
Индербор кентінен 8 шақырым жерде орналасқан орасан зор байлығы бар тұздыкөл инвесторларды қызықтырғанымен оның болашағы туралы нақты тұжырым жасалмауда. Күдік көп, үміт аз болып тұр.
17 наурызда аудандық әкімдік өкілдері, Мәслихат төрағасы, полиция, «АЖ» журналисі және белсенділер қатысқан көл басында өткен көшпелі жиында келелі мәселелер талқыланды. Жалпы көлге талас, тартыс басталғалы жергілікті тұрғындар да мазасыздана бастаған. Көлге көз тіккендердің мақсаты не?

1995 жылы Индер көлі ерекше маңызы бар немесе ерекше ғылыми құндылығы бар су айдындарының тізіміне енгізілді. Мұндай су айдындарын пайдалануға беру шектеледі немесе тиым салынады делінген. Көлді қорғау екі нормативтік құжатпен бекітілген: біріншісі, 2006 жылы 28 қыркүйектегі №932 «Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры обьектілерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы, екіншісі, 2007 жылғы 21 маусымдағы №521 «Ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау обьектілерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы.
Бұл мәртебеге қарамастан, «Аралтұз» АҚ және «АралСода» ЖШС компанияларына барлау жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше рет лицензия берілген. Кейін көл ерекше қорғалатын аймақтар тізімінен шығарылып, инвестиция тарту мақсатында ашылған. Бұл жөнінде тиісті шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдаған.

Бұл шешіммен қоғам белсенділері келіспейді.
- Осы қаулы нақты бекітілгенімен, заңнамада ерекше қорғалатын аймаққа жатқанымен 2021 жылдың басында Индер көлі аумағы «Аралтұз» АҚ мен «АралСода» ЖШС-не барлау жұмыстары үшін лицензия беріледі. Барлау жұмысы бұрын жасалған жоқ пе еді, Кеңестік Үкімет кезінде тұз көлінің аумағы, қанша қоры бары екені дәлелденіп қойылған жоқ па. Әбден бірнеше жыл өткенде аталған мекемелер барлау жұмысын жүргізбекші, бұл қалай. 2022 жылы бұл мекемелерге лицензия да берілген, ол аз болғандай, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің инвестиция тарту үшін Индер көлін ерекше қорғалатын аймақ тізбесінен шығару жөніндегі ұсынысы мақұлданып кетеді. Яғни, Инвестициялар тарту жөнінде кеңес отырысында бұл ұсыныс қаралып, отырыс қорытындысы бойынша Министрлікке ҚР Үкіметінің тиісті қаулысының жобасын дайындау тапсырылады. Менің ойымша құйтырқылықтың салдарынан ҚР Үкіметінің қаулысымен 2024 жылдың 22 қарашасында көл тізбеден шығарылып тасталады. Шындап келгенде «АралТұз» АҚ мен «АралСода» ЖШС мүдделерін қорғау үшін экологияға зиян келтіре отырып, лоббилеу болып көрінеді және бұл экологияны қорғауға міндетті министрліктің қатысумен жүзеге асырылып отыр. Осының бәрін саралай келе Премьер Министр Скляр қоғамдық тыңдау өткізу жөнінде тапсырма береді,-дейді қоғам белсендісі Есенбай Нұров ашына жеткізіп.
Е. Нұров бұдан әрі көлдің ерекше қорғалатын аймақтан алынып тасталуы жергілікті тұрғындар арасында да резонанс туғызып, ҚР парламентінің Мәжіліс депутатты Перуашевқа шыққанын айтады . Өткен жылы депутаттың сауалына Экология және ресурстар Министрі Е. Нысанбаев қаулы жобасын қарау барысында Атырау облысының әкімдігі «Инновациялық білім беру ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау өткізді деп жауап береді. Шындығында бұған дейін бірде-бір рет қоғамдық тыңдау өтпеген болып шықты.
-Ерекше қорғалатын аймақтың тізбесінен алынып тасталғаннан кейін ауданға инвестор ретінде «АралТұз» АҚ мен «АралСода» ЖШС мекемелері келіп, барлау жүргізбекші. Мақсат инвестор тартып, көлді игеру, жұмыс көзін көбейтіп, ауданда сонымен бірге туризмді дамыту көзделіп отыр. «АралТұз» АҚ 2022 жылы экологиялық лицензия алған. Осының қорытындысы негізінде тұз өндірмекші. Осыған байланысты жергілікті тұрғындапр арасында қоғамдық тыңдау өткізілмекші. Бұған дейін ауданда қоғамдық тыңдау өткен жоқ,-дейді аудан әкімінің орынбасары Айболат Сансызбаев.

Қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллин тұзды өндіруге келгендер өз мүдделерін ойлап, көлді талан-таражға салып, келешегі қиын болатынын айтса, ал Бөдене ауылының тұрғыны Байжан Шыңғалиев әлден-ақ жердің эррозияға айналып, болашақта мал жайылымынан ада болатынын ашына жеткізді.
Шегініс жасап көрелік. Нақтырақ айтсақ бұған дейін де көлге қызығушылық танытқандар бар болып шықты. 2020 жылы Индер ауданы әкімдігі туризмді дамыту және Тұздыкөлді күтіп-ұстау мақсатында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-не көлдің жағалауынан демалыс кешені құрылысын жүргізу үшін 50 гектар жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен бес жыл мерзімге берген болатын. Шипажайдың іргетасы қаланғаннан кейін құрылысы тоқтап қалды. Себеп, көлдің ерекше қорғалатын аймаққа жататынын және жағалауынан құрылыс жұмысын жүргізу үшін экологиялық зардаптар зерделенбеген деген желеумен тоқтатылған болып шықты.
2024 жылы ауданға социология ғылымдарының докторы Адемхан Кудеринов келіп, «Аралтұз» АҚ-ның экономикалық көрсеткіштері мен озық технологиясымен таныстыра отырып, мекемеге деген жеке пікіріңіз қандай деген сұрақ қойылған сауалнама таратқан болатын. Бұған шамамен 200 адам қатысты. Кейін аудандық әкімдіктен сұрастырғанымызда «бұл жай сауалнама» деген жауап беріп, жылы жауып қойды. Жергілікті тұрғындар сол сауланаманы негізге алып, қоғамдық тыңдау өткізілді деп жоғарыға жеткізген болар деген күдігін айтады.
Жалпы кейбір тұрғындар тұз көлін өндіру емес туризм ретінде пайдалану жөнінде ұсыныс айтты.
Осы жылдың 5 наурызында аудандық мәдениет үйінде «АралТұз» АҚмен «АралСода» ЖШСнің қоғамдық тыңдауы өткізілген жоқ. Себебі, 14 наурызда өтетін сайлауға байланысты мәдени шаралардың өтуіне орай мәдениет үйінің босамауына байланысты кейінге қалдырылған. Енді әкімдіктің мәлімдеуінше қоғамдық тыңдау сәуірдің 29-да өтетін болды.
Бұл қоғамдық тыңдау жөнінде «АЖ» назарға алатын болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суеттер мен видеоны түсірген автор
В Атырау -10