Атырау, 26 қараша 06:37
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Күрмеуі қиын тіл тағдыры немесе Мемлекеттік тіл туралы заң қайда?

10 888 просмотра

22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі күні. 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып қабылданды. Арада ширек ғасыр уақыт өтіп, еліміз егемендік алып, тілге қатысты көптеген заңдар, бағдарламалар қабылдап жатса да, бұл мәселе дұрыс шешімін таба алар емес. Бүгінгі таңда еліміздегі тілдік ахуал қандай, - мемлекеттік тіл саясатының, қабылданған бағдарламалардың орындалуы туралы осы салада қызмет етіп жүрген тіл мамандарынан пікір алдық.

ҚАЗТЕСТ ТІЛ БІЛУ ДЕҢГЕЙІН АНЫҚТАЙДЫ

Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмыстары  бөлімінің басшысы Мәншүк МҰХАНБЕТҚАЛИЕВА:

- Облыс халқының басым көпшілігі өз қандастарымыз. Ауылдық жерлерде тұратын өзге этностардың барлығы дерлік қазақ тілін біледі. Содан шығар, әлеуметтік зерттеу жүргізгенімізде тұрғындардың 97% қазақ тілін меңгергенін айтты. Яғни, қазақ тілін үштілді ортаның басты элементі қылып қалыптастыру міндеті біздің өңірімізде ойдағыдай орындалып келеді.

Біз қазақ тілін жаппай қолданыс тіліне айналдырып, орыс тілінің қолданыс аясын тарылтпай, ағылшын тілін үйрену арқылы «тілдердің үштұғырлығы» қағидатын жүзеге асыра аламыз. Бұған облыста жағдай бар.

Сонымен қатар, маңызды міндеттің бірі – «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу. «Қазтест» - адамдардың қазақ тілін білу деңгейін қарапайым, базалық, орташа, ортадан жоғары, жоғары – 5 деңгей бойынша анықтайтын жүйе. Осы сияқты жүйелер Франция, Англия, басқа да елдерде бар, сол мемлекеттердің тәжірибесі ескеріліп, Қазақстанның ерекшеліктерін есептей отырып жасалған.

Алдымен, мемлекеттік басқару жүйесінде енгізілетін болады. 2014 жылдан бастап, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерінің тіл білігі осы жүйемен бағаланып, «Қазтест» жүйесі бойынша сертификаттап, 2017 жылға 50%, 2020 жылға 100% қамту жоспарланып отыр.

Қазіргі жастар да мемлекеттік тілдің маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан, ана тіліміз шетқақпай болып қалады деуге негіз жоқ.

 

ТІЛ - ҚАСІРЕТ

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ, Халық-аралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы, «Ақжол» ҚДП мүшесі:

- Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асса да, біз тіл саясаты тұрғысынан бір тоқтамға келе аламай келеміз. Ұрандатып айтамыз, табақ-табақ бет есеп береміз, бірақ жүзеге асып жатқан бір іс жоқ. Қазір тіл мәселесі қазақтың қасіреті болып тұр. Өз елінде өгейсіп, үні шығар емес. Әлемнің қай елінде мұндай проблема бар? Жоқ. Тек Қазақ елінде ғана. Бүгінде елімізде осы мәселеге қатысты бағдарламалар, қаулылар шығып жатыр, бірақ нәтиже жоқ, ең бастысы заңдар солқылдақ.

2011 жылы ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Одан да бұрын бағдарламалар болған. Алайда мақсат пен міндеттер қойылады, бірақ орындалмайды. Соңғы бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталуы жақын, міндеттер толық орындалған жоқ. Тілдерді одан әрі дамыту мен қолданудың нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіреміз деген, оқыту-үйрету жағынан әдістемелер жасалған шығар, бірақ, бірде бір құжат қабылданған жоқ. Мемлекеттік тіл туралы заң да қабылданбады, басқа заңдарға да өзгерістер енгізілмеді. Жақын әзірде енгізілмейді деп те ойлаймын. Биліктің мемлекеттік тілді көтерейін деген құлқы да, ниеті де жоқ. Өйткені ел басқарып отырған азаматтардың өздері де, бала-немерелері де қазақша білмейді. Құжатпен қазақша жұмыс жасай алмайды. Ең бастысы - үйренгілері келмейді. 20 шетел тілін білетін шығар, бірақ қазақ тіліне келгенде қиын оларға. Мақтаншақпыз, даңғоймыз, бірақ ұлттық намыс жоқ.

Биліктің тағы бір айтатын уәжі – Қазақстан халқы дайын емес. Президентіміз: «Қазақстан халқы жүз пайыз қазақ тілін меңгергенде, Қазақ деген ел боламыз» дейді. Егер қажеттілік жоқ болса, болашақ нанын табу үшін осы тіл керек болады ғой деп ойламаса, оны кім меңгереді? Қазір көріп отырмыз, елімізде мекен ететін барлық этнос мүшелерінің қазақ тілін үйренуге деген, сыйлауға деген құлшыныстары жоғары. Балаларын қазақ мектептеріне беріп немесе тіл үйрету курстарына оқытып, меңгеріп жатыр. Барлығы өзімізден, рухсыз, намыссыз басшылардан.

 

ҚҰЖАТТАР ҚАБЫЛДАНБАЙ, ІС ӨНБЕЙДІ

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты

- Елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылмауы басты мәселе ретінде қалып отыр. Неліктен? Түрлі себептер болар, бірақ, ең алдымен, тіл саясатын жүргізу мен тіл заңнамасының орындалуы үшін жауапкершілікті күшейтетін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру туралы міндет нақты іске ұласпағандықтан. Мемлекеттік тілде іс жүргізуге көштік деп есеп бергенмен, билік жүйесі мен халыққа қызмет көрсетудің түрлі саласында қазақ тілін еркін қолдану, іс құжаттарын, қатынас қағаздарын мемлекеттік тілде толтыру (аударма арқылы емес) деңгейіне жеттік пе? Қазақ тілі бүкіл қоғамды топтастыру міндетін атқарып отыр ма, мемлекеттік басқару тіліне, заң шығару тіліне, қоғамдық қатынас тіліне айналды ма? Әрине, бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес. Мемлекеттік тілді тиісті деңгейде білмей-ақ жоғары мемлекеттік қызметті атқару, халық қалаулысы болу қай елде кездеседі немесе мемлекеттік тілде сөйлемейтін, мемлекеттік тілде заң шығаруға қауқарсыз үкімет, парламент қай елде бар?

Ең өкініштісі, мемлекеттік тілді тұғырына қондыру ісінде ғылыми негізделген, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі істерден гөрі құрғақ есеп пен науқандық сипаттағы қайталама шаралар әлі де басым. Қалыптасып қалған осы қасаң жұмыс стилінен шұғыл бас тартпай, іс өнбейді.

Біріншіден, жүргізілетін тіл саясатының заңдық-құқықтық негізін күшейту үшін «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдау және мемлекеттік тіл туралы қабылданған заңға сәйкес ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Бұл мәселе бұған дейін де әлсін-әлсін көтерілгенімен, шешімін таппай келеді. Ал іргедегі Өзбекстан мен Ресейде «Мемлекеттік тіл туралы» заң бар. Қазіргі жағдайда мемлекеттік тіл болса да, арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заңның болмауы мемлекеттік тіліміздің шын  мәніндегі мемлекеттік тіл болуына кедергі келтіруде.

Екіншіден, 1997 жылғы 11 шiлдедегі «ҚР тіл туралы» Заңының 23 бабы («Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi») талаптарын орындау үшін, яғни осы тізбені бекіту үшін арнайы ҚР Үкіметінің қаулысын қабылдау керек. Ал заң қабылданғалы 15 жылдан астам уақыт өтті, аталмыш қаулы әлі шыққан жоқ.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.