.
- Рүстем Мәлікұлы, дәстүрлі ислам дегеніміз не, ал радикалды ислам дегенді қалай түсінеміз?
-Ислам радикалды және дәстүрлі деп екіге бөлінбейді. Ол бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал исламның атын жамылған, әлемде және біздің елімізде сегрегация мен зорлау саясатын тудыратын түрлі деструктивті ағымдар - ислам дінінен емес. Олар ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдар. Ислам дінінің зорлыққа, қылмысқа, кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ. Идеялық орталықтары шет елдерде орналасқан кейбір жыртқыш топтар ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланып, террор саясатын үндейді. Ал, оның негізінде, белгілі мемлекеттердің билік элиталарының табиғи ресурстарға, күкіртсутекке немесе ықпал етушілікке деген геосаяси қызығушылықтары жатыр.
- Осындай радикалды топтардың қатарына қосылмау үшін не істеу керек?
-Қазақстан территориясындағы барлық мешіттер ресми тіркелген заңды тұлға саналады, олар Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының филиалдары болып есептеледі. Мешіттен басқа жерлерде, жабық орындарда діни уағыздар тыңдауға, дәрістерге қатысуға болмайды. Көбіне оқу орталықтары немесе қайырымдылық қорлары болып қайта жасақталған пәтерлерде осындай сабақтар оқытылады. Дәл сондай жерлерде жамағатты маргинализациялау процестері жүреді. Егер адамның діни сенімін өзгертсе, ол моральдық тұрғыдан дәстүрлі ислам дінін ұстанатын мұсылмандарға, христиандарға, буддистерге және т.б. қатысты қандай да болмасын дискриминациялық қимылдарға дайын болады. Яғни, оларда дәстүрлі исламның қағидаттарына сыймайтын шыдамсыздық сенімі пайда болып, олардың «дұрыс» сенімдерін түсінбейтін біздің қоғамның «субъектілеріне» деген қарама-қарсы қатынастары басталады. Ал енді басына орамал таққан, сақалын өсірген, балағын кескен адамдардың барлығын бірдей адасқан ағымдар мүшесі деп айту мүлде дұрыс емес. Ол тіпті адамгершілікке де жатпайды. Әрине, ондай адамдарға күдікпен қарауға болады, дегенмен алдымен олармен сөйлесіп, арнайы сұрақтар қойып, берген жауабына қарап отырып байқаймыз. Егер жат ағымның мүшесі болса, онда оларға адасып жүргендіктерін жұмсақ мінезбен, хикметпен айтып түсіндіру керек, ғылыми тұрғыда көздерін ашу керек. Мешіттерде, басқа жерлерде де кездесіп жатсақ, оларға «кітапқа жүгініп қарайық, көрейік, талдайық» деп кеңес беріп, шақырамыз. Ал «сен уахаббитсің, сен салафисің» деп табалау – наданның ісі. Бұл жерде өте абай болу керек.
- Сонда ел аралап, ислам дінін насихаттап жүрміз дегендерді радикалды ағымның ұстанушысы деп айтуға бола ма?
- Егер ондай шаралар мешіттің бағдарламасына, жобасына, форматына сай келмесе, онда ондай топтарды, кемінде күмәнді топ дейміз де, ал адамдарды өздеріне тартып, олар кейін мәселен, Сирияға соғысуға кетіп жатса немесе ата-аналарын кәпірлер деп атаса, онда адамдарды мақсатты түрде адастыратын топ деп айта аламыз.
- Неге адамдар адасып, секталарға көп түседі? Мешіт имамдарының олқылығынан ба?
-Қазір біздің елдің әр облысындағы мешіт имамдары арнайы дайындықтардан өткен. Мүмкін, ертеректе осындай жағдайлар болған шығар, ол кезде араб елдеріне, Египетке, Ливанға немесе Түркияға барып оқып келген имамдар болған жоқ. Ал қазір жағдай басқаша. Керісінше, осындай діни топтардың басшылары «шейхтары» біздің имамдардың ғылыми дәйектері, дәлелдері мен пікірлеріне жауап бере алмай жатады, олар жалпы ашық пікірталасты ұнатпайды, келіссөздер жүргізуге, дін туралы туындаған сауалдарға ғылыми түрде жауап беруден қашады, себебі басым көпшілігі дүнияуи және діни сауатсыз. Ал ислам – бұл нағыз ғылым: тафсир, хадис, фикх, діни сенім және т.б. Олардың ешқайсысы кездескілері келмейді. Барлығы да біздің сауатты теологтарымызбен, имамдарымызбен, наиб-имамдарымызбен сөйлесуден бас тартады. Бірақ әр жерде шағын топтарды жинап алып, имамдарды нағыз сауатсыз деп көрсетіп, дінге өзгерістер енгізеді, яғни адамның артынан сөз айтады. Өздерінің қол астындағы жамағаттарын имамдарға жолықтырмауға тырысады, себебі олар имамдарды тыңдап, адасып жүргендерін түсініп қояды деп қорқады.
- Сонда біздің жастарымыз шындық пен өтіріктің арасын ажырата алмай жүр ғой.
-Иә, тек жастар ғана емес. Өкінішке орай, қоғамның көпшілігінде дәстүрлі ислам діні туралы ақпараттар аз, «ислам» мен «мұсылман» сөзінің мәнін жете түсінбейді, діни сенім деген не, жаратушы туралы не айтып, не қою керек екенін де білетіндер кемде-кем. Бұл біздің діні, тілі, ділі, тарихы бұзылған КСРО шеңберінде 70 жыл бодан болғанымыздың нәтижесі. Және тағы бір себебі – қазақтардың діни сауатсыздығы мен ұлт ретінде өзін-өзі тануының төмендігі. Сондықтан олар шетелдің идеологиялық орталықтарының жетегінде кетеді. Шетелге кеткендерді қайтару үшін де жұмыстар жалғасып жатыр. Олардың туыстарымен, балаларымен сөйлесіп, байланысқа шығуға тырысамыз. Бауырларымыздың бұлай шетелге кетуі – интернет ресурстардағы ұлтымызды адастырып жатқан шет елде отырған «шейхтардың» сөзіне еріп, адасқандары. Әрине, біз ешкімді зорлап, шетелге барма деп тыйым сала алмаймыз, дегенмен олардың адасып жүргенін түсіндіруге тырысып бағамыз.
- Діни әдебиеттерді, базарлар мен дүкендердегі кітаптарды оқи беруге бола ма? Мектептерде дінтану пәндері қашан оқытылады?
-Соңғы ақпараттарға сенсек, Білім министрлігінің бағдарламасы бойынша, 2017 жылдан бастап ҚР дінтану факультативтік емес, негізгі пән болып енгізіледі. Егер діни кітаптар алғыңыз келсе, міндетті түрде алғашқы беттерінде ҚМДБ-ның немесе ҚР Дін істері Агенттігінің сараптамасынан өткен деген жазуы бар кітаптарды алған жөн. Егер ондай жазулар болмаса, міндетті түрде жергілікті дін істері басқармасына хабарласу керек. Тағы бір айтарым, мемлекет басшысы айтқандай, экстремизммен күрес дінмен күреске айналмауы тиіс. Бізде сонымен қатар, мешіттер мен имамдарға қарайтын, ханафи мазхабын ұстанатын дәстүрлі жамағат бар, қандай жағдай болмасын, оларға діни қысымшылық көрсетуге болмайды. Егер біз дәстүрлі ислам өкілдерін заңсыз, негізсіз қудалайтын болсақ, қоғамда дискриминацияға ұшыратсақ, соңында олар нағыз радикалдарға айналуы мүмкін. Бізде осындай қайғылы фактілер орын алған. Өкініштісі сол, қоғамда қазір осындай тенденция – зайырлы радикализм белең алып барады. Кейде діннің бүге-шүгесін түсінбей, теологтардың, дінтанушылардың, имамдардың пікірін сұрамай, кез келген намаз оқып, орамал таққандарды, сақал өсіргендерді уахаббиттер деп атап, оларға қысым көрсетіп, жұмысқа алмай, оқу орындарынан шығарып жатады. Егер деструктивті ағымдар мен секталардағы зұлымдықты жеңгіміз келсе, мұндайға жол бермеу керек деп есептейміз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА