Исатай ауданында қысқа дайындық жұмыстары баяу жүріп жатыр. Ауыз су сапасы нашарлап кеткен, ал қысқы маусымға дайындық барысы дұрыс жүргізіліп отырған жоқ.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ?
Аудан әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВТІҢ ақпаратына сүйенсек, бәрі олай емес:
- Аудан қысқа дайын. Жылужайда насостар жаңартылды, қосымша резервтегі қажетті құрал-жабдықтар алынуда. Ал су сапасының нашарлығы, уақытында болмайтындығы жөнінде тұрғындардан ауызша арыз түсті. Аудандағы коммуналдық меншіктегі су тазарту қондырғысы мен су және кәріз жүйелерінің қысқа дайындығы, жалпы жағдайын қарайтын жұмысшы тобын құру жөнінде аудан әкімінің 2013 жылғы 13 тамыздағы өкімі шыққан болатын.
- Село тұрғындары әлі тапсырылмаған су жүйелері арқылы су берілуде және ол өте сапасыз дейді? Неге?
- Оған мен жауап бермеймін. Білмеймін. Бұл мен тағайындалғанға дейін болған.
СУ НЕДЕН ЛАЙЛАНДЫ?
«АққыстауСуАрнасы» ЖШС (директоры Ақкүміс Аманбаева) 2004 жылдан бері Аққыстаудағы928, Тұщықұдық селосындағы 231, Х. Ерғалиев ауылындағы 230, «Өркендегі» 80, Томан елді мекеніндегі 65 үйді ауыз сумен қамтып келеді.
- Тұрғыннан түскен арызға сәйкес ауыз су сапасын тексеруді тамыздың 8-15 аралығында жүргіздік. Негізі ай сайын жоспарға сай су сапасы қадағаланып отырады. Тұрғынның арызына сай тексергенде судың стандартқа сай емес екені, яғни, лайлығы анықталып, суға жауапты «Аққыстаусуарнасы» ЖШС басшылары айыппұл төледі. Бірақ бұдан кейін ешқандай факт анықталған жоқ, - дейді аудандық МСЭҚБ бастығының міндетін атқарушы Ақзияш АБДРАХМАНОВА.
«Аққыстаусуарнасы» басшылығы судың сағатпен берілуі су сақтайтын қазандардың аздығынан деп түсіндірді.
- Соның өзінде Аққыстау селосы халқына таңертеңгі сағат 7.00-ден түнгі 10-ға дейін су береміз. Ал Тұщықұдық селосына түнде ғана беріледі. Тұтынушыларды сапалы сумен қамту және қысқа дайындық барысында 24 млн теңге болатын құрал-жабдықтарды сатып алу үшін қаржылай көмек көрсету жөніндегі хатты жолдағанымызға бес ай өтсе де, ешқандай жауап жоқ. Су неден лайланды? «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай селоішілік құбырлар ауыстырылып жатыр. Аудан әкімдігі СЭС тексерісінен өткен құбырларға су беру жөнінде хатын жолдады. Біз соған орай жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ тексерістен өтпеген құбырларды бізге айтпастан іске қосып, топырақтар лай болып ағып, жұртшылық ренішін туғызғаны рас, - дейді А. Аманбаева.
«Ақ бұлақ» бағдарламасына орай Аққыстау және Зинеден селоларындағы су жүйелерін ауыстыру, резервуар салу, т. б. жұмыстарға бюджеттен 228 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме «ЦентрСтройЛТД» ЖШС 2011 жылы басталған жұмысты 2013 жылдың желтоқсанында бітіруі тиіс.
- Тапсырысшы аудандық құрылыс бөлімі болғандықтан барлық жазаны біз тартып отырмыз. Бұрынғы аудан әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ біткен көшелерді СЭС арқылы тексерістен өткізіп, жұртқа су беріңдер деді. Құбырлар жуып, шайылып, актімен қабылданды. Бірақ мемлекеттік қабылдаудан өтпеген, тапсырылмаған су құбырынан су беруге рұқсат бергенім үшін ГАСК бір, тағысы, тағыларын тексеріп, бар айыппұлды мен төлеп отырмын. Сонда халыққа су бергеніміз үшін жазықтымыз ба? - дейдіаудандық құрылыс бөлімінің бастығы Жұмажан СЫДЫХОВ.
ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА
Селодағы көпқабатты 13 үйді жылумен қамтумен «Исатайтазалық» ЖШС (директоры Гүлзада ХАЛИДУЛЛИНА) үш жылдан бері айналысып келеді. Айтуларынша, қаңтар айында жарықтың жиі өшуінен резервтегі насос пен горелка істен шыққан.
- Біз көктемнен бастап жылужайдың қысқа дайындығы нашар екенін айтып, хат жаздық, - дейді Гүлзада Халидуллина.- Үйлердің астындағы жылу құбырлары өте нашар, істен шығып жатқаны да бар. Ал жақында бізге тек задвижкаларды (суретте) әкеліп тастады. Ол задвижкалар үйлердегі құбырларға арналған. Оны кім ауыстырады, қаржы қайдан шығады, ол жағы тұман күйде. Сондықтан қысқа дайын деп айтуға болмайды. Өйткені былтыр жылужайды аса қиындықпен ұстадық. Рас, халықтан алатын алажағымыз болмаса, бережағымыз жоқ.
- Биыл жылужай жұмысын қолға аласыздар ма?
- Жоқ. Тапсырамыз. Біз бұл жұмыстан бас тартамыз. Хатымызды дайындап жатырмыз. Біз жылужайға қажетті жабдықтарды көктемде сұраттық, бірақ ол күні кеше келді. Әкімдіктен еш көмек жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА