Атырау, 8 қараша 18:41
 бұлттыВ Атырау 0
$ 492.22
€ 529.38
₽ 5.03

Мұнайдан басқа байлық бар

5 044 просмотра

1963-2011 жж. аралығында (үзілістерімен) жүргізілген геологиялық-іздестіру, барлау және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Батыс Қазақстанда бор және калий өнімдерін өндіруге сенімді минералды-шикізат базасы жасалды.

Айта кетсек, 1964 жылы Индер күмбезінің солтүстік шығыс жағынан 40 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы аумағында «Сатимола» ірі тау-кен химиялық шикізат кен орны ашылды.

Қойнауынан тау-кен химиялық шикізат шоғыры ашылған Сатимола тұз күмбезі солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа 37 шақырымға созылған және ені 8-10 шақырымды құрайды. Гипс қабаты 350 м тереңдікте шоғырланған.

Сатимола күмбезінде тау-кен химиялық шикізат шоғырының үш түрі анықталды: гипс қабатының элювиалды бораты, тұз қабатының бор-калий және калий тұзы.

Гипс қабатының элювиалды бораты тек тұз қабаты бор-калий тұзының жер асты суларымен араласуынан ғана түзіледі.

Элювиалды шоғырлардың орналасуы блоктың қабаттық құрылымындағы негізгі жыныстардың жағдайы арқылы бақыланады.

1986 жылы КСРО Пайдалы қазбалар қоры комиссиясында Сатимола кен орнының Орталық учаскесіндегі элювиалды бор кені қоры бекітілді. Бұл қорлар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік балансында 01.01.2006 күнгі жағдайымен есепке алынған.

2004 жылы Сатимола кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп, құрамында бор және калий бар бораттарды өндіру бойынша қойнауды пайдалану операциялары «Сатбор» ЖШС-не берілді. 2005-2006 жж. Сатимола кен орнында «Сатбор» ЖШС күшімен бұрын жүргізілген барлау жұмыстарының деректерін тексеру және технологиялық сынамалар алу үшін барлау жұмыстары жүргізілді.

01.01.2010 күнгі жағдай бойынша ҚР Мемлекеттік пайдалы қазбалар балансында Сатимола кен орнының бор кені қорлары есепке алынды.

Бор-калий тұздары тау-кен химиялық шикізаттың бұрын зерттелмеген,  әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ жаңа түрлері болып табылады. Олар - Жер шарында кәсіпшілік масштабта тек Каспий маңы ойпатының төменгі кунгур галогенді формациясында ғана кездеседі және құрамында бор, калий, магний, бром және ас тұзы бар кешенді шикізат.

Тұз қабатындағы бораттардың калий-магний тұздарымен генетикалық байланысы бар екені анықталды. Бор минерализациясын оқшаулауға қолайлы жағдай оның жыныстардың түрлі литологиялық құрамымен немесе магний және калий хлоридтерінің сульфатпен және тас тұзбен араласу учаскелерінде байланысуға бейімделгенінен туындайды. Бор-калийлі тұздар шоғырының морфологиясы тұз массивінің ішкі тектоникасының білінуімен бақыланады.

1974 жылы кенорнының Орталық учаскесіндегі бор-тұзды кен қоры КСРО Пайдалы қазбалар қоры комиссиясында мақұлданды.

«Сатбор» ЖШС 2007-2010 жж. Орталық учаске алаңында және оның қапталдарында бор-тұз кендеріне іздеу-барлау бұрғылауын жүргізді.

Айнасы 340-350 метр тереңдікте жатқан тұз қабатында брахиантиклиналды қыртыстардың изоклиналды құрылымдарына қатысатын калий және калий-магнийлік тұздар кешені ашылды. Өнімді тұздардың тұз массивінің ішкі тектоникасын көрсететін тұз айнасына шығуы қиын формаға ие.

2007-2009 жылдары Сатимола кен орнында бор-калий және калий кендерін барлау жүргізілді.

Сатимола кен орнының калий және құрамында боры бар тұздар қоры 01.01.2010 күнгі жағдаймен есептелді. Сатимола кен орнының калий тұзы қоры 01.01.2011 күнгі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы құзыретті органдарында бекітілді.

Сатимола бор-калий және калий тұзы тау-кен химиялық шикізат кен орнынан басқа Индер күмбезінің оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан №99 кен орны да барланды.

Геологиялық тұрғыдан ерекше және бор минералды шикізат түрі бойынша баламасы жоқ №99 Индер борлы тұз кен орны 1961 жыл мен 1986 жыл аралығы кезеңінде зерттелді. Өнеркәсіптік борлы тұз кенінің төрт түрі белгіленді, оларда бораттар мен хлоридтермен қатар кальций мен магнийдің сульфатты минералдары бар.

№99 кен орнының борлы-калийлі тұздарын жер асты барлау нәтижесі бойынша бор қышқылы мен калий қышқылы 1987 жылы КСРО Пайдалы қазбалар қоры мемлекеттік комиссиясының №103109 хаттамасына сәйкес бекітілді.

№99 кен орнының оңтүстік шығыс және солтүстік шығыс бөлігіндегі борлы-калий тұзы зерттелместен қалды. Сол жерлерде барлау жұмыстарын жүргізсе, жаңа шоғырлар ашылады деп күтілуде. Жалпы, болашақта Индер күмбезінің оңтүстік батыс бөлігі бор, калий, бром, магний және басқа да химиялық элементтерді өндіру мен өңдеудің ірі орталығына айналуы керек.

Бор-калийлі және калий тұзы элювиалды бораттарын барлау жұмыстары үдерісінде ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Көп жылдар бойғы (бірнеше онжылдықтар) зерттеулер нәтижесі бойынша біз алғашқы рет Орталық калий-бор провинциясының борлы-калий шоғырындағы бор шөгінділерінің шөгуі мен қалыптасуының ғылыми фундаменталды негізін анықтадық. Төменгі қабатта кунгур кезеңінде теңіз ортасынан бордың шөгуімен қатар бір мезгілде кальций магний сульфат шөгінділері түзіліп, ұсақ минералды агрегаттар қалыптасқан. Бор, калий және магний тұздары минералды агрегаттарының 6 түрі зерделенді.

Ғалымдар үшін бораттардың өнеркәсіптік шоғыры тек Каспий маңы ойпатының төменгі кунгур галогенді формациясында ғана кездесуі және борлы-калий тұздарының өнеркәсіптік шоғырының, кембрий мен неогендерге дейін әлемнің басқа галогендік формацияларында жоқ болуы жұмбақ күйінде қалуда. 

Төменгі Пермьде, Каспий маңы тұзды бассейнінде кунгур уақытында қалыптасқан тас тұздың мықты қабаты шоғырына вулкандық өнімдер және оларға ілескен құрамында бор мен күкірт бар газдар сіңгені анықталды. Каспий маңы ойпаты борының вулкандық-теңіз тегі бар.

Осылайша, бордың өнеркәсіптік шоғырының әлемнің басқа тұз текті бассейндерінде жоқ болуы бұл жерлерде тұз массасының шоғырлануы кезінде бор құрамы бар вулкандық өнімдердің араласпауынан болып табылады.

Сөз соңында Сатимола тау-кен химиялық шикізат кен орнын ашу және барлау Батыс Қазақстанда бор және калий өнеркәсібін дамыту үшін мықты шикізат базасын жасағанын айта кеткен жөн.

Сатимола элювиалды бораттар, бор-тұз кені және калий тұзы кен орнын шикізат беруі мен маңыздылығы ауқымы бойынша Қашаған мен Теңіз кен орындарына теңеуге болады.

ҚР Мемлекеттік пайдалы қазба қоры комиссиясы бекіткен бір Сатимола кен орнындағы В+С санаттары бойынша элювиалды борат, борлы тұз кені және калий тұзы қорлары қуаты бұрынғы Алға борат өңдеу химиялық комбинатымен (Ақтөбе облысы) бірдей болатын болашақ тау-кен химиялық кешенді 147 жыл шикізатпен қамти алады, ал осы Орталық учаскенің (С2 санаты бойынша барланған) борлы тұз кені қуаты бұрынғы Алға борат өңдеу химиялық комбинатымен пара-пар тағы бір болашақ зауытты бірнеше жүз жылға қамтамасыз ете алады.

Каспий маңы ойпатының Орталық калий-бор провинциясында жаңа бораттар мен калий тұзы кен орындарын ашуға мықты ғылыми база әзірленді. Оның аумағында 212 тұз массиві орналасқан, мәселен, Сатимола, Индер, Шалқар, Шұғыл, Круглый, Лебядинский, Жабағы, Қыз және т.б.

Қазіргі уақытта «Сатбор» ЖШС компаниясы Сатимола кен орнының Орталық учаскесінен алғашқы кезекте құрамында калий және боры бар тұз өндіру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Оларды игеру үшін жер асты барлау жобасы әзірленді. Жақын әзірде 650 метр тереңдікке дейін жететін шахталық ұңғы өткізу жоспарлануда. Кейіннен 450-650 метр көлденең жатқан шахталық ұңғыдан калий және борлы тұздарды жер асты барлау жүргізу және игеру үшін көлденең тау-кен қазбалары (штректер, квершлагтар, орттар) өтетін болады.

Соңғы бірнеше онжылдықтарда жүргізілген ғылыми-зерттеу және барлау жұмыстарының қорытындысы жақын болашақта Батыс Қазақстанда элювиалды бораттар, бор-калий және калий тұздарын өндіру және өңдеу бойынша ірі химиялық кешендер пайда болады деп сеніммен айтуға болады.

Мұфтах ДИАРОВ, ҚР Ұлттық академиясының академигі, геология-минерологиялық ғылымдардың докторы 

26 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.