16 қыркүйекте алғаш рет мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен Атырауда «Жайық-Каспий бассейнінің таза жағалауы» акциясы басталды. Бір ай бойына Атырау қаласынан өтетін және теңізге дейінгі Жайықтың жағалау бойы қоқыстан, қамыс қопаларынан тазартылатын болады.
Акцияға табиғат қорғау прокуратурасынан басқа жер, балық қорғау инспекциясының, су полициясының, көлік бақылау қызметінің, басқа да бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмылдырылатын болады.
– Басты мақсат - жағалау бойының өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен ластануына жол бермеу және алдын алу, - дейді табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Сапар ТҰРСЫНБЕКОВ.
Қала шеңберінде тазарту жұмыстары Балықшыдағы жағалаудан басталды. Таң атпай бұл жерде қоқыс жинап қана қоймай, жағалауды қамыстан тазартқан «Арнаулы автобаза» КМК қызметкерлері жұмыс істеді. Олармен қатар балық қорғау қызметінің қызметкерлері катерлермен өзендегі браконьерлік ауларды сүзіп шығарды. Балықшының жеке секторындағы жеке үй акцияға қатысушылардың назарын аударды. Оның қожайындары жағалау аймағын жеке айлақ ретінде пайдаланады екен. Осы жерде екі катамаран мен бірнеше моторлы қайықтар қолайлы орналасқан және тағы бірнешеуі жағалауда тұр. Жағалаудың осы бөлігін жергілікті тұрғындардың «жекешелендіріп» алғаны туралы біз жазған едік («АЖ», №24, 13.06.13 ж., «Жағалауды жапқан автобус» жарияланымын қараңыз). Тексерушілерді үй мен айлақ қожайынының өзі қарсы алып, жағалаудың осы бөлігі – оның жеке меншігі екенін және оның барлық заңды құжаттары бар екенін айтты. Бірақ оларды көрсетуден бас тартты.
– Су полициясының қызметкерлері осы учаскенің пайдаланылу заңдылығын тексереді. Егер заң бұзушылық анықталса, онда шара алатын боламыз, - деп атап өтті жер инспекциясының қызметкері.
Тексерушілер Байжігітов көшесі мен Бейбітшілік даңғылының бойында орналасқан үйлердің бойындағы жағалаумен жүріп өтті. Бұл жердегі жағалау қоқырсып жатыр. Тұрғындар осы жерге тұрмыстық қалдықтарды да, құрылыс материалдары мен кесілген ағаштарды да тастайды.
– Мұның бәрін, әрине, біз жинастырамыз. Бірақ қала тұрғындарының өздері өзенге саналы оймен қарап, оны жуынды төгетін жерге айналдырмағанын қалаймыз, - дейді «Арнаулы автобаза» КМК директорының орынбасары Сәкен ЖЕКЕБАЕВ.
– Акция барысында, сондай-ақ, су көлігін пайдалану заңдылығы да тексерілетін болады. Ал суару үшін су айдайтын жеке үй тұрғындарының жеке сорғыларында балық қорғау құрылғысының бар-жоқтығын тексереміз. Тек бір шағын балықшылық учаскенің өзіне қарағанда жұмыс көлемі көп болмақ, - деп сөзін түйіндеді Тұрсынбеков.
Жағдайды пайдаланып, мен одан Жұмыскер маңында суға батқан кемелер шығарыла ма деп сұрадым («АЖ» осы мәселені әлденеше рет көтерген болатын).
– Иә, осы мәселені шешетін боламыз, – деп жауап берді ол.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор