Атырау, 16 қазан 13:26
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Тарас және оның командасы

4 045 просмотра

Тарас ЖАЛЫМБЕТОВ пен Лев ГУДИМЕНКОТарас ЖАЛЫМБЕТОВ пен Лев ГУДИМЕНКООтбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылында өз тігін шеберханасы ашылды.

ЖАНҰЯСЫ ДА СОНДАЙ ЖАНДАР

Балаларға осы шеберхана ашу жұмыстарын бірнеше жылдан бері Атырауда тұрып жатқан Ақтөбе қаласының тумасы Тарас ЖАЛЫМБЕТОВ ұйымдастырды. Әңгіме барысында оның нағыз «тимуршы» екені, табиғатынан барша адамға қолынан келгенше көмектескісі келетін жан екендігі байқалды.

- Біз жанұямызбен осындаймыз. Қарындасым жылынсын деп бомжды аяп, үйге әкеле алатын, - дейді Тарас. – Оған үйдегілердің ешқайсысы ештеңе айтпайды. Өйткені, біздің үйдегілердің бәрі сондай.

Тарастың пікірлес досы Лев ГУДИМЕНКО де осындай «тимуршы». Олар бірге мұқтаж жандарға талай қол ұшын беріп, бомждарды тамақтандырыпты, жасаған ізгі істерінің есебі жоқ.

 

«КОЛЯ» ЖОБАСЫ

- Бірде қол ұшын беру жақсы-ау, бірақ мұның бір қыры бар екен ғой деген ойға қалдым. Мен қол ұшын дұрыс бағытта беру керектігіне, әйтпесе қол қусырып, күтіп отыра беретін жандарды «тәрбиелеп» алатыныңа көзімді жеткіздім. Адамға аяғынан тік тұрып, әрі қарай өздігімен жүріп кетуіне сүйеніш болатын көмек игілікке айналады, - деп пайымдайды Тарас. – Николай есімді тағы бір адам бар. Жақсы ағаш шебері. Бригадамен табыс тауып жүретін. Бірақ оның өз құрал-сайманын алатын қаржысы болмады. Сондықтан бөгденің құралдарын пайдаланғаны үшін табысының бір бөлігін шегеріп тастайды екен. Сол кезде біз оған жұмысына қажетті нәрсенің бәрін сатып әпердік. Ол сыпайы жан екен, көпке дейін алғысы келмеді, бірақ біз оны көндірдік. Ал қазір Коля анағұрлым жақсы құрал-саймандар сатып алыпты. Тек өзіне жұмыс жасап жүр. Әжептәуір дербес кәсіпкер. Яғни, адам көмекті қабылдаған соң оны дұрыс кәдесіне жаратты, - дейді Тарас.

 

ДИРЕКТОРМЕН СҰХБАТ

Тарас «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВАҒА келіп, қандай көмек керек екенін сұраған кезде, директор көптен ойлап жүрген тігін шеберханасын ашу идеясымен бөліскен.

- Біздің мекеме отбасылық үлгіде, бірақ бәрібір бұл жердегі балалар ата-аналарының қалай табыс табатынын, заттардың қалай сатып алынатынын көрмейді. Оларда кез келген нәрсені қадірлеу деген түсінік қалыптаспаған, өйткені олардың қандай жолмен келетінін білмейді. Қыздар мен балалардың өздеріне берген заттар ұнамай, оларды қайта тігуге тырысатынын әлденеше рет байқадым. Тігістері сапасыз боп шығатындықтан, кейін бұл киімдерді киюге ұялады. Ендеше оларды неге осындай тігін машинасын пайдалануға – тарылтып тігуге, қалталарын, түймелерін қадауға  үйретпеске? Бәлкім, біреулері бұл істі әрі қарай алып кетіп, пішіп, тігуді үйренгісі келетін шығар, - деді сол кезде Тарасқа Гүлсара Аманғалиқызы.

Жас жігіт ол кісінің бұл қалауын түсініп, әлеуметтік желілерге көмек көрсету өтінішін таратқан.

- Көп адам, таныстарым да, мүлдем танымайтын жандар да хабарласты. Әркім қолындағы барын берді, сөйтіп бәріне де жетті. Бірнеше адам шеберханаға берілген орынды жөндеуге қатысты. Бұл жердегі есікті, айтпақшы, жоғарыда айтып өткен Коляның өзі салды. Тігін машиналары сатып алынды, үстелдерге, мата кесінділеріне, жіптерге, инелерге, манекендерге, жалпы, болашақ қолөнер шеберлеріне қажетті заттардың барлығына тапсырыс берілді, - дейді Тарас.

Балалар да ниет білдіріп отыр, - дейді Гүлсара Аманғалиқызы. – Шеберхананы тігін тігетін жер ғана емес, әдемі бұйымдар жасауға болатын жер ретінде қолданатын боламыз. Жақында ғана ұлттық қазақ костюмдері мен бұйымдарын дайындайтын әйел шеберлік дәрісін өткізді. Ол балаларды ұлттық бас киімдер жасауға үйретті. Бәріне қатты ұнап, көздері жайнап кетті. Біздің шеберханамызда да балалар өз қолдарымен әдемі заттар жасай алады. Еңбектің қадірін білетін болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.