Бұдан бұрын хабарланғандай, 27 қыркүйекте Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ қатысуымен баспасөз мәслихатыөтті. ОКҚ қызметкері мәлімдегендей, бұл есеп беру емес, жұртшылық пен журналистерді өңірдегі ахуалмен кезекті таныстыру шарасы екен. Бұған дейін осы жерде басқа үш облыстың басшылары мәслихат өткізген болатын.
Сұрақ-жауап сессиясы алдында Б. Ізмұхамбетов әлсін әлі өзінің жазып алған қағазына көз тастап, телекамера алдында осы жерде қалай өмір сүріп жатқандығымыз туралы әңгімеледі (azh.kz сайтынан бейнежазбаны көруге болады).
Оның алдыңғы қатарда отырған екі орынбасары шара аяқталғанда жеңілдік сезінгендей орындарынан тұрды, өйткені басшылары кейбір жас журналистердің тегеурінді сұрақтарына төтеп бере алған еді.
ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМ, МҰНАЙ, ГАЗ
Жалпы аймақтық өнім 2012 жылы 3,2 трлн теңгеден асқан (елдің жалпы ішкі өнімінің 11 пайызы). Бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысының әр тұрғынына 6 млн теңгеден келеді. Тағы да көш басында тұрмыз.
2013 жылдың 8 айы ішінде 21 млн тоннадан астам мұнай, 10 млн текше метр шамасында ілеспе газ өндірілді. Бұл өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда сәйкесінше 11,5 және 15 пайызға көп. Қашаған жобасының құрылысы қызған кезде 70 елден 42 мыңдай адам жұмылдырылды. Оның 80 пайызы – қазақстандықтар.
ХИМИЯ, ЖЕЛ, СУ
4,5 мыңдай жұмыс орнын құратын, жалпы сомасы 1,4 трлн теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асуда. 2013 жыл басталғанда Индустрияландыру картасына 9 жоба енгізілді, тағы 5-уі жоспарда бар.
Облысқа таяуда мемлекет басшысы іссапармен келген кезде құны 6 млрд теңгеге шыққан тұрба құбыры арматурасын шығаратын зауыттың тұсауы кесілді.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында облыста үй құрылысы комбинатының құрылысы басталып, 2014 жылы аяқталмақ.
Қарабатанда «Болашақ» зауытының қасынан біріктірілген газ-химия кешені және АМӨЗ-де хош иісті көмірсутек өндіретін кешен салынуда.
«Жасыл экономика» туралы: қуаттылығы 50 мВт болатын жел электр стансасын салу үшін инвесторлар іздестірудеміз. Бали және Жаңасу кеніштерінде жерасты суларын тазарту және тұщыландыру жөніндегі зауытты салу үшін инвесторлар тартылуда.
БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ
Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 53 пайызға, қызметкерлерінің саны 10 пайызға өсті. Облыс дүние жүзінің 50-ден астам елімен ынтымақтаса қызмет істеп келеді. Бұл жерде шетелдік қатысы бар 400-ден астам компания жұмыс істейді. «Атырау» ӘКК жанынан Инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылды. Қараша айында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен алғашқы халықаралық «ATYRAU-INVEST-2013» инвестициялық форумын өткізу жоспарланып отыр. Мұндағы басты мақсат – оларды шикізат емес секторға тарту.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Солтүстік-Каспий жобасындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты жұмысшылардың жаппай қысқаруына қарамастан түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мен ірі кәсіпорындармен меморандум жасау есебінен жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз мөлшерінде ұстау мүмкін болды. Тек ағымдағы жылдың өзінде өңірде 10 мың жұмыс орны құрылды, оның 7 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Теңіздегі Келешек кеңею жобасына байланысты 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Әкім мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына халықтың қызығушылығы артып жатқанын атап өтті. Егер өткен жылы бизнесті ашуға 700 млн теңгеге шағын несиелер берілген болса, биыл 2 млрд теңгеден астам несие беру жоспарланған.
МҮГЕДЕКТЕР, ЖЕТІМДЕР, КЕДЕЙЛЕР
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау бойынша қаржыландыру көбейді. Соңғы 5 жыл ішінде өңірде балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны екі есеге азайды, жетім балаларды тәрбиесіне алған отбасылар саны өсті.
Кедейлік шегінде 510 отбасы тұр (2,5 мың адам). 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбекақы бойынша орташа көрсеткіш 187 мың теңгеден астам болды, бұл өткен жылғыға қарағанда 4,7 пайызға көп.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Үстіміздегі жылғы 8 ай ішінде ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 23,8 млрд теңге құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 4 пайызға көп. Республикалық көлемдегі облыс үлесі 2,5 пайызды құрайды. Атап айтқанда, мал шаруашылығында - 2,7 %, егін шаруашылығында – 1,8 %.
Голландық технология бойынша сүт-тауарлық фермасы салынуда. Бұдан басқа, биылғы жылы ешкі өсіретін ферма іске қосылады.
«Атырау» ӘКК-де келісімшарт бойынша аграршыларға қаржылар бөлінді. Картоп егуге берілген алаң 57-ден 970 га-ға дейін , көкөніс алаңы 300-ден 1,6 мың га-ға дейін көбейді. Егер 2007 жылы тамшылатып суару әдісі тек 74 га жерге ғана қолданылса, бүгінде 653 га-ға қолданылады. 2015 жылы мұндай алаңдарды 1000 га-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
21 балық шаруашылығы жұмыс істейді. Олардың кейбірі өнімдерін экспортқа шығарады.
БАСПАНА
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2130 пәтерлік 46 үй құрылысы жоспарланды. Ағымдағы жылы 1005 пәтерлік 22 үй, 2014 жылы қалған 24 үй тапсырылады. Үш арендалық үй пайдалануға берілді: біреуі кезекке тұрған жандар үшін, екеуі – жас отбасылар үшін. Балалар үйінің түлектері, мүгедектер мен аз қамтылған отбасылар үшін 240 пәтерлік үй салынуда. Қазір балалар үйінің 440 түлегі кезекте тұр.
ЖОЛДАР
Облыста облыстық маңыздағы «Атырау-Индер» және «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» жол жобалары жүзеге асырылуда. Ең проблемалы деп Ізмұхамбетов республикалық маңыздағы Ақтөбе-Атырау-Астраханжолын атады:
- Мен мұны халықаралық маңыздағы жол деп айтар едім. Көршілес Ақтөбе облысына және Ресей Федерациясына апаратын негізгі қақпа. Осы жолдармен жүру тіпті мүмкін емес, бұған жол-көлік оқиғаларының көптігі дәлел болады.
«АҚ БҰЛАҚ»
168 елді мекеннің 98-і ғана ауыз сумен қамтылған. Бүгінде 54 сумен қамту нысандары салынуда. Келесі жылы 19 су тазарту құрылғысын салу және 25-ін қайта жарақтау жоспарланды.
ЭКОЛОГИЯ
Теңіздегі күкірт көлемі 9-дан 1 млн тоннаға дейін азайды. «Болашақ» зауытының санитарлық-қорғаныс аймағына енуіне байланысты Мақат ауданының Байшонас пен Ескене поселкелерінің тұрғындары Атырау қаласына көшірілді (Л.С. ескертпесі: Көшірудің мұндай себебі алғаш рет аталып отыр. Бұрын билік поселкенің болашағы жоқ және бұл жердегі мұнай кенішінің сарқылуына байланысты деп мәлімдеген болатын. «ҚазМұнайГаз БӨ» көшіруге 5,4 млрд теңге бөлген еді.).
Исатай ауданында 2007 жылдан бері құмды массивтерді тоқтату жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік нысандардың әсер етуіне байланысты Атырау қаласы тұрғындарының денсаулығына кешенді тексеру жүргізілді (Л.С. ескертпесі: Бұл тексеру АМӨЗ тарапынан қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты аяқталған жоқ.).
Азғыр полигоны: 2013-2014 жылдары қоршаған ортаға, радиоэкологиялық ахуалға және жергілікті халықтың денсаулығына кешенді тексеру жүргізу жоспарланды. Биылғы жылы Азғыр аймағынан 100 шақты адам Семейдегі Республикалық ядролық орталығынан медициналық тексеруден өтті.
БАЛАБАҚШАЛАР МЕН МЕКТЕПТЕР
Мектепке дейінгі мекемелерде 13 мыңнан астам бала кезекте тұр. 1-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 55 пайызды, 3-6 жастағы бүлдіршіндерді қамту 78 пайызды құрайды. 10 балабақша салынуда, оның 2-уі жұмыстарын биыл, 8-і келесі жылы бастайды.
2013 жылдың 1 қаңтарында облыста 11 апатты мектеп болды, 5 мектеп салынуда, біреуі биыл тапсырылады. 2 апатты мектептің орнына жаңа мектеп құрылысы басталады. 2014-2016 жылдарға 85 мектепті және 41 балабақшаны күрделі жөндеу жоспарланды.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Медицинаны қаржыландыру екі есеге көбейді, 3 жыл ішінде 8 нысан салынып, пайдалануға берілді. Биыл 5 нысанның құрылысы аяқталады, оның 4-уі - ауылдық жерде. Ауылдардағы медицина қызметкерлері үшін емдеу мекемелерінің қасынан баспаналар салынуда.
2013-2014 жылдары – 17 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік пунктті салу жоспарланып отыр. Соңғы 3 жылда өңірге 250 дәрігер келді, атыраулық 343 студент медициналық жоғарғы оқу орындарында оқып жатыр. Олардың 49-ына облыстық әкімдіктің келісуімен шетелдік компаниялар оқу ақысын төлеуде.
ЖАСТАР
2013 жылы студенттер үшін қоғамдық көліктермен жүру ақысына 50 пайыз жеңілдік енгізілді. Жастардың бос уақытын ұйымдастыру және әлеуметтік бағдараламаларды шешуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 6 есеге көбейді.
Жастар үшін анағұрлым өзекті мәселе – тұрғын үй. Қазіргі уақытта Атырауда баспана алу кезегінде 1000-нан астам жас отбасылар тұр. Биыл іске қосылған «Жас отау» жобасының аясында жеңілдікпен берілетін несиелік шартпен жас отбасылар үшін 90 пәтер бөлінетін болады.
ДІН
8 ақпараттық-насихаттау тобы болды, бүгінде - 86. Теологтар жұмылдырылды, имамдарға арнайы жағдайлар жасалды. Тағы бір танымал теолог Мысырдағы әл-Азхар университетінің профессоры келеді деп күтілуде. Облыстағы мешіттерге «Скайп» бағдарламасы бар мониторлар орнатылды. Діни тақырыптағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 4 есеге көбейді (22 млн теңге). Діни мәселелермен айналысатын арнайы коммуналдық мекемелер құрылды. Облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, деп есептейді әкім.
ЕСІМІ ЖҰРТҚА МӘЛІМ
Алғашқы сұрақтардың қатарында бұрынғы әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВТАН қалған «мұра» туралы болғаны түсінікті. Атап айтқанда, тоқтатылған әлеуметтік нысандардың тағдыры туралы болды. Ізмұхамбетовтің айтуынша, ол осы лауазымға тағайындалған кезде түрлі себептермен 45 нысанның құрылысы тоқтатылған. Олардың бірнешеуінде 9 млрд теңгеден астам сомада артық төлемдер жүргізілген. Мұнымен қаржы полициясы айналысуда. Қазір 15 нысанның құрылысы қайта жанданды. Олардың жобалау-сметалық құжаттамалары тексерілді. 10 нысанның құрылысы жергілікті бюджеттен, 5-уі республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
Таяуда «Болашақ» зауытында орын алған газ кету оқиғасы бойынша, әкім газ кеткен жер анықталды және газ құбырында жұмыстар жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді. Апаттың қайтадан орын алуы мүмкін бе деген сұраққа Ізмұхамбетов газдың кетуін «азғантай олқылықтарға» жатқызып, осындай ауқымды жобаның іске қосылу барысында жойылатын болады, ол жерде тәжірибелері мол дүние жүзіне танымал компаниялар жұмыс істейді деп жауап берді.
Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасының «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясына берілуі қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз деген сұраққа, әкім былай деп жауап берді:
- Мұның қаншалықты дұрыс екендігі үкіметке анығырақ. Бір нәрсе ғана айта аламын: база тек мұнай төгіндісі орын алған жағдайда ғана шұғыл әрекет етуге арналған, ал бұл қоршаған ортаны қорғау министрлігінің міндеті. Сондықтан олар бірігіп жұмыс жасаулары тиіс.
Қазақстандық және шетелдік мамандардың жалақыларындағы айырмашылық туралы сұраққа әкім былай деп жауап берді: облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы облыстық прокуратурамен бірігіп, үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айында шетелдік қатысумен жұмыс істеп жатқан 25 компанияға жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Нәтижесінде, 9 компанияда қисынсыз айырмашылық анықталды. Заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА