Соңғы кездері медициналық қызмет көрсету жүйесі тұрақты өзгерістерге ұшырауда. Мұның бәрі бірдей пациенттерге қолайлы бола бермейді. Стационарға тек портал бойынша, ал емханадағы белгілі бір маманға алдын ала жазылу бойынша ғана қабылданады. Бұрын үнемі дәрігерлерге жүгінетін жағдайлар туындай қалса, бүгінде медиктер шыдамдылық танытып, күтуге кеңес береді. Әсіресе, әйелдерге қатысты жаңа тәсілдер көп: оларды гинекологиялық креслодан шарға отырғызды, олардың нашар болса да, зарарсыздандырылған іш көйлектерін тартып алды, емшектегі баланың кіндігіне күтім жасауға және оларға су беруге тыйым салды. Жаппай зарарсыздандыруға үйренген және үнемі медициналық көмек алатын кеңестік принциппен өскен біздің әйелдер психологиялық тұрғыда медицинаның батыстық стандарттарының енгізілуіне дайын болмай шықты. Тіпті бесінші баласын дүниеге әкелген ана үйреншікті әдетімен учаскелік педиатр үйге келіп қалар деп күтуін қоймайды. Онсыз қалай болмақ? Енді учаскелік дәрігер айына тек бір рет қана келумен шектелуі мүмкін... Осы мәселелер туралы біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВАМЕН (суретте) сұхбаттасқан едік.
ПАТРОНАЖ – ТӘУЕКЕЛ ТОБЫ БОЙЫНША
– Дина Базарбайқызы, ата-аналар, олардың пікірінше, жаңа туған сәбилерге уақытында қамқорлық көрсетілмейді, қызметтері сапасыз, дәрігерлер мен медбикелер сәбиге сирек келеді, аналарды омыраумен қоректендіру машықтарын үйретумен айналыспайды, сәбидің медициналық кәртішкесіне жазбалар толтырумен ғана шектеледі, деп шағымдануда. Дәрі-дәрмек қобдишасын қайта-қайта еске салып сұрағаннан кейін береді дейді...
– Дүниеге келген сәбилерге көрсетілетін патронаж қызметін ешкім жойған жоқ. Бұрынғыдай перзентханалар қала мен аудан емханаларына активтерді – дүниеге келген сәбилер тізімін береді. Перзентханадан шығарылғаннан кейін алғашқы үш күн ішінде дәрігер медбикемен бірге сәбиге баруы тиіс. Келген кезде олар медициналық кәртішкеге сәбидің тәуекел тобын белгілейді. Әрі қарайғы келу жиілігі осыған байланысты болады. Тәуекел тобы сәбидің, анасының жағдайына, отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы және сәби денсаулығының тобы бойынша бағаланады. Анасы өзін нашар сезінген, сәбидің денсаулығы әлсіз болған жағдайда және тұрмыстық жағдайы ауыр болса, сәби 3-ші тәуекел тобына есептеледі. Медиктер осындай сәбиді алғашқы бір ай бойына күн сайын қарауы тиіс. 2-ші тәуекел тобындағы сәбилерге дәрігерлер аптасына бір рет, ал 1-ші топтағы сәбилерге айына бір рет барады. Бір айдан кейін сәби белгілі бір мамандардың жоспарлы тексеруінен өткеннен кейін тәуекел тобы қайта қаралады. Қазіргі уақытта амбулаториялық жүйе шеңберінде, соның ішінде бір жасқа дейінгі балаларды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз ету жөнінде жаңа бұйрық әзірленуде. Бәлкім, біз дәрі-дәрмек қобдишасын беруден мүлдем бас тартатын да шығармыз. Жыл өткен сайын оның ішіндегі құралдар азайып жатыр, ақыр аяғында қобдишада жасыл дәрі, емізік, термометр, клеенка, балалар сабыны мен мақта ғана қалды. Баршасына қолжетімді, кез келген дәріханада бар жиынтыққа жыл сайын миллиондаған қаржы жұмсалады. Бұл қаржыны қажетті дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған жөн болар еді. Осы ұсыныс халықаралық тәжірибе мен жаңа стандарттарға негізделген. Мәселен, біз ұзақ уақыт бойына кіндікті толықтай жазылып кеткенше марганец ерітіндісімен немесе жасыл дәрімен өңдеу қажет деп есептеп келдік. Жаңа хаттама бойынша ашық жараға кез келген нәрсені жағу инфекцияның түсуіне әкелуі мүмкін деп есептеледі. Демек, кіндіктің өзі кеуіп, түсуі тиіс. Қобдишада тағы не бар? Сеппе ұнтақ. Оны пайдалану да мақсатсыз деп танылған. Базданған жерлерді сеппе ұнтақпен өңдеудің орнына аналарға сәбиді жиі шомылдыруға, оған ауа ваннасын қабылдауға мүмкіндік беруге кеңес береміз. Осындай күтім жасалғанда баздану болмауы тиіс.
– Жазда бізде күн өте ыстық, қыста, өздеріңіз білесіздер, пәтерлерде коммуналдық проблемалардың салдарынан салқын болады. Аналар тәуекел еткісі келмейді ғой.
– Бәлкім, бұл өрескел естілуі мүмкін, бірақ біздің табиғаттан үйренеріміз баршылық. Мысықтардың өз балаларын қалай жалап-жұқтайтынын қараңыз. Тек памперс ауыстырумен шектелмей, аналар да солай сағат сайын сәбиінің бүкіл бүгілетін жерлерін жуып отыруы тиіс. Ауа-райының бұл жерде қатысы жоқ, адамдар ең ауыр кезеңдерде де дүниеге бала әкеліп, оларды өсірген ғой.
– Яғни, жаңа хаттамалар босану, балаларға күтім жасау тұрғысында табиғи жағдайға оралуды білдіреді ғой.
– Иә, ешқандай емізік, ешқандай бөтелке, тамақтану режиміне мәжбүрлеп таңылған жасанды қоспалар болмайды. Кейбір аналар өздерінде емшек үрпілері жоқ, нақтырақ айтқанда, жетілмеген деп ақталады. Сеніңіз, ананың сәбиді қоректендіру қабілеті бұған байланысты емес, ол адам басында қалыптасады: 9 айда гормондар ұрықты дамыту үшін жұмыс жасайды. Ал босанғаннан кейін сүттің болуына жұмыс жасай бастайды. Сондықтан сәбиді түнде де үзіліссіз емізу керек. Егер анасы қаласа, оны міндетті түрде үйренеді. Ал кейде көбінесе аналары сымбатын бұзып аламын деп қорқып, сәбиді жасанды қоректендіруге үйрету үшін кез келген сылтау табуға, оны күтушіге тапсыруға және өз ісімен айналысуға жұмыстанады. Айтпақшы, жаңа бұйрықта жасанды және аралас қоректендіруге арналған көрсетілімдер тізімі өте шектеулі. Олар: анасы тарапынан туберкулездің белсенді кезеңі, онкологиялық сырқат, антибиотиктердің көп мөлшерін қабылдауға мәжбүр болатын асқыну процестері, көпұрықты жүктілік, әлеуметтік жағдайы бойынша - егер анасы күндізгі оқу бөлімінің студенті болса, сәби тарапынан – зат алмасу процесінің ауыр бұзылуы, сәби еме алмайтындай дамудың туа біткен кемістігі.
БҰЙРЫҚҚА СӘЙКЕС
– Жүкті әйелдерге тегін препараттар қандай мерзімде берілуі тиіс? Көбінесе фолий қышқылы мен құрамында темірі бар препараттар банкаларын болашақ аналар тек алмасу картасымен бірге ғана алады, дегенмен олар жүктіліктің ерте мерзімінде қажет болады ғой.
– Осы тармаққа өзгерістер енгізіле ме, әлі белгісіз. Бірақ біз Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 13 шілдесіндегі №452 бұйрығы бойынша әрекет етеміз. Бала туу қабілеті бар барлық әйел ЖҚА (ОАК), ЖЗА (ОАМ), ЭКГ, флюорографиялық тексеру, гинеколог пен терапевтің кеңесінен міндетті тексеруден өтуі тиіс. Бұл оларға жүктілікті жоспарлау кезінде өз проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді. Ата-ана болғысы келетін дені сау жұптар фолий қышқылын жоспарланған жүктілікке дейінгі үш ай бұрын қабылдауы тиіс. Мұндай алдын алу жұмыстары бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіледі. Елде жер-жерде ұрықтың туа бітті кемістігінің көбейіп бара жатқаны байқалады. Ал фолий қышқылы орталық нерв түтігінің дамуына ықпал етеді. Бала бойға біткеннен кейін болашақ анаға препаратты тағы да кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі бойынша үш ай береді. Яғни, препараттарды әйелдер соңғы триместрде емес, жүктілік басталғанға дейін алуы тиіс. Құрамында темірі бар препараттарға келер болсақ, егер бұрын бұйрықта жүкті әйелдер бөлек белгіленсе, қазір бұлардың қатарында бала туа алатын жастағы әйелдер, жүкті әйелдер және пациенттердің басқа санаттары бар. Құрамында темірі бар препараттар қаназдығы (анемиясы) бар бүкіл пациентке тегін беріледі. Рецептілер электронды түрде жазып беріледі. Әр емхана 3 жылдың қорытындысы бойынша оларға қанша дәрі-дәрмек қажет болатындығы туралы болжамды өтінім жасайды. Тәжірибеге сүйенген біз биылғы жылы өтінімдерді қабылдауды ертерек бастадық. Тендерді созбас үшін оны желтоқсанда өткізіп, жыл басынан дәрі-дәрмектерді беруді жоспарлап отырмыз. Өтінімдерді мұқият тексереміз, оларды белгілі бір мамандардың есебіндегі тізіммен салыстырамыз.
ПЕДИАТРЛАР АЗ ҚАЛДЫ
– Екі учаскелік дәрігердің – терапевт пен педиатрдың орнына бүгінде учаскеде жалпы тәжірибедегі дәрігер (ЖТД) жұмыс істейді. Ол ересектерді де, балаларды да қабылдайды. Бұл сәбилердің ата-аналарына ұнамайды. Біріншіден, кезек екі есе, үш есе көбейеді, балаларға жұқпалы ауру жұғу қаупі артады, екіншіден, егде адамдар ешқайда асықпайды, дәрігер қабылдауында 30-40 минуттан уақыт өткізеді.
– Мен өзім педиатрмын, мен де бастапқыда осы тәжірибеге сақтықпен қарадым. Медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерінің жабылғаны жаныма батады. Бірақ, білесіз бе, Ресейде, Қырғызстанда оларды жауып тастады да, бес жылдан кейін қайтадан ашты. Біздегілер де сондай шешім қабылдайды деп үміттенемін. Екінші жағынан, егер проблемаға үңілер болсақ, ЖТД тәжірибесінің өз артықшылықтары бар. Бұл тәжірибе емхананы кадрлармен толықтыруға мүмкіндік береді, екі дәрігердің жұмысын біреуі атқаратын болады. Балаларды да, ересектерді де емдейтін ЖТД отбасының бүкіл мүшесінің сырқаттарын біліп, тұқым қуалайтын сырқаттардың пайда болу тәуекелін болжай алады. Отбасылық дәрігер сәбиді туған сәттен бастап біледі және оны бүкіл өмір бойына жетелейтін болады. Сәбиге шақырту алғаннан кейін оның атасы мен әжесін де қарай алады, қан қысымын өлшеп, босанғаннан кейінгі анасының, операциядан кейінгі әкесінің жағдайын тексере алады. Осыны түсініп, осы мәселеге қатысты өз көзқарасымды өзгерттім. Оның үстіне, жоғары оқу орындары қазір жалпы тәжірибеге дайындалған дәрігерлерді оқытып шығаруда.
Біз педиатрияға дайындаған терапевтердің балаларға қандай үреймен барғандары есімде. Ересектер бөлек мәселе ғой, ал бұлар дүниеге жаңа келген сәбилер, оның үстіне шала туған сәбилер. Педиатрлар терапияға, яғни, қант диабетіне, жүрек сырқаттарына шалдыққан пациенттерге, шұғыл көмекке мұқтаж жандарға болмаса, анағұрлым еркін барды. Алдымен айлық курстар, содан кейін 4 айлық курстар болды. Барлық жаңа өзгерістерге адамдар қауіппен қарайды ғой, бұл табиғи құбылыс, бірақ ЖТД-да болашақ бар.
– Білесіз бе, неліктен біз бұлай жасаймыз? Шынымен де, егер дәрігер менің отбасымды 20 жыл білген болса, мен оған сенер едім. Бірақ бізде үнемі өзгерістер болып тұрады: алдымен отбасылық дәрігерлік амбулаториялар (ОДА) болды, содан соң оларды таратты, енді ЖТД енгізіп жатыр. Ертеңгі күні бұларды да қателік деп танымасына кім кепіл? Сондықтан бұрынғыша жаңа туған сәбиді педиатрға бекітуге болмай ма? Ал отбасының қалған мүшелері жалпы тәжірибедегі дәрігер қызметіне жүгінсе?
– Отбасылық дәрігерлік амбулатория жүйесін біз 1999 жылдан 2001 жылға дейін енгіздік. Бірақ, біз ол кезде әлі бұған дайын болмадық деп ойлаймын, оқу курстары болған жоқ. Бәрі де дәрігерлердің құлшынысымен болды, педиатрлар мен терапевтер бір-біріне көмектесті, шақыртуларға бірге барды, бір-бірінен тәжірибе жүзінде үйренді. Кешікпей бағдарлама тиімсіз деп танылып, оны жауып тастады. ЖТД дүние жүзінде жақсы жұмыс істеп жатыр, біз жаңа, тың ештеңе ойлап тауып жатқан жоқпыз. Медициналық жоғары оқу орындарының бүкіл студенттері – ЖТД дәрігерлері, оларда тек 5-курстан кейін ғана мамандандыру басталады.
Тәжірибе жүзінде, әрине, сәбиді педиатрға бекітуге болады, бірақ бұған қажеттілік бар деп ойламаймын. Мұндай жағдайда бұрынғы кезге ораламыз. Бізде дәрігер-педиатрлар өте аз қалды, олар өз учаскелерінде орташа алғанда 800-900 баладан қызмет көрсетеді. Ал ЖТД-лар оқу курстарынан өтіп, тәжірибе жинақтап, керісінше, өз учаскелерінде түрлі жастағы 2-2,5 мың пациентке бақылау жасайды.
Естеріңізге салсақ, 15 қыркүйек – 15 қазан аралығында қайтадан халық санағы және түрлі дәрігерлерге бекіту науқаны жүргізіледі. Бекіту пациенттің қалауымен жүргізіледі, бірақ басқа емхананың аумағында тұратын пациенттің үйіне шақыртуына қызмет көрсетілмейтінін ескерген жөн.
ЖҮКТІЛІК ЖӘНЕ ЖЫНЫСТЫҚ АУРУЛАР
– Енді өте шетін мәселеге тоқталайық. Жүктілік кезінде жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауруларды уақытында емдеуге бола ма және емдеу қажет пе? Учаскелік гинекологтар өздеріне жауапкершілік алып, дәрі-дәрмек тағайындауға тәуекел етпейді. Ал болашақ аналар сәбиге ем бе әлде әрекетсіздік пе, қайсысының зиян келтіретінін білмей дал болады.
– 2007-2010 жылдар аралығында біз бүкіл жүкті әйелдердің барлығын жыныстық жолмен берілетін анағұрлым кең тараған жеті түрлі жұқпалы ауруларға қатысты тексеруден өткіздік. Оларға папилломавирус және цитомегаловирус, генитальды ұшық, хламидиоз, микоплазмоз, уреаплазмоз, кандидоз жатады. Бәрінің дерлік ауру жұқтырғанын тәжірибе көрсетіп берді. Әрқайсысында екі немесе одан да көп инфекция бар. Тіпті бар болғаны бір инфекция анықталған жағдайды есіме түсіре алмай отырмын. Біз осы мәселе бойынша дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасымен жұмыс жасайтын халықаралық мамандармен ақылдасқан едік, олар таң қалды. Олардың пікірінше, біз ақшаны желге шашып жатыр екенбіз. Жүктілік жақсы өткен жағдайда вирус ана мен баланың жағдайына еш әсер етпеуі мүмкін екен. Ал тек цитомегаловирусты емдеуге арналған препараттың бір қорабы 400 мың теңге тұрады.
Жұқпалы ауруды, мәселен, тұмау немесе созылмалы сырқаттың асқынуы қоздыруы мүмкін. Сол кезде ол ұрықтың көру және есту органдарына және жалпы шарананың қалыптасуына әсер ете алады. Әйелдерге біз осы тұрғыда тексеру жүргіздік. Бізде анасының ауру жұқтырғаны мен ұрықтағы ауытқушылықтың тікелей байланысын көрсететін статистикалық мәліметтер жоқ, өйткені бәрі де ауру жұқтырған. Сондықтан халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, біз жүкті әйелдерді жүз пайыз тексеруден бас тартуды ұйғардық. Оларды тек көрсетілімдер бойынша ғана бағыттап жібереміз.
Емдеу керек пе, жоқ па, оны мамандар пациенттердің жалпы жағдайына, анализдерінің қорытындысына, басқа көрсетілімдеріне қарап шешеді. Егер әйелдің бүкіл анализдері жақсы болса, биохимиялық көрсеткіштері мен туа бітті даму кемістіктеріне қатысты жасалатын анализі қалыпты болса, сәби УЗИ-і ешқандай ауытқушылық көрсетпесе, даму мерзіміне сәйкес келсе, онда бойынан инфекция табылса да, алаңдаудың қажеті жоқ.
– Әйелдер инфекцияның сәби дамуына әсер етуі ықтимал, оның есту және көру қабілеті нашарлауы мүмкін деп қорқады...
– Жүктілік кезеңінде не істеуге болады? Егер айтарлықтай ештеңе болмаса, 24-25 аптада оны жүктілікті тоқтатуға ешкім де жібермейді. УЗИ-де, іс жүзінде, тамыр деңгейінде кейбір туа бітті жүрек кемістіктері секілді көру және есту кемістіктерін анықтау мүмкін емес. Өйткені аппарат бәрін бірдей аңғара бермейді. Біздің де байқамайтын кездеріміз болады. Бірақ, осыған қатысты жұмыс жасап жатырмыз: дәрігерлерді оқуға жіберіп, шетелдік мамандармен шеберлік дәрістерін ұйымдастырамыз және т.б. УЗИ-де негізінен жүректің өрескел кемістігі анықталады. Олардың өзара байланысы бары туралы мәліметтер жоқ екенін тағы да атап өтем.
ШАРАНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ХИРУРГИЯ
– Жалпы Қазақстан бойынша ұрықтың даму кемістігінің көбейіп бара жатқанын айтып өттіңіз, бұл немен байланысты? Біздің өңірге қатысты ахуал қандай?
– Ана денсаулығының өзіндік ерекшелігінен бастап, мұның себептері өте көп. Дәрігерлер жүктілікті жоспарлау қажет екендігін растайды. Ал бізде әлі күнге дейін әйелдердің жылына екі рет босанып немесе жылына бірнеше рет жүктілікті тоқтатқан жағдайлары кездеседі. Немесе басқа жағдай: әйел сәби сүюді армандайды, бірақ жүктілік түсікпен аяқталады немесе белгілі бір мерзімде дамымай қалады. Тексеруге келудің, себебін анықтап, емделудің орнына әйел жүйкесін жұқартып, өзін физикалық тұрғыдан әлсіретіп, қайта-қайта бала көтере береді. Жақында бір жағдай болды. Аудандық дәрігер бір әйелді ауруханаға жатуға әзер көндірді. Ол бірнеше рет түсік тастаған екен, қазір тағы да аяғы ауыр. Әйелдің эндокринологиялық патологиясы бар, оған дәрілер тағайындаса, ал ол ішпейді. Бұл әйелдердің өздерінің зердесіздігінен бе немесе дәрігерлердің дұрыс түсіндірмеуінен бе, айту қиын.
Бірі анық: әр әйел ең алдымен өз денсаулығы үшін өзі жауап береді, дені сау сәбиді оған ешкім де сыйлай қоймайды. Сондықтан ол жүкті болғанға дейін бүкіл ауру ошақтарын: тістерін, асқазанын, бүйрегін және т.б. ретке келтіруі керек. Созылмалы сырқаттың бетін қайтаруға қол жеткізіп, қабылдауға уақытында келіп, ауруханаға жатудан бас тартпау керек.
Сәби дүниеге келгеннен кейін екі-үш күн болғанда есту және көру қабілетінің дамуында кемістік бар-жоғына скринингтік тексеру жүргізіледі. Жеті айдың қорытындысы бойынша есту қабілеті төмен деген күдікпен 36 бала анықталды. Облыстық балалар ауруханасының базасында сурдологиялық қызмет жұмысы ұйымдастырылды. Оның құрамында дәрігер-сурдолог, логопед, дефектолог, психологтар бар. Олар осы балаларды тексеруді жалғастырады да, содан соң қажет болса, оларды толықтай тексеріп емдеу үшін ел емханаларына жібереді.
Қуанарлық жайт, үстіміздегі жылы біз облыстық балалар ауруханасынан облыстық перзентханаға неонаталдық хирургияны көшірдік. 10 балаға ота жасалды, оның 8-і сәтті шықты. Бұл - жақсы көрсеткіш.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ