Атырау, 26 желтоқсан 17:51
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Алла-тағаланың мекені бар ма?

5 381 просмотра

«Жайық-ақпарат» баспасөз клубында облыстық ішкі саясат басқармасы және «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «БАҚ-ғы дін тақырыбының қоғамдық-саяси аспектілері» атты семинар өтті.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек ШОХАЕВТЫҢ (суретте) Қазақстандағы діни экстремизм белгілерінің шығу себептері мен салдары туралы баяндама жасады.   

- Бәрі «Алла-тағалаға қалай сенеміз?» деген қарапайым сауалдан басталады. Оны  шариғатта ақида мәселесі, яғни сенім мәселесі дейді. Дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдері ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі дінімізді, біздің ақидамызды теріске шығарады. Мысалы дәстүрлі дін ұстанымы бойынша матруди ақидасында Алла-тағаланың мекені жоқ дейтін болса, олар: «Бұл олай емес, бұлай деп айту үлкен адасушылық, Алла-тағала аспанда,  аршының (тақтың) үстінде отырады» дейді.  Бұл - дінді бұрмалап түсіндіру. Біз мұны халыққа дұрыстап жеткізуіміз керек.

Одан кейін намаз қалай оқу керек деген мәселеде ұстанымдары екіге бөлінеді. Олар мешітке жаңадан намаз оқуға келген адамды өзіне тарту үшін «имам оқытып жатқан намаз дұрыс емес, ол себебі сүннетке жатпайды,  сендерді мазхабпен оқытып жатыр» дейді. «Мазхаб бұл - имамның пікірі ғана. Сен бізге кел, пайғамбардың таза сүннетімен хадис бойынша намаз оқы, сонда сенің намазың қабыл болады Ал мешіттегідей оқитын болсаң, ол бидғат («дінді өзгерту», «бұзу») болады» деп түсіндіреді. Мәселенің бәрі осы қарапайым нәрселерден басталады. Ал шындығында мазхаб ол сүннетке, Құранға негізделген мектеп.  

Соңғы жылдары дін тақырыбы отбасындағы жанжалдарға әкеп соқтыруда. Шохаев өмірден бір мысал келтіріп өтті:  

- Жақында 17 жасар қыз ата-анасына өзінен он жас үлкен нағыз мұсылман жігітке тұрмысқа шығатынын хабарлады. Ата-аналары бұл некеге қарсы болды. Бізді сонда шақыртқан соң, олардың үйіне теологтармен бірге бардық. Барсақ, әлгі қыз «ата-анам дініме қарсы, сол себептен мен оларға қарсы шыға аламын, жігітті Аллах үшін сүйемін» деп беттен алуға дайын тұр.Ал жігіт қызды ата-анасына қарсы қойып, қоғамға қарсы шығарып, санасын жаулап алған. Біз бұл қызбен сөйлесе келе, құран оқып, діни сауатымыздың одан артық екенін дәлелдеген соң, ол сабасына түсті. Қазіргі уақытта дін жағынан медицинадағыдай қызуың көтерілгенде оны басудың жолдарын білетіндей сауатты болу керек.   

Мұғалімдердің жауапкершілігі де сөз болды:

- Олар дінге бет бұрған баламен қалай сөйлесу керектігін білмейді. Оны басқа оқушылардан шеттетуге тырысады. Бала намаз оқып, балағын қысқартып, орамал тақса бітті, сол қызды немесе ұл баланы жан-жақтан қыспаққа алып, ұрысады. Орамалды тек қана уахабилік бағытты ұстанғандар ғана емес, басқа да мұсылман қыз-келіншектер тағады ғой. Әрине, саляфилерге ғана түгел қара киіну,  бетін жабу керек деген ерекшеліктер тән. Мектеп қызметкерлерінің діни сауаттылығы деңгейін көтеру керек. 

Бүгінде маңызды проблемалардың бірі – білікті теологтарды даярлау. Шохаевтың пікірінше, біздің дінтанушы мамандарды «Болашақ» секілді арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша дайындау керек және шетелдерге біліктілігін арттыруға жіберу керек. Алайда, оларды негізінен саляфилік, уахабилік бағытта оқытатын Сауд Арабиясына емес, әл-Азхар секілді дәстүрлі дінді терең оқытатын университеттері бар Египет, Сирия, Ливан елдеріне.  

- Діни экстремизмді таратудың бірден-бір құралы қазір Интернет. Жастардың санасын АҚШ немесе Сауд Арабиясы секілді әлемнің кез келген бұрышында отырып, арнаулы сайттар арқылы жаулап жатқандарды қаржыландыру жағы жақсы. Бұл жерде біз  оларға қарағанда интернет мүмкіндігін кеңінен ұтымды пайдалануымыз керек. Осы бағытта діни-ағартушылық сайттарды ашуды жоспарлап отырмыз. Дін істері басқармасы жанынан ақпараттық-талдау орталығы ашылғалы жатыр.

Е.Шохаевтың пікірінше, діни экстремизмнің шығуының тағы бір себебі – біздің қоғамдағы туыстық байланыстың үзілуі.  Ал дәстүрлі емес діни ағымды ұстанғандардың бірлігі мен бірін-бірі қолдау жағы жақсы дамыған.  

- Бізде қазір араласу деген дүние қалып бара жатыр. Ал оларда бұл  мықты қалыптасқан, себебі идеялас. Біз сондықтан халықты діни сауаттандыруымыз қажет.    

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.