Атырау, 27 желтоқсан 06:03
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

"Мен кешірім сұраған жоқпын, барлығы ұшпастан бұрын басталған"

5 059 просмотра

«Мен ешкімнен кешірім сұраған жоқпын. Керісінше, ұшақ бортындағы стюардесса қыз менен кешірім өтінді», - дейдіАтырау облысы Мақат ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Мейрамбек БІЛҒАЛИ. Оны 18 қыркүйекте Атырау-Астана бағытындағы рейсті орындаған SCAT әуе комапаниясының ұшағы бортында болған келеңсіз оқиғаға кінәлі деп санайды.

Көптеген БАҚ хабарлағандай, жолаушы М. Білғали ұшақ көтерілген бойда ұлты орыс стюардессаны шақырып алып, креслоның арқасында қазақша жазылған сөзде бір әріп жоқ екендігі жөнінде қазақ тілінде өз наразылығын айтады. Борт көмекшісі еш нәрсе түсінбестен, көмек сұрау үшін кетіп қалады. Оның әріптесі де орыс екен, ол да еш көмегін бере алмаған. Ер адам оларға дауыс көтеріп, сусындар тасып жүргенде біреуін аяқпен теуіп қалған. Оны тек осы рейспен ұшып бара жатқан Батыс Қазақстан Облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ қана сабасына түсіре алды. Ол жанжал шығарушыға өз талаптарын аспанда қатардағы борт көмекшілеріне емес, жерде әуе компаниясының басшылығына қоюды ұсынды.

Кейіннен әуе компаниясы бұл оқиғаны растап, Астанаға келгеннен кейін Білғали түсініктеме жазып, қызметкерлерден кешірім сұрады деп БАҚ өкілдеріне ақпарат таратты. Ал Мақат ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Мейрамбек Білғали бұл оқиғаға басқаша түсінік береді. Оған «Ақ Жайық» тілшісі телефон арқылы хабарласқан еді:

- Мен сол күні таңғы сағат 8.30-да қызметтік іссапарға ұшуым керек еді. Алайда рейс 2 сағатқа кешіктірілді және «Скат» әуе компаниясынан ешкім кешігу себебін түсіндірмеді. Бір сағат күткеннен кейін мен «Скат» өкілдеріне жөн сұрау үшін бардым. Әуе компаниясының қызметкері Мария Александровна ЛАПЧЕВА ұшақ Краснодар – Ақтау – Атырау – Астана бағыты бойынша ұшады және дәл осы сәтте ұшақ Ақтаудан әлі ұшқан жоқ деп түсіндірді. Тілге қатысты дау сол кезде туған. Лапчева қазақша түсінсе де, маған орыс тілінде жауап берді. Мен ескерту жасағанда, ол маған «неге орыс тілінің қолданылуына қарсы боласыз?» деп наразылығын білдірді. Мен оған орыс тілін жақсы білетінімді, бір кездері жоғары білімді Волгоградтан алғанымды, алайда өзіме керекті ақпаратты қазақ тілінде алуым – менің конституциялық құқығым екенін айттым. Содан кейін мен «Скаттың» басшысы ДЕНИСОВТЫҢатына арыз жазып, тіркелгеннен кейін көшірмесін, өзіме қалдырдым.

Ұшаққа отырғызу кезінде стюардессалар бізді орыс тілінде қарсы алды. Мен сол кезде рейсті шығарып салып тұрған Лапчеваға маған көрсетілетін қызметтердің барлығы қазақ тілінде көрсетілсін деп талап қоятынымды ескерттім. Ол басын изеді. Ал ұшаққа отырған кезімде «Пристегните ремни» сөз тіркесінің қазақша баламасында екі әріптік қате бар екенін анықтадым. Мен борт көмекшісін шақырып, бұл фактіні көрсеттім. Ол қазақ тілін түсінетін басқа қызды шақыратынын айтты. Алайда одан да еш жауап ала алмадым. Стюардессалардың біреуі екінші рет келіп, кәмпит таратып жүргенде, мен өз сауалымды қайталадым, алайда тағы да «Мен қазақша сөйлемеймін» деп менсінбей айтқан сөзінен басқа еш жауап алмадым. Осыдан кейін мен ашуланып, орнымнан тұрып, бізді адамға санамайсыңдар ма деп оған қарай жақындадым. Осы кезде қарсы алдымнан бір ер адам тұрып, мені тоқтатты. Кейіннен білдім, бұл Нұрлан Асқарұлы НОҒАЕВ екен. Ол менің отыруымды өтінді. Алайда өзегімді өртеген өкініш еш тағат таптырмай, шынын айту керек, олар тамақ тасып жүргенде, қыздардың біреуін аяқпен түртіп жібердім.

Осыдан кейін ұшақта дау-дамай басталды, ал Нұрлан Асқарұлы мені сабырлылыққа шақырып тұрып, наразылығыңыз дұрыс, бірақ мұны ұшақ ішінде емес, жерге келген соң айту керек деп басу айтты. Қасымызға келген ұшақ командирі ұшақты Ақтөбеге қондырамын деп қорқытты. Мен жол парағын сұратып, соған өз шағымымды жаздым. Содан кейін айналамда бір парақ қағазға қол жинап жатырғанын байқадым. Осыдан кейін стюардессалар менен кешірім сұрады.

Астанаға келгеннен кейін маған «Скат» кеңсесіне баруымды өтінді. Ол жерде ұшақ командирі мен екі борт көмекшісі түсініктеме жазып жатыр екен. Мен де оқиғаның қалай болғанын жазып, өз жолыммен кеттім.

- Сіз ұшақтағы өз әрекеттеріңіз үшін кешірім сұрадыңыз ба?

- Жоқ, әрине. Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Өзіме мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткенім үшін бе?! Бұдан бұрын баламен бірге ұшып бара жатқан адамды үш тәулікке қамап қойғандай (бұл жерде «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап ҚАЛЫБАЙ тап болған осындай жанжал туралы айтылып отыр – Л.С.), маған да жала жабылмасын деп өз жазған шағымдарының көшірмесін әдейі өзімде сақтадым. Айтпақшы, 2 күннен кейін кері ұштым, бортқа Әлия АЙТПАЕВА мен Имран ГАСАНОВ қызмет көрсетті, екеуі де қазақша таза сөйлеп тұр, креслодағы жазу да түзеліпті.

Білғали үшін өзіне ана тілінде қызмет көрсету – ар-намыстың ісі. Бұл ата тегін қазақша дұрыс жазуға да қатысты. "Казкоммерцбанк" сайтынан біз оның 2013 жылғы мамыр айында жазған шағым арызын тауып алдық. Онда ол банк қызметкерлері құжат толтырғанда, оның рұқсатынсыз, аты-жөнін «Билгали Мейрамбек Казымулы» деп қате жазғанын айтып, бұл «мені қатты ашуландырып, ұлттық намысымды аяққа таптады» (келтірілген мәтін) деп жазған екен. Айта кетсек, ол «Ақ Жайық» тілшісінен де өз тегін қазақша әріптермен жазуды талап етті.

Республикалық БАҚ хабарлағандай, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «СКАТ» әуе компаниясының директоры Денисовке телефон шалып, алға қарай қызметкерлерін жақсы дайындауды және дайын кадрларды жинауды сұраған екен. Ал ол стюардесса қазақша біледі, бірақ сол сәтте «қобалжып қалғанын» айтыпты.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

27 қыркүйек 2013, 18:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.