
Қала күні қарсаңында Атырауда өңірдегі ең ірі спорт нысандарының бірі – “Texol Wellness Atyrau” кешенінің құрылысы басталды.
Жобаға 24 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда. Кешен Texol компаниясының бастамасымен салынады.
Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Серік Шәпкенов, Texol компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава, облыстық спорт ардагерлері одағының төрағасы Болат Қожиев, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы Жандос Назарбеков, спорт қауымдастығы өкілдері мен спорт мектептерінің шәкірттері қатысты.
Облыс әкімі құрылыс әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті:
- Texol сынды ірі компаниялар өндірістік жобалармен шектелмей, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да үлес қосуда. Мұнда ересектер де, балалар да спорттың 12 түрімен айналыса алады. Бұл – салауатты қоғам құруға жасалған маңызды қадам.
Шота Абхазава кешеннің заманауи спорт пен демалыс орталығы ғана емес, өңір тұрғындарының саулығы мен әл-ауқатына басымдық беретін тұрақты даму нышаны болатынын айтты.
Үш қабатты кешеннің жалпы ауданы шамамен 18 мың шаршы метрді қамтып, теннис корттары, алты жолақты жүзу бассейні, жекпе-жек және фитнес залдары, жаттығу залы, өрмелеу қабырғасы мен демалыс аймақтарын біріктіреді. Нысан бір уақытта 1 мың адамға дейін қабылдай алады.
В Атырау +3