Атырау, 15 қараша 08:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 493.85
€ 519.04
₽ 4.97

Сізге жеделхат келді!

7 239 просмотра

Есік қағылды…

- Кі-і-м?

- Сізге жеделхат келді! Алып, қолыңызды қойсаңыз.

Курьердің журналына қол қойып, есік жабылғанша қандай толқыныста болатын едік. Открыткаға мұқият желімделген жұқа қағазға түрлі жолдаулар – мерекеге құттықтаулар, алдағы телефон арқылы сөйлесу туралы хабарламалар, жақсы да, жаман да жаңалықтар келетін. Бірде-бір үйлену тойы алыс өлкелерде тұратын туыстарының жас жұбайларды құттықтаған құттықтаулары жазылған жеделхаты оқылмай өтпейтін.

Баспа әріптермен қысқа жазылған жеделхат жолдарында не нәрсе болмайды дейсіз...

 

БАҚЫЛАУ МӘТІНІ

Атырау облыстық «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялар дирекциясы бас кеңсесінің бірінші қабатындағы фойеде шағын музей орналасқан. Ондағы жәдігерлер бойынша телефонияның даму тарихына көз жүгіртуге болады. Мен жұмбақ аппараттарды қарап тұрғанмын, қасыма егде тартқан әйел адам жақындап келді. Шынайы сезімге берілген ол қойылған аспаптардың ішіндегі ең кішкентайына қолын тигізді.

- Бұл Морзе аппараты, бұрын телеграфшылар осымен жұмыс жасаған, - деді ол. Әрине, мұны естігеннен кейін мен оны әңгімеге тартуға тырыстым. Сөйтсем, Надежда Федоровна ЛАХТИНА (суретте) телеграфшы боп 41 жыл еңбек еткен екен.

- Ол кезде бізде телеграфта көп адам жұмыс жасады, телеграфшылар бүкіл қабатты алып жататын. Күндіз-түні гуілдеген дыбыс шығып тұратын. Жұмыс бір сәт те тоқтаған жоқ, - деп еске алады менің сұхбаттасушым. – Телеграфшылар ауысыммен тәулік бойына жұмыс істейтін.

Телеграфшының ауысымы байланысты тексерумен, «В чащах юга жил бы цитрус? Да, но фальшивый экземпляр!» деген бақылау мәтінін таратумен басталады. Бұл сөйлемде әліппенің бүкіл әріптері бар.

- Жеделхатта қате жіберуге жол берілмейді. Бір әріптен қателессең, жеделхат мәтіні шатпақ боп өзгеріп шыға келеді, - деп күлді Надежда Федоровна. Содан соң басқа агрегатқа көшті. – Бұл - СТА аппараты. Ол бізде 63-ші жылдары пайда болды. Біз үшін бұл техникалық табыс болатын. Бұл аппаратта телеграфшы бір уақытта жеделхат мәтінін жолдап әрі оларды қабылдай алатын. Міне, мына жағынан мәтін басылған қағаз лента шықса, екінші жағынан  саңылаулары бар арнайы таспа шығады. Әр саңылау әріпке сай келетін, тек телеграфшы ғана осы саңылаулар бойынша мәтінді оқи алатын еді.

Надежда Федоровна әңгімелегендей, телеграфшы Морзе әліппесін біліп қана қоймай, өзі жұмыс істейтін аппаратын сезінуге тиіс болған. Оның моторын анық күйге келтіру қажет екен: оның жылдамдығы сәл жоғары немесе төмен болса, бітті, қате кететін көрінеді.

 

«ДОКТОРДЫ КІМ ӨЛТІРГЕНІН БІЛЕМІН»

Ал содан кейін автоматты режимде мәтіндерді жолдауға және қабылдауға қабілетті көрнекі, қуатты агрегат – телетайп пайда болды. Телетайп мекемелер арасында хабарламалар алмасу үшін қолданылды. Бұл заманауи факс секілді. Телетайптар халықтан қысқа хабарламалар қабылдаудан басқа, мемлекеттік органдардың көлемді хабарламаларын тарататын телеграфшылардың жұмыстарын жеңілдеткен. Сондай-ақ, телетайптардың арқасында газет редакциялары ең «қызу» жаңалықтарды жедел ала бастады.

Ресей Империясы қарулы күштерінің байланыс әскерлерінің тұңғыш басшысы болып Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір ханның ұлы, жерлесіміз Ғұбайдолла Жәңгіров танылады.

«Генерал-князь Шыңғыс хан» деп аталған ол орыс әскері телеграфының басшысы болды. 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысында телеграф байланысын дамытуда оның қосқан үлесі баға жетпес еді. Соғыс аяқталарда 4 мың шақырым телеграф сымын қажет еткен 2300 шақырым желілерде 300 желілік жұмысшылар, 40 желілік ревизорлар мен 3500 басқа жұмысшылар жұмыс істеді. Сондай-ақ, күзетке және «ұшатын» пошта ретінде тартылған казактар қауымы да жұмылдырылды.

Ғұбайдолла Жәңгіров қазақ (сол кездегі қырғыз) халқының Ішкі істер министрлігінің бөлімшесін меңгерді және азиялық проблемалар бойынша императордың жеке кеңесшісі болды. Мәскеудегі Кремльде Георгий залындағы ақ мәрмар қабырғада оның фамилиясы ойып жазылған.

Сол кездегі телеграфшылардың жұмыс көлемінің қандай болғанын елестетіп көріңіз. Әр адам қабылдау-тарату кезінде сағатына жүздеген хабарлама өңдейді, ал мереке күндері жұмыс бұрынғыдан да көбейіп кетеді.

- Сол кезде біз бәріміз жазылған хаттар құпиясын жарияламау туралы қолхат бердік. Бірақ әрбір хабарламаны мұқият оқуға тиіс едік. Кез келген күмәнді хабарламаны «тиісті жерге» хабарлауға міндетті болдық. «Олар» қарап шығып, мұндай жеделхатты жолдау керек пе, жоқ па, шешетін, - деп еске алады телеграфия ардагері.

Ол кісіден есінде қалған қандай да болмасын, күлкілі болса да, бір оқиға туралы әңгімелеп беруін өтіндім. Надежда Федоровнаның жүзі байсалдана қалды:

- Біздің жұмысымызда қандай күлкілі жағдайлар болуы мүмкін?

Шамасы, «қолхат» әлі күнге дейін өз күшінде секілді...

Бүгінде жеделхат болмайтын секілді көрінеді. Алайда, олар әлі бар екен. Заманауи жеделхаттарды қабылдау-жолдау процесі, әрине, компьютерленген. Телеграф жұмысшыларының жұмыс үстелдерінде үлкен телеграф агрегаттарының орнына мониторлар мен клавиатуралар жайғасқан. Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының техникалық пайдалану орталығының инженері Гүлнәр СҰЛТАНҒАЛИЕВА (суретте) бүгінде жеделхатты кімдердің қолданатынын әңгімеледі:

- Көбінесе бұлар - мекемелер, банктер, соттар. Бірақ алыс өлкелерге құттықтаулар мен қайғылы жаңалықтар жолдайтын жеке тұлғалар да бар. Жеделхаттарды шетелдіктер де жиі жібереді. Атыраудан Италияға, Түркияға, Қытайға және басқа да елдерге жеделхаттар жолданады.

Бір күні бір ер адам Түркияға жеделхат жіберді. Біз мәтінді жолдамақ болғанда, абдырап қалдық. Жолдау мәтінінде «Мен докторды кім өлтіргенін білемін» деп жазылған еді. Біз мұның қандай жеделхат екеніне басымызды біршама ауырттық. Кейін анықталғандай, жолдаушы мазмұны бір доктордың өлімінің төңірегінде өрбитін түрік сериалының табынушысы екен. Міне, осылайша көрермен сериал авторларына өзінің болжамы туралы осындай өзгеше әдіспен хабарлауды жөн көріпті.

 

ЖЕТКІЗІЛГЕН ЖОҚ. ҚАБАҒАН ИТ!

Орташа алғанда телеграф стансасы күніне екі жүздей жеделхатты өңдейді. Бұл бұрынғы кездегі жеделхаттар легімен, әрине, салыстыруға келмейді. Оны пошташылар жеткізеді. Әрбір жеделхаттың жеткізілгені туралы есеп беру үшін телеграф қызметінің кез келген маманы үшін түсінікті арнайы сөздер қолданылады. Мәселен, «КАМИН» - қашан және кімге жеделхаттың жеткізілгенін, «КАЧКА» - жеделхат адресатқа мекен-жай толық болмағандықтан жеткізілмеген, «КИОСК» - жеделхат жеткізілген жоқ, адресат көрсетілген мекен-жайда тұрмайды, «КОВЕР» - жеделхат жеткізілген жоқ, адресат оны алудан бас тартты дегенді білдіреді.

- Бір күні Жұмыскердегі жеке үйлердің біріне жеделхат жеткізуі тиіс пошташы «Жеткізілген жоқ. Қабаған ит!» деп белгілеп жазып қойыпты. Біз оны жеделхат жеткізілуі тиіс деп қайта жібердік. Біз қабаған ит болғандықтан жеделхат жеткізілмеді деп жіберушіге қалай хабарлар едік? - деп күлімдейді телеграф стансасының инженерлері.

- Телеграф қызметі бүгінде күннен күнге аз қолданылатын болды. Бұл - заңды құбылыс, өйткені өмір бір орнында тұрмайды. Техникалық прогрестің қарқындап бара жатқанын ескерсек, енді бір жиырма жылдан кейін адамдардың қандай техникалық құралдарды қолданатындығы белгісіз, - дейді Атырау ОТД бас директоры Ерсайын ДҮЙСЕМӘЛИЕВ.Көптеген елдерде телеграф қызметі біртіндеп жойылуда. Тек телеграфтар ғана тарих қойнауына еніп бара жатқан жоқ, мәселен, таксофондарды алып қарайық. Олар кейбір елді мекендерде және түрмелерде саусақпен санарлық. Бұрын ұзын-сонар кезектер тұратын сөйлесу пункттері бүгінде жойылды. Заман өзгереді ғой...

Тамара СУХОМЛИНОВА

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.