
Елде жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып құру қолға алынған. Соның ішінде 30 сынып Атырау облысында ашылды, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аптасына бір рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлері оқушыларға сыныптан тыс шеберлік сағаттарын өткізеді. Жоба мақсаты – мектеп оқушыларының еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ертерек бейімделуіне жағдай жасау, кәсіби бағдарды жүйелі қалыптастыру және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылығын арттыру.
Атырау облыстық білім беру басқармасының бас маманы Орынгүл Нысанбаева атап өткендей, өңір мектептеріндегі бейіндік сыныптар техникалық және гуманитарлық бағыттарды қамтиды. Олардың ішінде құрылыс, автоматтандыру және басқару, педагогика, құқық және экономика, медицина, мұнай-газ өндіру, бұрғылау ісі мен ауыл шаруашылығы бар.
Бұл жұмыстарға облыстағы 14 колледж бен бір жұмыс беруші мекеме тартылған. Айта кетерлігі, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі мәрте өзгерту мүмкіндігі қарастырылған.
В Атырау +3