Атырау, 18 ақпан 19:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 489.99
€ 580.25
₽ 6.38

АМӨЗ-дегі тексеріс мерзімі ұзартылды

85 рет қаралды

Еске сала кетейік, жоспардан тыс тексерістің басталуына тұрғындардың шағымдары мен мониторинг деректері себеп болды. Олар зауыт маңындағы елді мекендерде атмосфералық ауаның ластану деңгейінің шекті мөлшерден асып кеткенін көрсеткен.

Тексеру 2026 жылғы 29 қаңтарда басталып, бастапқыда 11 ақпанда аяқталуы тиіс еді. Енді ол тағы 10 жұмыс күніне -  12-сінен 25 ақпанға дейін ұзартылды. Облыстық экология департаментінің хабарлауынша, бұл кәсіпорында ықтимал бірнеше шығарындылар көзі бар екендігіне байланысты.

Тексеру күкіртсутек, көміртек тотығы және басқа да зиянды заттар шекті деңгейден асуы мүмкін деген деректер бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл көрсеткіштер зауытқа жақын орналасқан елді мекендерде анықталған.

Күшейтілген бақылауға тұрғындардың шағымдары себеп болды. 25 қаңтарда Алғабас ауылындағы «Сая» бау-бақша қоғамының мүшелері өткір жағымсыз иіс туралы хабарлап, жедел қызметтерге жүгінген. Осыдан кейін атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жасалды.

Экология департаментінің мәліметінше, шекті деңгейден асу жағдайлары Мирный, Водник аудандарында және «Сасықсай» булану алаңдарында тіркелген. Бұл нүктелерде күкіртсутек пен көміртек тотығы бойынша нормадан артық көрсеткіштер анықталды.

«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының деректеріне сәйкес, 19–25 қаңтар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы күкіртсутек концентрациясы шекті деңгейден 36,3 есеге дейін асып кеткен. Қала маңындағы Тасқала (Алғабас) ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, зауытқа іргелес аумақта — 15 есе, ал Химпосёлок ауданында — 36,3 есе болған.

25 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытының өз зертханасы атмосфералық ауадағы зиянды заттардың шекті деңгейден асуын тіркемеген.

Ресми түрде ластану көзі анықталған жоқ. Экология департаменті жоспардан тыс тексерістің қорытындыларын қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Осы арада тұрғындар таңғы уақытта болатын шығарындыларға шағымдануды жалғастыруда. Олардың айтуынша, «Шалқыма» ауданы мен салық басқармасы маңында тыныс алу мүмкін емес, ал жағымсыз иістер жиі қайталанатын болған.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 18:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.