
Әлеуметтік желілерде Атырау әуежайының алдындағы автотұрақ қысқа уақытқа кіргенде де ақылы болатыны туралы хабарламадан кейін қайтадан дүрлікті. Желі қолданушылары тұраққа кіру 500 теңге тұратынын көрсеткен, бірақ тегін минуттар туралы ештеңе айтылмаған суреттер мен видео жариялады.
Жергілікті тұрғындар әуежай, оның ішінде автотұрақ бюджет қаражатына, яғни негізінен салық төлеушілердің ақшасына салынған деп наразылықтарын білдіруде. Тұрғындар енді осы аумақты пайдаланғаны үшін жеке компанияға ақша төлеу әділетсіз деп санайды.
«Алдымен жаңа әуежай мен автотұрақты өз инвестицияларына салсын, сол кезде төлемақысын алуға болады. Ал қазір халық ақшасына салынған жерден пайда табуға болмайды», — деп жазуда әлеуметтік желідегі қолданушылар.
Әлеуметтік желілердегі қызу талқыдан кейін әуежай ресми түсініктеме жариялады.
Онда даму жобасында бірнеше автотұрақ түрлері: қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орындар қарастырылғаны айтылған.
«Қысқа мерзімді автотұрақта 15 минут тегін беріледі. Бұл уақыт жолаушыны түсіріп немесе күтіп алу үшін такси немесе қарсы алушылар үшін жеткілікті», — деп хабарлады әуежай өкілдері.
Әуежай өкілдері сондай-ақ, қысқа уақыттағы тегін және ақылы автотұрақ жүйесі Қазақстандағы барлық ірі әуежайда бар екенін және халықаралық тәжірибеге сай келетінін атап өтті.

Дегенмен, атыраулықтардың көбі 15 минут тегін екені көрсетілген ешқандай белгі жоқ екенін айтады, ал кірудің 500 теңге тұратыны жобаның ашықтығына күмән тудырады.
«Қарап отырсаң, енді жай ғана кіріп, жолаушыны түсіру үшін де ақы төлеу керек сияқты. Неліктен шенеуніктер бұған көз жұмып отыр?» — деп жазды бір тұрғын.
Әуежай аумақты абаттандыруға: құрғақ бұрқақ орнату, балалар алаңы, демалыс аймақтары және саябақ жолдарын жасауға уәде етіп отыр. Бірақ тұрғындар жайлылық ақша жинаудан басталмауы керектігін еске салады.
Шын мәнінде 15 минут тегін болады ма және шарттар ашық па, әлде Атырау әуежайы халық ақшасына салынған жерден ақша талап ететін орынға айнала ма?
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3