Атырау, 18 ақпан 13:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 489.99
€ 580.25
₽ 6.38

Атыраудағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады: 43 күнде 137 қызылша дерегі тіркелді

101 рет қаралды
Сурет: Canva
Сурет: Canva

Өткен жылдың осы кезеңінде небәрі төрт жағдай болған. Сырқаттанғандардың көпшілігі – балалар. Оның ішінде бәрі дерлік мүлде вакцина алмаған.

Жуырда Үкімет отырысында Атырау облысы қызылша дерегі көп тіркелген өңірлердің бірі екені айтылды. Бұдан бөлек, Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысы да ауру деңгейі жоғары аймақтардың қатарында аталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әсіресе бес жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттану жиілеген. 

Редакция Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жолдап, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыз болу себептерін, екпеден бас тартушылардың уәжін және аурудың өршуіне әсер еткен факторларды сұрады.

Департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімі басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева қызылшаға қарсы вакцинация облыста 1967 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қызылша – ауа арқылы тез таралатын, аса жұқпалы вирустық инфекция. Арнайы емі жоқ, тек алдын алу жолы – уақытылы екпе салдыру.

Жыл сайын өңірде 28 мыңнан астам бала жоспарлы түрде қызылшаға қарсы иммундаудан өтеді. Иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер тіркелмеген. Қолданыстағы вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған.

2024 жылы облыста 2252 адам қызылша жұқтырған. 2025 жылы 304 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 7,5 есе төмендеген. Сәрсенғалиева бұл оң динамиканы 2023 жылғы 27 қарашадан басталған жаппай иммундау науқанымен байланыстырады. Аталған шара республика көлемінде қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында жүргізілген.

Алайда биыл 1 қаңтар мен 13 ақпан аралығында облыста 137 зертханалық расталған жағдай тіркелді. Ал өткен жылдың осы кезеңінде небәрі 4 жағдай болған.

Сырқаттанғандардың 91 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар (124 жағдай). Оның ішінде 110 бала мүлде вакцина алмаған.

Екпе алмау себептері төмендегідей:

  • – 27 жағдайда баланың жасы вакцина салуға жетпеген;
  • – 77 жағдайда ата-анасы екпеден бас тартқан;
  • – 6 жағдайда уақытша медициналық қарсы көрсетілім болған.

Департамент мәліметінше, соңғы жылдары өңірде екпеден бас тартатын ата-аналар саны артып келеді. Тоқсан сайын 16 жасқа дейінгі балалар арасында вакцинацияға қатысты мониторинг жүргізіледі.

Соңғы жеті жылда 6 мыңнан астам бала профилактикалық екпеден толық бас тартқан. 2019 жылдан бері жүргізілген мониторинг дерегіне сәйкес, облыста 6215 балаға қандай да бір вакцина салуға ата-анасы қарсы болған. Оның 779-ы – 2025 жылы тіркелген бас тарту жағдайлары. 

Бас тарту себептеріне келсек, ресми мәлімет бойынша:

  • – 65 пайызға жуығы діни көзқарасын алға тартқан;
  • – 20 пайызға жуығы жеке сеніміне сүйенген;
  • – 15 пайыздан астамы вакцинаға сенімсіздік білдірген;
  • – 0,3 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз ақпаратты себеп еткен.

Яғни, көп жағдайда мәселе медициналық қарсы көрсетілімдерде емес, ата-аналардың саналы шешімінде жатыр.

А. Сәрсенғалиеваның пікірінше, вакцинациядан өтпегендер қоғамда инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топты қалыптастырады.

– Вакцинаның арқасында қол жеткізілген жетістіктерге байланысты инфекциялардың ауыр өтетіні ұмытыла бастады. «Инфекциялар жойылды» деген жалған түсінік қалыптасты. Соның салдарынан иммундау қажеттілігіне күмән көбейді. Профилактикалық екпеден бас тарту немесе медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты балалардың егілмеуі халық арасында осы инфекцияға бейім топтың көбеюіне әкеліп отыр, – деді ол.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қызылшаға қарсы екпеден бас тартқандарға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Вакцинация туралы хабардар етілген ата-ана немесе заңды өкіл екпеге келісім береді немесе жазбаша түрде бас тартатынын мәлімдейді. Бұл талап Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде бекітілген.

Қызылшаға қарсы вакцина кімдерге салынбайды? Бұл туралы ҚР ДСМ-146/2020 бұйрығында нақты көрсетілген. Құжат 2020 жылғы 21 қазанда қабылданған.

Тірі вакциналар иммун тапшылығы бар адамдарға, қатерлі қан аурулары мен онкологиялық дертке шалдыққандарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге салынбайды. Сонымен қатар уақытша қарсы көрсетілімдер бар. Мәселен, орталық жүйке жүйесінің жедел қабыну ауруларымен (менингит, энцефалит, менингоэнцефалит) ауырғандарға вакцина толық сауыққаннан кейін бір айдан соң ғана егіледі. Жіті гломерулонефрит кезінде екпе алты айға дейін кейінге қалдырылады. Нефротикалық синдром жағдайында вакцинация кортикостероидтық ем аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

Қалған қарсы көрсетілімдер туралы толық ақпаратты аталған бұйрықтан алуға болады.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.