Атырау, 5 желтоқсан 07:42
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Химия саласындағы Нобель сыйлығы металлоорганикалық қосылыстар жасаған ғалымдарға берілді

267 рет қаралды

Жапон ғалымы Сусуми Китагава, британдық Ричард Робсон және иорданиялық Омар М. Яги Нобель сыйлығын химия саласында металлоорганикалық қосылыстарды жасағаны үшін иеленді, деп хабарлайды BBC News Русская служба.

Ғалымдар молекулалық конструкциялар жасап, олардың ішінде газдар мен басқа химиялық заттардың өтуіне мүмкіндік беретін үлкен қуыстар пайда болуын қамтамасыз етті. Мұндай құрылымдар – металлоорганикалық каркас деп аталады (MOF) және оларды шөлден ауыз су жинау, көмірқышқыл газын ұстап қалу, улы газдарды сақтау немесе химиялық реакцияларды катализдеу үшін қолдануға болады.

Сусуми Китагава 1951 жылы Киотода дүниеге келген, 1979 жылы Киото университетінде докторлық дәрежесін алған және қазіргі уақытта осы университеттің профессоры.

Ричард Робсон 1937 жылы Глазбернде туған, 1962 жылы Оксфорд университетінде докторлық дәрежесін алған, қазіргі уақытта Мельбурн университетінде профессор.

Омар М. Яги 1965 жылы Амманда дүниеге келген, 1990 жылы Иллинойс университетінде докторлық дәрежесін алған және Калифорния университетінде профессор болып жұмыс істейді.

Ғалымдардың металлоорганикалық каркас құрылымдарында метал иондары түйін ретінде, ал көміртек негізіндегі ұзын органикалық молекулалар оларды байланыстырушы элемент ретінде қызмет етеді. Нәтижесінде үлкен қуыстары бар кристалдар пайда болады. Бұл құрылымдарды өзгерту арқылы белгілі заттарды ұстап қалу немесе сақтау, химиялық реакцияларды жылдамдату, электр тогын өткізу сияқты жаңа қасиеттер беру мүмкіндігі бар.

Хайнер Линке, Нобель комитетінің төрағасы: "Металлоорганикалық каркастар жаңа функциялары бар материалдарды жасау үшін бұрын болмаған мүмкіндіктерді ашады" , – деп атап өтті.

Ричард Робсон алғаш рет 1989 жылы мыс иондарын төрт “иықшасы” бар органикалық молекуламен қосып, үлкен қуыстары бар кристал жасауға мүмкіндік алған. Сусуми Китагава мен Омар Яги 1992–2003 жылдары осы конструкцияларды жетілдіріп, олардың газдарды өткізетін, тұрақты және өзгертілген қасиеттерге ие болуын қамтамасыз етті.

Бүгінгі таңда ғалымдар жүздеген әртүрлі MOF жасады. Олар адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі: ауыз суды тазалау, дәрі-дәрмектер қалдықтарын ыдырату, көмірқышқыл газын ұстап қалу немесе шөлден су жинау сияқты.

8 қазан, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.