– Біз облыстағы кеніштердің бірінде жұмыс жасаймыз. Бұрын алғашқы еңбек демалысы бізге 12 ай өткеннен кейін берілетін. Одан кейінгі демалыстарымызды демалыс кестесіне сәйкес толықтай көлемде, яғни, 28 күнтізбелік күнді (24 күн + зиянды жұмыс жағдайы үшін қосымша 4 күн) алатын едік. Биылғы жылдан бастап бізге кадрлар бөлімінің маманы түсіндіргендей, егер осы кәсіпорында 3 жылға еңбек өтілі бар қызметкер, мәселен, 2012 жылдың қазанында еңбек демалысын алып, 2012 жылдың 1 қарашасында жұмысқа шықса және келесі демалысын 2013 жылдың 1 тамызынан бастап алса, онда демалыс күндерінің саны алдыңғы демалыс алғаннан кейін жұмыс істеген айларының санына қарай, яғни, 2012 жылдың 1 қарашасынан бастап 2013 жылдың 1 тамызына дейін есептеледі. Сонда 8 ай шығады, бұл күнтізбелік жылдың 66 пайызы. Тиісінше, демалыс күндері де жалпы тиесілі еңбек демалысының 66 пайызын құрайды: 28х66% =19 күн, бұған тиісінше демалыс төлемдері 19 күн үшін төленеді. Кәсіпорын әкімшілігінің әрекеті заңды ма?
аzh.kz сайтынан
Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ жауап берді:
– Жұмыс берушінің әрекеті бұл жағдайда әбден заңды. Шынымен де, ҚР Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес, жыл сайынғы төленетін еңбек демалысына шығуға құқық беретін еңбек өтіліне іс жүзінде жұмыс жасаған уақыт енгізіледі. Яғни, егер қызметкер 2012 жылдың 1 қарашасында жұмысқа кірісіп, келесі демалысын 2013 жылдың 1 тамызында алғысы келсе, онда жыл сайынғы еңбек демалысының күндер саны дұрыс есептелген.
Айта кету керек, демалыс алған кезде еңбек өтіліне тек нақты істелген жұмыс уақыты ғана емес, қызметкердің нақты жұмыс істемеген, бірақ жұмыс орны (лауазымы) және еңбек ақысы толықтай немесе ішінара сақталған уақыты, уақытша еңбекке жарамсыз болуына байланысты нақты жұмыс жасамаған уақыты, соның ішінде жүктілігі және босануына байланысты демалыста болған уақыты, сонымен қатар, қызметкер жұмысқа қайта кірісер алдында нақты жұмыс жасамаған уақыты да есептеледі.
Сонымен қатар, қызмет-керлердің қалған демалыс күндеріне қатысты алаңдамауларына болады. Пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысының күндері секілді бұл күндер ешқайда кетпейді, қызметкерде сақталады және болашақта (тиісті кезең өткенше) пайдалана алады.
Қалай болғанда да, егер демалыс күндерінің есептелу дұрыстығы немесе олардың төленуін күмән тудырса, қызметкерлер жұмыс берушіден жазбаша түсіндірме талап етуге немесе мемлекеттік қадағалау органдарына жүгінуге толықтай құқылы. Осы жағдайда бұл орган - Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы. Сіздің сауалыңыз бойынша еңбек қорғау және сақтау жөніндегі инспекторлар жұмыс беруші әрекетінің заңдылығын тексеріп, заңдылық бұзылғаны анықталған жағдайда жұмыс берушінің жауапты тұлғалары тиісті жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал жұмыс беруші барлық жіберілген заң бұзушылықтарды жоюға міндетті болады.