
Орал қаласында XIX ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы фотографтарға, фотосурет ісінің қалыптасуы мен дамуына арналған альбом-каталог жарық көрді.
Революцияға дейін фотографтарды «жарықпен сурет салушылар» деп, ал фотографияны – «жарықпен сурет салу» деп жиі атаған.
Кітаптың авторы – өлкетанушы Денис Алёхин. Ол өңірде жарықпен сурет салудың пайда болуын егжей-тегжейлі әрі қызықты сипаттап, фотосурет өнерінің дамуын, жаңа жанрлар мен стильдердің қалыптасуын, оралдық фотоательелердің атрибутикасын талдайды, бұрыннан белгілі және мүлде беймәлім болып келген жарықпен сурет салушылар туралы баяндайды.
Айта кету керек, бұған дейін мұндай зерттеу жүргізілмеген. Осыған байланысты бұл көркем басылымның бірегейлігі ерекше. Жинаққа бүкіл Орал облысында түсірілген кәсіби, студиялық және әуесқой ескі фотосуреттер енген.
Автордың айтуынша, кітапқа қажетті ақпаратты (фотосуреттерді, тарихи деректерді, архивтік мәліметтерді) жинауға ол бес жылын арнаған.
«Мамандығым - инженер, бірақ бала кезімнен-ақ туған өлкеміздің тарихын зерттеуге қызықтым. Өлкетану мен үшін жай ғана хобби емес. Ол ондаған жылдар бойы өмірімнің қызықты әрі тартымды бөлігі болып келеді, – дейді Д. Алёхин. – Бір күні тұрғындардың революцияға дейінгі суреттерін, Орал қаласы мен Орал облысының көріністерін жинап, альбом жасау идеясы пайда болды. Әрбір оқырман біздің көне қаламыздың бай әрі алуан түрлі тарихын сезіне алсын дедім. Бұл альбомды қолына алған әр адам жаңа әрі қызықты дүниелер ашады деп үміттенемін».
Кітаптың бір бөлігі сол кезде Орал облысының құрамында болған Гурьев фотографтарына арналған. XIX–ХХ ғасырлар тоғысында небәрі 10 мыңдай тұрғыны бар шағын қалашықта тұтас бір топ фотосурет шеберлері еңбек еткен.
Революцияға дейінгі Атыраудың басты фотошежірешісі деп Владимир Нечаевты атауға болады. Ол қаланың көріністерін түсіріп, кейін олар пошта ашықхаттарында кеңінен таралған. Дәл осының арқасында біз, бүгінгі ұрпақ, ескі Гурьев көшелерінің қандай болғанын аз да болса елестете аламыз.
Фотографтар, әдетте, білімді адамдар болған, олар уезд орталығының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан. Мәселен, 1917 жылы Владимир Нечаев қазан айында құрылған Гурьев музыкалық-драмалық үйірмесінің басқарма төрағасы болып сайланып, спектакльдерді қоюшы әрі әртүрлі рөлдерді орындаушы ретінде танылған.
Фотограф Павел Нечаев (мүмкін Владимирдің туысы) негізінен отбасылық фотоальбомдар үшін студиялық түсірілімдермен айналысқан.
Михаил Поликарпов (1848, Гурьев – 1913, Гурьев) туралы көптеген өмірбаяндық деректер жинақталған. Ол дворян әулетінен шыққан, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын тәмамдаған. Михаил Иванович өмірінің көп бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған: орыс тілі мұғалімі, әскери шаруашылық басқармасында қызметкер, іс жүргізуші-хатшы, губерниялық хатшы болып жұмыс істеген. Сонымен қатар қайырымдылықпен де айналысқан.
Оның түсірген суреттері француз саяхатшысы Поль Лаббенің «Ресей жолдарымен. Волгадан Оралға дейін» атты кітабын көркемдеген. Лаббе Прикаспий өңіріне 1898 жылы келген.
Михаил Поликарпов көпес Федот Тудаковтың қызына үйленген. Федот Тудаков – Успен шіркеуінің негізін қалаушы. Поликарпов қайтыс болғаннан кейін сол шіркеудің қоршауында, храм қабырғасының жанында жерленген.
Сонымен қатар, Ресей мемлекеттік тарихи архивінің деректеріне сәйкес, Гурьевте фотосуретпен Павел Львов (Қазан губерниясының шаруасы), Алексей Пичугин (Нижегород губерниясының шаруасы), Дмитрий Шеин (Астрахан губерниясының шаруасы), сондай-ақ Д.Е. Крестов пен Максимов айналысқан.
Өкінішке қарай, фотошежірешілердің еңбектерінің бәрі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Тіпті олардың бірде-бір фотопортреті сақталмаған.
Осы және басқа да көптеген тарихи, өлкетанулық деректерді жаңа кітаптан табуға болады. Ол кең оқырман қауымына, көне дәуірді сүйетін әрі бағалайтын барша жанға арналған.
Лев ГУЗИКОВ
Фотосуреттерді Д. Алёхин ұсынды, сондай-ақ автордың жеке архивінен алынды
В Атырау -10 





