Атырау, 26 желтоқсан 20:46
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Тұйыққа тірелгендер

2 657 просмотра

Соңғы жылдары Қазақстанда өзі-өзіне қол салу фактілерінің әсіресе жасөспірімдер арасында жиілеп кеткені қатты алаңдатып отыр.

Облыстық психологиялық-жүйке жүйелері аурулары ауруханасының медицина психологы Людмила ГИБАТУЛЛИНАНЫҢ айтуынша,жас балаларға қатысты суицид деген термин қолданылмайды. Себебі, адам баласы өмір мен өлім ұғымын 11-14 жасқа келгенде ғана сезіне бастайды екен. Ал суицидке бейім жасөспірімдердің «психологиялық портретіне» үңілсек, көбіне-көп өзіне өзі қол жұмсайтындар - болмысынан томаға-тұйық, жаны нәзік және өзін ешкімге қажет деп санамайтын, жалғыздықты сезінген, өзіне көңілі толмаған, өмірдің мәнісін жоғалтып алған жасөспірімдер. Одан бөлек, суицидке зорлық-зомбылық құрбандарына айналған, жақындарынан айрылған жасөспірімдер, депрессиялық жағдайда жүргендер баруы мүмкін.

- Суицидке итермелейтін себептер көп. Ашық мінезді, жанжалдасуға жоқ білімді жасөспірімдердің де суицид жасаған жағдайлары бар. Кейбіреулер адреналин аламыз, ерекше сезімге бөленеміз деп көпірден секіріп көргісі келіп жатады, бірақ онысы қатерлі аяқталады. Бұл да, яғни білмей істегеннің өзінде суицид саналады, - дейді Людмила Гибатуллина.

Статистикаға сүйенсек, Атырау облысында 2012 жылы жасөспірімдер арасындағы аяқталмаған суицид бойынша 59, аяқталған суицид бойынша үш факті тіркелген. Ал 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 28 аяқталмаған суицид, 4 аяқталған суицид орын алған. Негізінен бастарын өлімге тіккен жасөспірімдер уланып немесе асылып қалып жатады.

Л. Гибатуллина адамды суицидтен қорғайтын негізгі факторларды атап өтті. Егер адам өзінің өмірдегі рөлін сезініп, өзіне сенімді болса, қиындықтар туындаған кезде көмек сұрап, өмірде маңызды таңдау жасау қажет болған кезде кеңеске жүгініп, бір нәрсені оқып-білуге құмартса, ол суицид туралы ойдан ада болады. Сондай-ақ, отбасындағы жақсы қарым-қатынас, олардың бір-біріне деген сенімі мен адалдығы және ата-аналардың балаға деген түсіністігі орын алып жатуы да өте маңызды.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.