
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Пактия провинциясында екі елдің шекаралық күштері арасында қарулы қақтығыс орын алды, деп хабарлайды АА.
Tolo News хабарлауынша, Пактияның Пәкістанмен шекаралас бірнеше ауданында ауған және пәкістандық шекарашылар арасында атыс болған.
Қауіпсіздік саласындағы дереккөздердің мәліметінше, ауған күштері Дюранд сызығы маңындағы Пәкістан базаларына соққы берген. Бұл әрекет Пәкістанның әуе шабуылдарына жауап ретінде жасалған. Кей деректерге сүйенсек, кейбір базалар басып алынған, ал 12 пәкістандық сарбаз қаза тапқан.
Жергілікті тұрғындар Данд-и-Патан ауданындағы ұрыстар салдарынан бейбіт халық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтты.
Пәкістандық Dawn газетінің жазуынша, Пәкістан армиясы дереу жауап қайтарып, Ауғанстан аумағындағы бірнеше база мен содырлардың позицияларына артиллериялық және танкілік соққы берген. Сондай-ақ дрондар (БПЛА) да пайдаланылған.
Пәкістанның мемлекеттік PTV News телеарнасы қауіпсіздік көздеріне сілтеме жасап, Пәкістан армиясы Ауғанстанға тиесілі 19 шекаралық постты басып алды деп хабарлады.
Ондағы жауынгерлердің бір бөлігі қаза тапқан, кейбірі шегініп кеткен, ал бірнеше пост өртке оранған.
Бірқатар жергілікті дереккөздер Торхам шекара өткелі ұрыстардан кейін жабылғанын растады.
Ауған билігі шекара өткелін жолаушылар мен жүктер үшін уақытша жапқанын хабарлады.
Tolo News деректеріне қарағанда, Пәкістан тарапынан минометтік атқылау Ариуб-Зази және Ангур-Ада аудандарында жалғасуда.
Ауғанстан Қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде:
«Пәкістанға қарсы жауапты әрі сәтті операциялар түн ортасында тоқтатылды, бірақ ел аумағын қорғауға дайынбыз», – делінген.
Ауған үкіметінің ресми өкілі Забихулла Муджахидтің айтуынша, қақтығыс кезінде 58 пәкістандық сарбаз қаза тауып, 30-ы жараланған.
Ауған тарапынан 20-дан астам адам опат болған.
Муджахидтің сөзіне қарағанда, ұрыстар Катар мен Сауд Арабиясының өтінішімен тоқтатылған.
Сонымен қатар ол Пәкістанның түнгі операцияларынан кейін ауған шекарашылары көптеген қару-жарақ пен техника қолға түсірді деп мәлімдеді.
Екі ел де бейбіт тұрғындарға оқ атқан деп бір-бірін айыптап отыр.
Қазанның 9-ында Ауғанстан астанасы Кабулда жарылыстардың даусы естілген.
Хабарларға қарағанда, Пәкістан әскери ұшақтары Пактия провинциясындағы Маргха ауданына әуе соққысы жасаған.
Осыдан кейін Ауған билігі Пәкістанды Кабул мен Маргхадегі жарылыстар үшін айыптады, алайда Пәкістан тарапы бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
В Атырау +4