Атырауда жақында өткен семинар тақырыбы халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге арналды. Оған тұрғын үй-коммуналдық және санитарлы-эпидемиологиялық қызметтердің басшылары қатысты.
САНДАР, ҚАНАТБАЙ ЖӘНЕ АНЯ АПА
Санэпид қадағалау департаментінің директоры Өмірзақ ЗИНУЛЛИН су дайындайтын кәсіпорындар, сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндіру бойынша барлық нысандар Кедендік одақтың техникалық регламентінің талаптарына сәйкес, басқа елдерде кеңінен қолданылып отырған НАССР халықаралық стандарттары бойынша жұмыс жүйесіне көшулері керектігін ескертіп кетті. Оның айтуынша, әзірге облыстағы бірде-бір нысан мұндай сертификатқа ие емес. Баяндамашылар суды «атам заманғы» тәсіл – хлормен тазалау әдісінен бас тартып, қымбат болса да (20%-ға), бірақ қауіпсіз натрий гипохлоридіне көшу қажет екендігін айтты.
Сонымен қатар Жайық өзенінің бойына жыл өткен сайын тазаланбаған лақтырындылардың кесірінен ластанып отырған су сапасына мониторинг жасап отыратын гидро бекеттер орнату туралы да әңгіме болды. Баяндамашылар өз атқарған жұмыстарын да айтып өтті. Әрине, көптеген жұмыстар жасалған, алайда көңілді күпті еткен сауалдар қалды.
Алғашқы «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасына (2003-2011) салынған үлкен бюджеттік қаражаттардың қомақты бөлігі қолды болғаны қазір ешкімге құпия емес және мемлекет те бағдарламаның күйреуге ұшырағанын мойындады. Көптеген миллиард қаржы салынған «Ақ Бұлақ» жобасы (2011-2020 жж.) алдына сол бұрынғы бағдарламаның мақсат-міндеттерін қояды. Сол сияқты семинарда облыс халқының 93 пайызы, Атырау қаласы тұрғындарының 100 пайызы ауыз сумен қамтылған деген керемет деректер де келтірілді (Ө.Зинуллин). Семинарға барар жолымда 5 литрлік баклажкаларға су толтырған арбаны итеріп бара жатқан егде адамды кездестірмегенде, қалада ауыз су жеткілікті деген ақпарға сенер едім. Ағайдың өзеннен әкеле жатқан суы жасыл тартқан екен.
Төрт баланың әкесі Қанатбай аға маңдай терін сүртіп тұрып, үйіне әлі ауыз суды тарта алмай жүргенін айтты. Облыстық, қалалық әкімдіктерге, Атырау Су Арнасына, прокуратураға жолыққан, еш нәтиже жоқ. Бұрын ол суды көшелерде орналасқан су бағанашықтарынан (колонка) алатын, ал қазір қаланың осы ескі ауданындағы барлық көшедегі су қондырғылары алынып тасталғандықтан, өзі сияқты тағы бірнеше тұрғындармен бірге сусыз қалды. Ол аз дегендей, сумен қамту бақылаушылары оларға ай сайын 4-5 мың теңгеге түбіртек беріп, төлемесе сотқа береміз деп қорқытады.
Арбашымен әңгімелесіп тұрғанымызда, жанымызға Жарбосынов көшесі, 16 үйде тұратын Аня апа жақындады. Ол да осындай күйде екен.
- Мен жылдар бойы кір жумаймын. Су желісі жолдың арғы жағында орналасқан, мен зейнеткермін, су тартуға қаржым да, қауқарым да жоқ. Менің жасымда Жайықтан да су тасу оңай емес, - дейді Аня апа. – Мына жақын жерде су қондырғысы тұрған, мен оның суын 1970 жылдан бері қолданып келгенмін. Алайда оны екі жыл бұрын алып тастады. Бағанашығымызды қайтарсын бізге!
Ішер суға жарымай отырған Аня апаның өз шарбағында гүл өсіретіні мені таңғалдырды. Иә, мықты әйел.
БАҒАНАШЫҚ ТА, СУ ДА ЖОҚ
Есімде, бұдан бірнеше жыл бұрын осы ауданда бағанашықтар тұрды, сол жерде, әсіресе қыс кезінде, келеңсіз көрініс орын алатын. Қолдарына баклажка ұстаған мұнайлы астананың тұрғындары ұзын кезекте тұратын! Қазір бұл кезектер жоқ, алайда мәселе шешілмеген, оны тек «көме салған» екен.
Бұл мәселенің көлемі қаншалықты үлкен! Мен өзімнің жеке тексеруімді жүргізуді шештім. Қаланың ескі ауданы көшелерімен жүріп өттім және Қанатбай аға мен Аня апа сияқты тұрғындардың аз емес екеніне көзімді жеткіздім. Мен есігін қаққан 10 үйдің алты-жетеуінде осындай жағдай. Бұл Жарбосынов, Молдағұлова, Нәжімеденов, Гагарин және т.б. көшелер. Қалай болғанда да, қала тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылды деп айта алмаймын. Әлде бұл «статистикалық қателіктер аясында» деп атала ма?
Суды қайдан аласыздар деген сұраққа тұрғындар «Жайықтан тасимыз, бағанашықтарды алып тастады» немесе «көршілерден немесе ауыз су дистрибьюторларынан сатып аламыз» деп жауап берді. Көршілеріңіздің су желісіне жалғап алатындай мүмкіндіктеріңіз жоқ па деген сауалға «көршілеріміз жалғап алуға рұқсат бермейді, өйткені су қысымы өздерінде де тез түсіп кетеді» деген жауап қайырды. Кейбіреулері үнсіз жымияды, бір амалын тапқан шығар, ақыры.
Егер көрші келіскен жағдайда су қосып алу қаншаға шығатынын есептейік. 50 мың теңге бірден мейірімді көршінің қалтасына, тағы бір 50 мың техникалық талаптарды алуға кетеді. Эксковаторшыға қыста қатып қалу нүктесінен төмен ор қаздыру кемінде 70-80 мың теңге тұрады. Материалдар мен жұмысшылар қызметінің құны шамамен осындай. Есептей келгенде, 250 мың теңге қажет. Қанатбай ағаның жағдайында бұл сандар екіге көбейеді, өйткені су желісі жолдың арғы бетінде жатыр. Оның айлық табысы 65-70 мыңды құрайды және төрт кішкентай баласы бар.
Біздің жіберген сұранысымызға «АтырауСуАрнасы» КМК-дан жауап келді. Бұл хатта Жарбосынов көшесі, №42 үйде тұратын Қанатбай Мұхамбетовтың 20.08.11 күні коммуналдық су желісі құдығына қосылуға техникалық шартты алғаны, алайда үйіне су желісін тартпағаны жөнінде айтылады. 2003-2004 жылдары осы жер тұрғындары жиналып, өз қаражаттарына коммуналдық су құбыры құдығынан үйлеріне су желісін тартып алған, ал Қ. Мұхамбетов бұларға қосылған жоқ. «Тұрғынға көрші үйлер иелерінен жеке су құбырына қосуға жазбаша рұқсат алу ұсынылды, бұл жағдайда КМК оны жеке су құбырына қосып, техникалық талаптарды кері ресімдейді»(бәрібір көршісі келіспейтін сол бір нұсқа – З.О). «Мұхамбетовке және Анечкинаға (Аня апа – З.О.) санитарлық нормаларға сәйкес, бір тәулікке 1 адам үшін 50 литр суға төлем есептеледі. №42 үй бойынша 2010 жылдан 31.08.13 күнгі жағдай бойынша 5 699 теңге мөлшерінде, ал №16 үй бойынша 2011 жылдан 31.08.13 күні аралығында 6 307 теңге қарыз қалыптасқан». Алайда олар мамыр-маусымда алған түбіртектерінде айына 4-5 мың теңге деп жазылған. Естеріңізге салсақ, бұл - жоқ суға салынып отырған төлем.
...Неге қала ортасында тұратын адамдар өзен суын ішеді деген сауалыма бір шенеуніктің берген жауабы келемеждей болып естілді: «Мүмкін оларға осындай су ішкен ұнайтын шығар». «Ақ Бұлақ» бағдарламасы бойынша мемлекет әр үйге су жеткізуді жоспарлап отыр. Бірақ бағдарлама 2020 жылға дейін есептелген. Қанат аға отбасының бұл бақытты кезді көруге мүмкіндігі бар шығар, ал Аня апа турасында мұны айта алмаймын.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Сурет бейнежазбаны түсірген автор