
Тбилиси қалалық соты президент сарайын шабуылдамақ болған бес оппозиционерді қамауға алды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Соттың мәлімдеуінше, оппозиционерлерге билікті құлатуға талпыныс, стратегиялық нысанды басып алмақ болу, топтық күш қолдануды ұйымдастыру және конституциялық құрылысты күшпен өзгерту баптары бойынша айып тағылған.
Қамауға алынғандар: Паата Бурчуладзе, Муртаз Зоделава, Ираклий Надирадзе, Паата Манджгаладзе және Лаша Беридзе.
Прокуратураның дерегінше, олар сайлау қарсаңында жұртшылықты билікке қарсы агрессивті әрекеттерге шақырып, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге үндеген. Ал дауыс беру күні наразылық білдірушілерді Бостандық алаңынан президент резиденциясына қарай көшуге үгіттеген.
Оқиғалар жергілікті өзін-өзі басқару сайлауларынан кейін болды. 4 қазанда өткен дауыс беруде билеуші «Грузин арманы» партиясы 81,6% дауыс жинап, барлық ірі қалаларда жеңіске жетті.
Оппозиция бұл күні «бейбіт революция» жасаймыз деп мәлімдеген, бірақ акция тәртіпсіздіктерге ұласқан. Наразылар президент Михаил Кавелашвилидің резиденциясына тас лақтырып, темір қоршауларды бұзған. Арнайы жасақ оларды көз жасаурататын газ және су атқыштар арқылы ығыстырды. Қақтығыстарда 6 адам жараланып, 21 құқық қорғаушы зардап шекті.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе тәртіпсіздіктер үшін ЕО елшісін айыптады. Сондай-ақ ол бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалысы» партиясын «майдан» ұйымдастырмақ болды деп кінәлады. Кавелашвили де бұл пікірді қолдап, елде шетелдік арнайы қызметтердің ықпалындағы күштер әрекет етіп отырғанын айтты.
В Атырау +4