Индербор кентіндегі Махамбет көшесі, №12 үйдің тұрғындары электр тогынан қауіптеніп отыр.
Бұл үйде 41 пәтер бар, 100-ден астам тұрғын тұрады. Ал үйдің дәлізіндегі төбеде барлық пәтердің жалғанған электр желілері біріктіріліп, салбыраған күйінде тұр. Бұл – қауіпті. Сәл тұйықталу болса, өрт шығып, ток соғуы мүмкін. Қатер аяқ астында.
Пәтердің иелері төртінші қабаттан төменге дейін салбыраған электр тогының желілері жөнінде «Атырау-Жарықтың» Индер ауданындағы филиал басшыларына ескерткенімен, олар үйдің ішіндегі электр тогының желісіне жауап бермейтіндіктерін ашып айтыпты.
- Бұл кезінде училище түлектеріне арналып салынған жатақхана. Кейін басшылық бас тартқаннан соң бұл үй қаңырап бос қалды. Жергілікті әкімдік баспана сұраушы тұрғындарға пәтер бере бастаған. Сол жылдардағы округ әкімі «барып тұра беріңдер, кейін жекешелендіріп аласыңдар, біз көмектесеміз» деді. Бірақ билік сөзіне тұрмады. Оның үстіне, округ әкімі бірнеше рет ауысып, ақыры жыл сайын жазған арыздарымыз жоғалып тынатын болды. Мен мысалы 12 жылдан бері осында тұрамын, қанша рет арыздандық, бірақ пәтерді толық иелену құқығын да бермей қойды. Бізге жекеменшікке берсе, бәріміз бірігіп, ПИК құратын едік. Әйтпесе, жалдамалы пәтер тұрғындары секілді дел-сал күй кешіп отырмыз, - дейді Ақмарал СЛАМБЕКОВА.
Тұрғындардың қолында үй кітапшасы ғана бар, басқалай құжат жоқ. Бұл үйдің кімнің балансында екенін білу үшін тұрғындар талай рет әкімдікке барған. Баспананы уақытша мекен етушілер бұл үйдің округ әкімдігінің балансында екенін анықтаған. Десе де, билік басындағылар баспана иелерінің басын тағы шырғалаңға салып қойды. Бар шатақ 2012 жылы 2 мамырда қатты желдің салдарынан ұшып кеткен 20 шақты шиферден басталды. Табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындар көмек сұрап округ әкіміне арызданады.
- Әкімдіктен көмек сұрағанымызда Индербор кентінің әкімі Б. Нұрғали «...Бұл үй жеке болғандықтан жауапкершілікке алынбайды, қаражатпен көмектесуге мүмкіндік жоқ» деген тұрғыдағы жауап хатын алдық. Бұл не бас қатыру, сонда бізге пәтерлерімізді жекеге берген бе, қашан беріп еді деп, сандалдық та қалдық. Әлде шатыр жөндеуден бастарын алып қашу ма? –деп түсінбей отыр тұрғындар.
Өткен жылдан бері мұндағы төрт отбасы жауын жауған сайын азап шегіп келеді. Төбесі жалаңаштанып қалған пәтерлерден су аққанда бүкіл көршілер болып су тасиды екен. Бірақ қашанға дейін осылай жалғасатынын ешкім білмейді.
Индербор кенті әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ:
- Бұл үй аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі бөлімінің балансында тұр.
- Сіз тұрғындарға жазған хатыңызда жекеменшік үй екенін жазыпсыз ғой.
- Мен шатасып кеткен болармын. Мамандар хатты дайындап береді, солардың білместігі болар.
Бұған қатысты Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН былай деп жауап берді:
- Биыл демеушілікпен кенттегі көп қабатты төрт үй - Қонаев көшесі, 20, 21, Махамбет көшесі,18, 20 үйлердің жертөлесін тазалау, подъездерді жай жөндеуден өткізу, абаттандыру, автономды жылу орнату жұмысы жасалынбақшы. Махамбет көшесі, №12 үйдің шатырын ауыстыруға қаржы жоқ. Бұл жұмыстарға бюджеттен қаржы қаралмайды ғой, ал жомарт демеуші табу оңай емес.
Бүгінде Индер ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы комиссия құрылып, ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы №1420 Қаулысына сай, өз балансындағы 34 пәтерді жалға беру жұмыстарымен айналысуда. Осы қаулыға сәйкес, аудандық әкімдіктің тұрғын үй қорындағы пәтерлер күрделі жөндеуден өткізілген соң жалға берілуі тиіс. Ал тұрғын үй қорындағы аталған 34 пәтердің тізіміне даулы мәселеге арқау болған Махамбет көшесі, №12 үй де кіреді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА