«АЖ» редакциясына Алмагүл ықшам ауданындағы әйелдер колониясы маңында тұратын қала тұрғындары хабарласқан болатын. Колонияда орнатылған ұялы байланысты үзетін құрылғылардың әсерінен жақын маңдағы тұрғындар ұялы телефонмен сөйлесу мүмкін болмай отыр дейді.
Біз жағдайдың анық-қанығын білу үшін әйелдер колониясынаның маңына барып, өз телефонымыздағы байланысты байқап қарадық. Мекемені айналып жүріп, шынымен кей жерлерде байланыстың үзіліп кететініне, тіпті мүлде байланыстың болмайтынына және сөйлесу барысында дыбыстың үзіліп жететініне көз жеткіздік.
Осы мәселе бойынша біз жолдаған ресми сауалға Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Атырау облысы бойынша Департамент басшысы Дидар РАХЫМБЕРДИЕВТІҢ жауабы төмендегідей болды: «Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті УГ-157/11 мекемесі (әйелдер колониясы) 2011 жылдың ҚР «Мемлекеттік сатып алу» тауарлық биржасының шешімі бойынша жеңімпаз болып табылған «Темір құрылыс-2007» ЖШС-мен келісімшартқа сәйкес желтоқсан айында ұялы байланыстарды тежеу құрылғыларын сатып алып, 2012 жылдың қаңтар айында «Темір құрылыс-2007» ЖШС өкілдерімен қондыру жұмыстарын жүргізді. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясының өкілдерімен ұялы байланыстарды тежеу жүйесі жабдығының мөлшері өлшенді. Бүгінгі таңда УГ-157/11 мекемесінде ұялы байланысты тежеу жүйесі жабдығы 100 пайызға жұмыс жасауда».
Бірақ бұл жерде біздің сұрақта көрсетілген мәселе бойынша нақты жауап берілмеген.
Осы мекеменің режим, күзет және қадағалау басқармасының аға жедел уәкілі міндетін атқарушы Нәсіпқали АЙТЖАНОВТЫҢ түсіндіруінше, байланысты тежеу құрылғыларды орнату кезінде ұялы байланыс операторлары өкілдері мен Атырау облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясы қызметкерлері қатысып, тексеріп, өлшеп, соңында барлығы актіге қол қойған екен.
Атырау облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясы басшысы Марат МАХМУТОВПЕНтелефон арқылы сөйлесіп, мынадай жауап алдық:
-Колонияда орнатылған байланысты тежеу құрылғыларын кезінде қарағандылық «Темір құрылыс-2007» ЖШС мен израильдық бір компания орнатқан болатын. Құрылғыны орнату барысында 4 негізгі өлшеу жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстар барысында сигнал деңгейі колония аумағынан шыққан жоқ. Тежеу құрылғылары жақын маңдағы абоненттерге әсер етпеу үшін, «заглушкалардың» антенналарын бұрып қойдық. Біздің мекеменің кез келген уақытта барып, ол жерге тексеріп тұруға уақытымыз жоқ, біз тек техникалық қызмет ұсынамыз.
Сонда бәрі қолынан келгеннің бәрін жасаған, ешкімнің кінәсі жоқ, ал колония маңындағы тұрғындар әлі күнге ұялы байланысты қолдана алмай отыр. Және бұл тек атыраулықтардың ғана проблемасы емес.
Бұл мәселе 17 қыркүйекте Алматыда өткен байланыс саласын реттейтін заңдарға өзгерту енгізу туралы өткен дөңгелек үстел барысында да дау туғызды. Сол жиын барысында парламент депутаты Рауан ШАЕКИН түрмелер мен колонияларда байланысты тежеу құрылғыларын орнату үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғанын атап өтті. Бірақ қанша қаражат жұмсалғанмен, байланысты реттеу әлі күнге дейін бір жолға қойылмаған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА