
Атырау облыстық ауруханасында науқастарға келушілерді уақытша шектеу енгізілді. Әкімшіліктің хабарлауынша, мұндай шешім ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына және ауа-тамшылы жолмен тарайтын инфекциялардың алдын алуға байланысты қабылданған.
«Аурухана бөлімдерінің орналасу ерекшеліктерін ескере отырып және науқастар мен олардың туыстары арасында жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін, науқастармен кездесулер уақытша тоқтатылды. Бұл – аурухана ішінде жүрген барлық адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шара», – делінген ресми хабарламада.
Ал жансақтау және нейроинсульт бөлімдерінде жатқан ауыр жағдайдағы науқастарға баруға рұқсат етіледі. Ал басқа жағдайларда тек бір заңды өкіл ғана, ол да емдеуші дәрігердің рұқсатымен кіре алады.
Аурухана әкімшілігі уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды:
«Барлық шара науқастар мен олардың туыстарының денсаулығын қорғауға бағытталған. Жөндеу және санитарлық жұмыстар аяқталғаннан кейін кіру тәртібі қайта қалпына келтіріледі», – деп атап өтті аурухана өкілдері.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, науқастардың туыстары тарапынан түскен өтініштер мен шағымдардан кейін, медицина қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3