Атырау, 26 қараша 06:56
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Отырғызылған ағаштар қайда?»

2 482 просмотра

20 қыркүйекте облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті.

 

СУДЫ АЗ АЛА БАСТАДЫ

«Теңізшевройл» ЖШС-нің техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Нұртас КЕНҒАНОВ есеп берді. Ол 2000 жылдан бастап ТШО-ның табиғат қорғау шараларына, ең бастысы – су қорларын қорғауға, ауа тазалығына және көгалдандыруға 363 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағанын хабарлады. 2007-2012 жылдар аралығында ТШО-да су тұтыну 56 пайызға қысқарды. Су қорларын тиімді пайдалану шаралары табиғат қорғау бағдарламасы бюджетінің 80 пайыздан астамын қамтиды. Атап айтқанда, Теңізде суды қайталама пайдалану жөніндегі ірі жоба жүзеге асырылады. Ағын суларды биологиялық тазарту стансасы салынуда. Таяу күндері осы жүйенің алты реакторының екеуі пайдалануға берілді. Өнеркәсіп аймағындағы жоба аяқталғаннан кейін ТШО-да күн сайын санитарлық нормаларға сай келетін үш мың текше метр тазартылған, техникалық су өндірілетін болады.

Бүгінде компания судың баламалы көздерін зерттеу жөніндегі екі бағдарламаны жүзеге асыруда, ғалымдар мұның қорытындыларын 2014 жылы жариялайды. Сонымен қатар, су тазарту қондырғыларын техникалық жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл булану алаңындағы ағын сулар мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың мамырында компания облыстық экология департаментінен мұнай қабатына ағын суларды айдауды қарастыратын ағын суларды жаңғырту жобасына оң қорытынды алды. Жылыой ауданының әкімдігімен бірге жүзеге асырылатын басқа жоба Қамыскөл көлінің жағдайын жақсартуды мақсат етіп қояды.

Сонымен қатар ТШО күкіртті балқыту және түйіршіктеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба сараптамадан өтіп, жыл аяғына дейін жүзеге асырылатын болады.

Бүгінде «Теңіз» кенішінде 1,6 млн тонна күкірт сақталады, ал 2006 жылы 9 млн тоннадан астам болып еді. Күкірт карталарының әрі қарай пайдаланылуын Альберта провинциясының күкірт институтының (Канада) ғалымдары зерттемек. 2000 жылдан бастап алауларда сұйытылған газды өртеу проблемаларын шешуге 75 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде ауаға тасталатын шығарындылар 74 пайызға азайды.

Теңізшевройл 2007 жылдан бері көгалдандырумен айналысып келеді. Атап айтқанда, жергілікті жағдайға бейімдендірілген көшеттерді өсіретін тәлімбақ ашылды. 9,5 гектар алаңға 16 мың тал егілді. Тек жақында ғана көшелерді абаттандыру айлығының аясында ТШО қызметкерлері Құлсары көшелеріне 2 мыңдай көшеттер отырғызды. Қазанда бұл жұмыс жалғасын табатын болады, - деп хабарлады Н. Кенғанов.

Бұл сөздер облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ күдігін тудырды:

Егер сіздер 2007 жылдан бастап тал отырғызған болсаңыздар, ағаштар баяғыда-ақ бой алып кеткен болар еді. Қане, олар, көрсетіңіздерші?Компания биыл көгалдандыруға 24 млн теңге бөлді. Сіздердің аумақтарыңыздың қандай екенін қарасаңыздаршы, сіздер не, бір шақырым жерге бір көшеттен отырғызғыларыңыз келе ме? ...Мұнай қабатындағы флюидтарға мұқият болыңыздар. Мен Батыс Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде техногендік жер сілкінісі орын алды. 10 мың тұрғыны бар поселкені көшіруге тура келді. Біз мұндай жағдайдың Атырауда орын алуына жол бермейміз. Осы жерде қасымызда Каспий бойында жарылған жер өтеді. Қауіптілік деңгейін тексеру үшін мамандар шақыру керек.   

 

АЛТЫН БАЛАБАҚША

ТШО тарапына депутат Александр ДУМЛЕР сын айтты:

2012 жыл ішінде мұнай өндіру 6,7 пайызға қысқарды, ал стационарлық көздерден тасталған шығарындылар, керісінше, апатты шығарындылар есебінен көбейді. Қазіргі уақытта сотта облыстық экология департаментінің ТШО әрекетіне қатысты жүзден астам талап арызы қарастырылуда.

Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы Мұхтар КЕНҒАНОВТЫҢ Жаңақаратон ірі елді мекенінде ТШО қаржысына балабақша құрылысын жандандыру қажеттілігі туралы қойған мәселесі қызу талқылауға түсті.   

ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕРпоселкедегі балабақша құрылысының жалғасатындығына уәде берді. Бұл жерде құрылыс жөніндегі облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШӘКІМОВ сөз алды:

Құрылыс біздің бастамамызбен тоқтатылды. Өйткені облыстық бағдарлама бойынша 280 орындық осындай балабақшаларды біз 430 млн теңгеге саламыз. Ал ТШО-да бұл 1,2 млрд теңгеге шығады.

Облыс әкімі «алтын бассейндердің қажет еместігін» атап өтіп, жобаға сараптама жүргізуге нұсқау берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 қыркүйек 2013, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.