
Халық талқылауына ұсынылған жаңа редакциядағы Конституция бойынша Атыраудың азаматтары да үн қосып, «АЖ» редакциясына келді. «Конституция өзгеріп жатқан тұста үнсіз қала алмадық» деген Әнуарбек Далбаев, Мейрамбек Білғали және Қанат Домбаев өздерін тіл мәселесіне қатысты бапты алып тастауды талап етеді.
Өздерін тіл жанашыры деп танитын азаматтар қазір қоғамда көтеріліп отырған талаптары орынды деп есептейді. Әңгіме - орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген талапты алып тастау туралы.
Жаңа Конституция жобасының 9-баптың 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Қолданыстағы жобада бұл - 7-баптың 2-тармағы.
Әнуарбек Далбаев – кәсіпкер. Ол орыс тілі Конституцияда көрсетілмесе де қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылып жүр деген пікірде. Ол «алпысты алқымдасақ та, қазақ тілінің жеңісін көрмей кетеміз бе» деп күйінеді.
«Ембімұнайгаз» компаниясында істейтін Мейрамбек Білғали болса, өзінің тіл мәселесіндегі даулы тұстармен бөлісті:
- Күнделікті өмірде жүйкені жұқартып, ұрыс-керіске әкеліп тірейтін мәселе -7 баптың 2 және 3 тармақтары. Мысалға: ұйымдастырушылар бізге жұмыс барысында сауалнама немесе тіркелу парақтарын ұсынады. Қатысушылардың бәріміз де 100% қазақтар. Қол қоюға тек қана орыс тіліндегі нұсқалары беріледі. Сосын шатақтың басы көбіне аты-жөнімді менің рұқсатымсыз бұрмалап жазылуынан басталады. М.Қ.Білғали -дің орнына Билгали М.К., - дейді ол. - Жеке бас куәлігімде қазақша немесе ағылшынша Bilgali M. Сауатың жоқ па тегімде жоқ и әріптерімен неге жазасың? Мені не үшін шет ел тіліндегі сауалнамаға қол қоюға мәжбүрлейсіңмен жалғасады. Сол кезде өз арамыздағы пысықтар шығады: ҚР екі тіл жүреді, соншама неге қырсығып тұрсыз -деп өзіме тиіседі. Мына парақтан екі тілді, яғни қазақшаны қай жерден көріп тұрсың, жоқ қой – дегенде, олардың айтатыны: «по закону русский язык заменяет казахский или применяется в место казахского языка».
Ал «Самұрық-Қазына» жүйесінде жұмыс істейтін Қанат Домбаев көкейіндегі тілге қатысты мәселені жеткізе отырып, 9-бапқа неге қарсы болып отырғанына тоқталды.
- ...Тіл бар ма - қазақ бар, тіл жоқ па - қазақ жоқ. Болды. Бұл бір. Екінші мәселе, қазіргі тілдің хал-ахуалы, яғни бүгін қазақ тілінің жағдайы не болып жатыр, көмек керек пе, әлде керек емес пе? Үшінші, кезінде мемлекеттік деп, демек біртұтас қазақ елінде, жарияланып, заңға бадырайтып жазып, отыз бес жыл бойы қызғыштай қорғаған қазақ тілі осы мемлекетте өзіне белгіленген мәртебені орындап жатыр ма, жоқ па? Төртінші және ең бастысы, қазақ тілінің қазақ елінде болашағы бар ма, әлде санда бар, санатта жоқ бола ма? – деген сан-сауалдарға берілген Домбаев әрі қарай пайымын былай жеткізді.
- Менің пайымдауымша, қазақ тілінің бүгінгі жағдайы ренимацияда жатырған науқаспен тең, ертең не болары белгісіз. Не орнынан тұрып, тәуір болып палатаға шығады, не шейіт болады. Тәуір болғанының белгісі, парламент, үкімет, президент, сот қазақша сөйлейді, ал жазылып шыққанының белгісі банк, бизнес, ғылым, қоғам қазақша сөйлеп қазақ тілі ұлтаралық тілге айналғаны. Әрі қарай әңгіме созып керек емес, қазақ тілінің жанашырларының арманы қазақ тілінің ауруханадан құлан-таза айығып шыққанын көру. Менің де арманым сол күнді көріп кету. Қазіргі күнде мемлекеттік деп дардай атақ беріп, күнде таңертең әнұранды тыңдағаннан тілдің жағдай түзеліп тұрғаны шамалы. Еліміздің айнасы болып тұрған парламент таза қазақ тіліне көшкен жоқ, міңгірлеген министр мен мінбеге шығып мыңқылдаған мырзаларға көз үйреніп болды. Заң «ресми» тілде жазылып, мемлекеттік деген атандай аты бар қазақ тіліне аударылып, кеше пісіріп, бүгін жылытып ішкен қытайдың лапшасындай алдыңа лақтыра салды. Егер мынауың шикі ғой десең, «ресми» тілде қалай түсіндірілді, солай болады деп бетіңе былш еткізеді. Ата заң да тура осы жолмен кетті, - дейді Домбаев.
Ол да биліктегілердің аталмыш бапты өзгертуге өздері құлықсыз деп есептейді. «Олар басқа тілде тәрбиеленгендер деп есептейді. Олар үшін өзгеріс өліммен тең. Соңғы сылтаулары, ресми тілді алып тастасақ елге басқыншы келеді деп қорқытады. Келгісі келген басқыншы сенің заңыңда тіл бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Төбелескісі келген адамға себеп керек емес, үндемей тұрып-ақ маңдайыңнан ұрады. Бейшара сылтау бұл. Айта берсе, сөз көп» дейді ол.
- Конституцияны 84 пайызын өзгерткенде Қазақ тілі сексен бесінші пайыз бола алмады ма? Талай зұлым заманды басынан кешірген қазақ халықының маңдайына мұндай бақ бұйырмады ма?!
Егер осы заңда тіл тұғырын нақтылап алмасақ, болашақта осы шешілмеген мәселе ел арасында өзара кикілжіңге ұрындырып, арты араздыққа соғуы мүмкін. Біртұтас ел, бір Ата заң және ол Ата заңда бір тіл қазақ тілі ғана болуы керек, ал қалған тілдер бөлек заңмен реттелгені дұрыс. Менде талап біреу, ол жаңа Конституцияда ресми немесе басқа да ұғымдармен жазылған бөтен тілдер туралы ешқандай ақпарат болмауы тиіс. Тек қана Мемлекеттік тілдің тұғырын айқындайтын пункт болуы керек. Адамда бір Ата мен бір Ана болатынындай, ұлтта да бір Ата қоныс пен бір Ана тіл болады. Өз жерімізде өзіміз өгей емеспіз, - дейді ол.
Осы азаматтар редакцияға келіп кеткен соң көзіме Конституциядағы өзгерістерге байланысты пікірін әлеуметтік желіде білдірген заңгер әрі Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимованың жазбасын көріп қалдым.
Кейін өзімен сөйлестім. Ол да орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген талапты алып тастап, орыс тілінің - ұлтаралық қатынас тілі деп бекітуді орынды деп санайды. Яғни, тілдік қолданыста жүретін екінші тіл дегені.
- Тілдер туралы баптың ұсынылып отырған редакциясы, біздің ойымызша, қазақ тілінің мемлекеттілігіміздің негізі ретіндегі мәртебесін жеткілікті деңгейде қорғамайды. Мемлекеттік тіл формалды емес, нақты басымдыққа ие болуы тиіс, Конституциямызда орыс тілінің - ұлтаралық қатынас тілі екенін бекітіп, сонымен қатар мемлекет тіл - қазақ тілін қолданылуда басымдық беріп, оның дамуын және оны болашақ ұрпаққа жеткізуді қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алуы қажет, - дейді Рахимова.
Сарапшылардың айтуынша, тіл мәселесі Қазақстандағы ең шетін тақырыптардың бірі болып қала береді. Елде түрлі этнос өкілдері тұрады, ал 1995 жылдан бері Конституцияда бекітілген тілдік модель осы алуан түрлілікті ескеріп, ұлтаралық тұрақтылықты сақтауға бағытталған мәміле ретінде қарастырылып келген. Мамандардың пікірінше, бұл саладағы кез келген өзгеріс мұқият ойластырылған тәсілді және ауқымды қоғамдық талқылауды қажет етеді.
Қазіргі уақытта Конституцияның жаңа редакциясы бойынша қоғамдық талқылау жалғасуда.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау -10