
Әлеуметтік желілерде Атыраудағы тазарту құрылғысы аумағында түсірілген видео қызу талқылануда. Кадрларда өзін экологпын деп таныстырған ер адам кәріз суынан мұнай өнімдері табылғанын, зиянды заттардың мөлшері нормадан ондаған есе асып кеткенін айтады.
«Мынау бетінде қалқыған – мұнайлы қалдықтар. Газанализатор көміртек тотығының көрсеткіші нормадан жүз есе жоғары екенін көрсетті. Біз сынама алдық, алдын ала талдау мұнай өнімдерінің барын растады. Бұл – тұрмыстық емес, өндірістік қалдық», – дейді ол.
Видео авторы Жанат Кенжеғұлов өзін жаңа құрылған «Единство - Право и Честь» («Бірлік – Құқық пен Ар») қоғамдық бірлестігінің төрағасымын деп таныстырды.
Оның айтуынша, артық мөлшерлер сол жағалаудағы кәріз-тазарту құрылғысында тіркелген. Ол жерге КНС-17-ге қосылған өндіріс аймағының ағын сулары құйылады.
«АЖ» анықтамасы
Қалада екі ірі кәріз-тазарту кешені бар: оң жағалаудағы және сол жағалаудағы. Екеуі де «Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорнына қарайды.
Сол жағалаудағы кешен – жаңа нысан, 2021 жылы бюджет есебінен салынған.
Оң жағалаудағысы – ескі, «Квадрат» булану алаңдары бар, онда жылдар бойы күкіртсутегі нормасының асуы тіркеліп, иіске қатысты шағымдар түседі.
Шын мәнінде екі кешен де күмән тудырып отыр
Қаланың негізгі бөлігінің ағын сулары құйылатын оң жағалаудағы тазарту құрылғысы көптен бері жағымсыз иістің және күкіртсутегі шығарындысының көзіне айналған.
Енді назар кәріз суынан мұнай өнімдері табылған сол жағалауға ауысты. Айырмашылығы: ескі “Квадратта” ауа сапасы бұзылып отыр, ал жаңа кешенде су ластанып жатыр.
Экологтардың жауабы
Видео тараған соң, бұл жағдайға «Глобус» экология-құқықтық бастамалар орталығы» ҚБ экологтары араласты.
Олар Кенжеғұловтың тәуелсіздігіне күмән келтіріп, оның мәлімдемесі назарды өндірістік кәсіпорындарға аудару амалы болуы мүмкін екенін айтты. Ал шын мәнінде коммуналдық кәсіпорынның өзі сотқа дейінгі талап бойынша жауапкер болоып отыр.
«Кенжегұлов өзін бізге «Су Арнасының» кризис-менеджері деп таныстырды. Демек, ол тікелей мүдделі тұлға. Ал бұл белсенділік біздің сотқа дейінгі талаптан кейін басталды, – дейді «Глобус» атқарушы директоры Галина Чернова. - 2016 жылдан бері «Квадрат» булану алаңына ағынды сулар сүзгіден өтпей және дұрыс бақылаусыз төгіліп келеді, ал енді назарды жаңа тазарту құрылыстарына аударып отыр», – дейді ол.
Қызу талқылау туғызған видеода «Су Арнасы» туралы тікелей айтылмайды. Автор өзін коммуналдық мекеме қызметкері емес, қоғам белсендісі ретінде таныстырған.
Дегенмен, ластану дерегі айқын. Кадрларда жағымсыз иісті мұнайлы қабаттың көпіршіктеніп жатқаны көрінеді, ал алынған сынамалар шынымен зертханаға жіберілген.
Негізінен, тараптар арасындағы дау «бұл заңбұзушылық болды ма, жоқ па?» дегенге емес, «жауапкершілікті кім көтереді және тексеріс неге тек қазір басталды?» деген сұраққа тіреліп отыр.
Сол жағалаудағы кәріз-тазарту құрылғысы режимдік нысан саналады, оған тек ресми рұқсатпен ғана қосады. Бұл коммуналдық қызметтердің хабарынсыз кәріз жүйесіне жасырын төгінді тастау екіталай дегенді білдіреді. Ендеше "егер мұнай өнімдері шынымен кәріз суларына төгілген болса, оған кім және қашан рұқсат берген?" деген сауал туады.
Сотқа дейінгі кезең
«АЖ»-ға белгілі болғандай, 4 қыркүйекте «Глобус» ұйымы «Атырау облысы Су Арнасына» қарсы сотқа дейінгі талап түсіріп, кәсіпорынды «Квадрат» буланру алаңына тазартылмаған ағынды су төкті деп айыптаған. Істі қарау 11 қарашаға белгіленіпті.
Бұл талап түскеннен кейін бе, әлде басқа себептен бе, кәсіпорын өз жұмыс тобын құрып, «Batys Petroleum» ЖШС мен «РТИ-АНПЗ» ЖШС өндірістік базаларын тексерді. Олардың КНС-17-ге қосылуы ықтимал ластану көзі ретінде қарастырылды.
«Компания өкілдерінің келісімімен біз аумаққа кіріп, өлшем жүргіздік және сынамалар алдық. Алдын ала талдау мұнай өнімдерінің бар екенін растады», – деді Кенжеғұлов.
Өндірістік қалдық сулардың болуы күтпеген жағдай емес: Атыраудың сол жағалауында орналасқан КНС-17 сорғы стансасы ресми түрде ондаған кәсіпорын жұмыс істейтін өндірістік аймаққа қызмет көрсетеді. Сондықтан өндірістік қоспалардың болуы заңды құбылыс. Маңыздысы – олардың бар-жоғы емес, шектен тыс концентрациясы мен төгінділерге бақылау жасау. Мұндай ағынды сулардың құрамын бақылау – «Атырау Су Арнасының» тікелей міндеті.
Ал қалалық кәріз жүйесіне қосылуға қатысты, «Batys Petroleum» ЖШС мен «РТИ-АНПЗ» ЖШС -нің қолданыстағы рұқсаттары немесе техникалық шарттары бар екені жөнінде ресми деректер жоқ.
Ашық деректерге сүйенсек, «Batys Petroleum»-ның өз тазарту құрылғысы бар, ал «РТИ-АНПЗ» зауыттың ағын сулар жүйесін пайдаланады.
Әзірге «Атырау облысы Су Арнасы» КМК бастамасымен және оның «еншілесі» – «Бірлік – Құқық пен Ар» ҚБ жүргізген талдаулардың ресми нәтижелері жарияланған жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Әлеуметтік желіден алынған видео
В Атырау +3