Атырау, 27 желтоқсан 07:34
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Корей халқы Чусокты қалай тойлады

9 530 просмотра

Жақында Атыраудағы корей диаспорасы өздерінің ұлттық мерекесі Чусокты тойлады. Бұл - ежелден келе жатқан отбасылық мереке. Онда адамдар жақсы егін орағы үшін ата-бабаларына тағзым етеді. Чусок – кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам. Бір айта кетер жайт, «Тхоньил» атыраулық корейлердің этно-мәдени орталығы бұл күнді бірінші рет осылай дүбірлетіп тойлап отыр.

 

АЛЫСТАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАР

Мерекелік шара «Алтын Сазан» демалыс орталығында өтті. Күн қызуы сезіліп тұрса да, қоңыр салқын жел жаздың артта қалғанынан хабар бергендей. Тойдың басты белгілерінің бірі ретінде ашық аспан астында жәрмеңке ұйымдастырылды. Осы жылдағы егін орағының керемет сыйын арғы аталарынан бері диханшы Анатолий ЛИ ұсынды. Анатолийдің айтуынша, оның әке-шешесі өмір бойы егіншілікпен айналысқан. Сондықтан да ол осы ата жолын қуған екен. Ала шапанды асқабақтар, қазықтай тіп-тік сәбіздер, иісі бұрқыраған қауын мен шырыны төгілген қарбыздар Анатолийдің Жер-Ананы шын сүйетінін көрсетіп отыр.

Мереке «Саранг» хорының қатысушыларының арқасында ұлттық нақышпен өтті. Әнші әжелер атаулы күнге орай өз ұлттық костюмдерін киіп, корей тіліндегі әндерді жан дүниелерімен орындады.

- Біз тек жергілікті кәрістерді ғана емес, сондай-ақ, Оңтүстік Кореядан Атырауға іссапармен келген қандастарымызды да шақырдық, - деді«Тхоньил» этно-мәдени орталығының төраға орынбасары Людмила ЛИ. – Депортацияланған корейлер ата-бабаларының мәдениеті мен дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді, алайда жергілікті жердің әсерлері де жоқ емес. Оңтүстік Кореядан келген бауырларымызбен этникалық отанымызда Чусоктың қалай атап өтілетіні туралы әңгімелесу өте қызықты. Сонымен қатар үйінен жырақта жүрген қонақтарымызға достардың жылы ықыласын сезінген жағымды шығар деп ойлаймын.

Оңтүстік Кореядан келген ЛИ Дин-Хо Чусок мерекесінің пайда болу тарихын айтып берді:

- Бірде әртүрлі нәрселерді ойлап табуға шебер корей билеушісі Юри-исагыма (б.э.б. 25-56 жж.) тігіншілер, жіп иірушілер және етікшілер арасында байқау жариялайды. Билеушінің екі қызының жіті бақылауымен қолөнершілер көптеген күндер мен түндер бойы тынымсыз еңбектенеді – барлығы өздерінің артықшылықтарын дәлелдегісі келді. Ақыры, егін ору мерекесі күні, нақтылап айтсақ, хингави айының сегізінші күні (қыркүйек, қазан айларына келеді) сайыстың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар үлкен сыйлықтарға ие болып, ал үздік бұйымдар «өндіріс озаттарына» - егін алқаптары мен бақтардың озат еңбеккерлеріне берілді. Жарыстың керемет нәтижелеріне риза болған император оны жыл сайын егін орағы алдында ұйымдастыруды бұйырды. Ал осы күні өмірден озғандарды еске алу күнімен қатар келгендіктен, уақыт өте екі мереке бірігіп, осы Чусок пайда болды. Бұл сөзді корей тілінен аударсақ, «күзгі кеш» деген мағына береді.

Бұл күні кәрістер өздерінің бақилық болған ата-аналарын еске алады. Бейіт айналасын тазалап, еске алу үстелін жасап, қабір басына егін орағының ең үздік сыйларын қояды. Еске алу шаралары өткеннен кейін, мереке отбасы ортасында тойланады.

 

ДЖЕГИ-ЧАГИ ОЙНАЙМЫЗ БА?

Келесі бір оңтүстік кореялық қонақ ЛИ Сан-Кионг жергілікті қыз-келіндерге кимчи кәріс орамжапырағын дайындаудың қыр-сырын үйретті. Жергілікті кәрістер оны «чимчи» деп атайды екен. Дайындаудың жұмысы көп. Алдымен бейжің орамжапырағының қауданын тұздап, кейіннен сәбізден, шалқан, алмұрт, сарымсақ, пияз және қызыл бұрыштан өткір салынды жасайды. Оңтүстік Кореяда кимчиді дәмдеу үшін тұздың орнына арнайы балық тұздығын қолданады екен, бұл орамжапыраққа ерекше дәм береді.

- Дәмдеуіштер дайын болғаннан кейін, оны орамжапырақтың әр қауданына жағып, жапырақшаларды бірінің үстіне бірін қояды. Мұны өте нәзік жасау керек, баланы орап жатырмын деп ойлаңыздар. Содан кейін мұқият салынған және дәмделген орамжапырақты тоңазытқышқа екі-үш күнге қоямыз. Осы уақытта ол бойына барлық өткір дәмді сіңіріп, нағыз корей кимчиі пайда болады, - дейді қонақ.

- Біз бұған көп қоспалар қоса бермейміз. Бүгінде көптеген ұлттық тамақ түрлері бұл жерде нағыз корей дәмдеуіштері, тұздықтары және кейбір өнімдердің жоқтығына байланысты біраз өзгеріске ұшырады. Мәселен, кәрістердің кимчи дайындауға пайдаланатын балық тұздығының орнына қарапайым тұз пайдаланамыз. Оңтүстік кореялық аспаздардың құпиясын білген өте жақсы болды, енді мұны өзіміздің ас үйімізде дайындап көруге болады.

Оңтүстік Кореядан келген қонақтар біздікілерді ұлттық ойындарымен де таныстырды. Ересектер де, балалар да юннори ойынына құштарлықпен қатысты: ойыншылар белгі қойылған бамбук таяқшасын лақтырады, таяқша қалай түседі, солайша ойын алаңында жүріс жасалады. Кім бірінші болып алаңды түгелдей айналып шығады, сол – жеңімпаз. Екінші ойын – қазақтың ләңгісіне өте ұқсас джеги-чаги ойыны. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар арасында өткізілген әзіл жарыста достық жеңді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.