- Көкенің алмаларын айтсаңшы! Неткен керемет еді. Дәмі тіл үйіретін. Біз сол алмамен өстік қой – жазда ағаштан үзіп алып, қыста жертөлеге сақталғанын жедік, - деп тамсана есіне алады Қараш қарияның (суретте) ұрпағы балалық кездерін. Ағайдың жары мен өзінен тараған 8 баласына арнап еккен 10 түп алма ағашы жылдар бойы жемісін ауылдастарынан да аямаған.
ӘСКЕРИ АНТ
Бұл - біздің қала маңындағы Теңдік деген ауылда туып-өскен Қараш шалдың шаңырағына келгендегі әңгіме. Тоқсанның төріне шыққан қария жұмсақ диванға жантая кетті.
- 1921 жылы осы Қайыршақтыда жарық дүниеге келдім, айналайын. 9 сыныптық білімді Талғайраңдағы мектептен алып, 1938 жылы Гурьев мұнай техникумына оқуға түстім. 2 курста оқып жүргенімде соғыс басталып кетті, - деп еске алады Қараш ата.
Бұл кезде Қараш өмірлік жары 17 жасар Ақзибамен шаңырақ көтерген еді. Жүректері лүпілдеп жаңа қосылған жандарды соғыс бірнеше жылға ажыратып әкетті.
...1942 жылдың қаңтарында Қараш кеңес әскері қатарына алынып, сол жылдың мамыр айына дейін әскери құралдармен танысып, қолданып үйренген жас жігіт кейін Харьков қаласы маңындағы майдан шебіне соғысқа аттанады. Ауылдан отанды қорғауға бірге аттанған балаң жігіттердің алдынан тағдырдың талай тосқауылдары дайын тұрған еді.
- Ауылдан бірге аттанған жігіттер соғыс даласында да бір-бірімізге демеу болуға тырысатын едік. Елді, жерді, туғанды сағынатынбыз. Кей кездері басымыз қосыла қалса, ауылды еске алып, шер тарқататынбыз.
Осындай күндердің бірінде кескілескен ұрыс барысында жарылған снарядтың жарықшағы Қараштың ауылдас жолдас жігітіне тиеді. Өліп бара жатып, демі үзілгенше «Елге сәлем айт!» деген бір ауыз тілегін Қараш орындауға серт береді. Бүгінде елі үшін бөтен жерде сүйегі қалған батыр азаматтың ұрпақтары әлі күнге дейін Қараш қарттың шаңырағына келіп, амандасып, арқа-жарқа болып жатады. «Менің әкем мен екі ағам осы зұлмат соғыстан оралмады. Ал бұл кісіні көрсем, әкемді көргендей боламын» дейді екен Жаңа Қаратондық тұрғын.
ЖАУ ТҰТҚЫНЫНДА
Сол 42-нің мамырында Ұлы Отан соғысының тарихына ірі ұрыс ретінде жазылған әйгілі Харьков операциясы орын алады. Кеңес әскерлерінің стратегиялық шабуылы немістердің оңтүстік фронт арқылы Дондағы Ростов, кейін Еділ мен Кавказға шығуына мүмкіндік алған шабуылымен тойтарылады. Қызыл армия әскерлері тұтқынға алынып, немістер Сталинградқа жол тартады. Артиллерия сапындағы Қараш осы ұрыс барысында Дон өзені бойында неміс тұтқынына түседі.
- Тұтқында көргенімді сендердің бастарыңа бермесін. Ол туралы тіпті есіме алғым келмейді, - деді ата кірбің көңілмен терең демін ала отырып. - Мені бір ой қатты мазалайтын - өзім кіндіктен жалғыз едім, енді мен де өліп кетсем, артымда ұрпақ қалмайды-ау деген қорқыныш еді.
Қараш 1944 жылдың маусымында қызылдардың көмегімен тұтқыннан қашып шығып, әскер қатарына қайта қосылып, соғыс алаңына аттанды. 3-Беларусь майданында соғысып жүрген Қараш аяғынан жараланады. 44-тің тамызында жаралы жігіт Литваның Вильнюс қаласындағы госпитальге жатқызылады. Осында жүріп Ұлы Жеңісті қарсы алады. Бірақ елге жетіп, туыс-бауырмен қауышу үшін арада әрі бір жыл уақыт бар еді.
ЕЛГЕ ОРАЛҒАН СОҢ
1946 жылдың мамырында – тура төрт жылдан соң Қараш ауылға оралады. Оны жылап жары Ақзиба қарсы алады. Енді ол өз өмірін ретке келтіре бастайды: жұмысқа орналасады. Теңдік колхозында еңбекке араласып, дүниеге балалары келеді. Бәрі жақсы еді. Бірақ қарғыс атқыр неміс тұтқыны атанғаны Қарашқа тағы бір кесірін тигізеді. 1951 жылы 12 шілдеде Оңтүстік-Орал әскери аймағы әскери трибуналының үкімімен жанды түршіктіретін РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-1 бабы, «б» тармағы бойынша («Отанын сатқан кеңес әскерлері») 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тағдырдың қилы кезеңдері басталды. Петропавлға жазасын өтеуге жіберілген Қараш жиһаз құрастыратын зауытта жұмыс жасаған.
- Жиһаз жасалатын ағаштарды дайындайтынбыз. Үлкен тақтайларды 100 градус ыстыққа кептіру үшін біздерге ыссы мен салқын ауада жүруге тура келетін, - деп әңгімесін жалғастырды қария.
Бостандыққа Қараш Қалиев 1955 жылдың 25 сәуірінде – Сталин өлгеннен кейін шығады, бірақ ақталып емес, соттың жаңа шешімі бойынша мерзімнің қысқаруына байланысты.
ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ
Ауылға келіп, Қайыршақты селолық кеңесіне хатшы болып жұмысқа орналасады. Осы жұмыста жүріп, хат танымаған ауыл адамдарына арыз жазуға, хат жазуға көмектесіп, сауаттылығының арқасында ауыл адамдарының алғысына бөленеді. Балаларын аяқтандырып, асқаралы ата болып, Тәуелсіздіктің таңын көреді. Еліміздің қол жеткізген егемендігі үшін әлі күнге жаратқанға алғыс айтумен келеді. Осы Тәуелсіздік оның бірнеше жыл бойы өміріне күйе болып жағылған «халық жауы» атағынан құтылуға сеп болады. 1993 жылғы 14 сәуірдегі ҚР «Бұқаралық саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» Заңының 5 бабы, «А» тармағы бойынша ҚР Бас әскери прокуроры бірінші орынбасарының 1998 жылғы 13 қарашадағы қорытындысымен Қараш Қалиев ақталады.
- Біздер балалары болып әкеміздің құжаттарын көтеріп, оның ақталғанын білгесін, әкемізге айттық. Сол кездегі оның қуанғаннан жылағаны әлі де көз алдымызда. Ол өмір бойы осы бір дақтан құтыла алмай кетем бе деп қатты уайымдайтын, - дейді атаның келіні Әлия.
АУЫЛ АДАМДАРЫНЫҢ АЛҒЫСЫ
Әлияның айтуынша, атай көптен көмек қолын аямаған жан. - Қазір көзі тірі 103-ке келген көрші Нышан әжей әлі күнге дейін біздерге: «Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезде сенің атаң біздерге тығып, уыстап бидай әкеліп беретін, атаңның арқасында тірі қалдық қой» деп айтып отырады. Көкем ауылдың атасы десем, қателеспеймін. Қазақтың салты бойынша, құда болып барып, 40-50 шақты келін түсірді, бұл кісіге көпшілік жаңа туған сәбилерін бесікке салдыртады. Қаншама қиындықты басынан өткерді, бірақ мойымады. Ішкі рухы, қайраты мықты жан..
Иә, қария тағдырына шүкіршілік айтады. Кезінде алма ағашын отырғызып, соның жемісін жеп өскен балалары бүгінде мәуелі бәйтерек - әкелерінің қанатының астында жапырақтарын жайып отыр. Өмір жалғасуда.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Сурет жеке мұрағаттан алынды