
Албанияның астанасы Тиранада апелляциялық сотта мүлік дауына қатысты тыңдау кезінде 30 жастағы күдікті оқ атып, судьяны өлтірді, деп хабарлайды Евронью́с.
Сот тыңдауын жүргізген судья Астрит Калая оқтан қаза тапты. Оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
Атыс кезінде тағы екі адам – әке мен бала жарақат алды, бірақ олардың өміріне қауіп жоқ.
Полиция күдіктіні дереу ұстады. Оның есімі Элвис Шкамби. Жергілікті ақпарат құралдары хабарлағандай, ол сотта жеңілетінін білгендіктен осындай әрекетке барған.
Сонымен қатар, күдіктінің туысы және сот күзетшісі де ұсталды. Полицияның айтуынша, қауіпсіздік қызметкері металл детекторының сигналын елемей, күдікті мен оның туысын тексермеген.
Албания премьер-министрі Эди Рама бұл оқиғаны «трагедия» деп атап, қару қолданумен байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды.
Президент Байрам Бегай оқиғаны «бүкіл сот жүйесіне қарсы қорқынышты шабуыл» деп сипаттады.
В Атырау +4