
Зейнетақы жинақтарын жалған стоматологиялар арқылы шығару ісі бойынша күдіктілердің бірі Аслан Дүйсенов видеоүндеу жариялап, өзінің ақша жымқыруға қатысы жоқ екенін және заң аясында әрекет еткенін мәлімдеді.
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, Дүйсеновке іздеу жарияланған. Тергеу мәліметінше, ол тағы екі азаматпен бірге БЖЗҚ-дан ондаған миллиард теңгені жалған стоматологиялық клиникалар арқылы шығару схемасын ұйымдастырған.
Алайда Дүйсенов бейнежазбасында клиника ресми жұмыс істегенін және науқастарды қабылдағанын айтты:
«Мен ешкімді алдаған жоқпын, ақша да ұрлаған жоқпын. Біздің стоматология бір жылға жуық жұмыс істеді. 46 миллиард теңге — ойдан шығарылған сома. Мен ЖШС-ін ресми сатып алдым, бізде қызметкерлер болды, бәрі құжаттарда көрсетілген», — деді ол.
Оның айтуынша, клиниканың жұмысы ҚМА тексерісінен кейін тоқтатылған:
«Қазір стоматология жұмыс істемейді, жабдықтар мен құжаттарды алып кетті. Халық тісін емдетіп жүрді, адамдар тек жинақ шегінен асқан ақшаларын ғана шешіп алды. Біз ешкімді алдаған жоқпыз. Бізді алаяқ қылып көрсетті, бірақ бұл қателік», — деді Дүйсенов.
Ол іздеуде жүргенін жаңалықтардан білгенін айтты:
«Мен мұны жаңалықтардан білдім. Осы уақыт бойы ем қабылдап жүрдім, ешқайда жасырынған жоқпын», — деді ол.
Аслан Дүйсенов бұған дейін адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізді және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотталған. Үкімнен кейін ол полициядағы шенінен айырылып, өмір бойына қызметтен шеттетілген.
ҚМА тергеудің жалғасып жатқанын, күдіктілердің басқа эпизодтарға қатысы тексеріліп жатқанын хабарлады. Видеоүндеуге қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3