
2025 жылдың тоғыз айында балық қорғау инспекторлары мен шекара қызметі заңсыз айналымнан 5 тонна 303 келі балық, 2 382 балық аулау құралы, 99 жүзу және көлік құралын тәркіледі.
Заң бұзушыларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 25,9 миллион теңгені құрады.
2 қазан күні Жайық–Каспий облысаралық бассейн инспекциясы, ҚР ҰҚК шекара қызметі және прокуратура қызметкерлері Каспий теңізінің солтүстік жағалауында бірлескен ірі рейд өткізді. Негізгі мақсат — балықтың Жайық өзеніне өрістеу жолдарын браконьерлік торлардан тазалау.
Инспекцияның ресми өкілі Олег Тушканов хабарлағандай, рейд барысында судан 120 заңсыз құрылған тор мен ау құралдары алынды, сондай-ақ 147 келі қара балық тәркіленді. Нәтижесінде тоғыз әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылды. Сонымен бірге төрт дана бекіре балығы және 414 көксерке табиғи ортаға қайта жіберілді.
- Каспий теңізінде браконьерлікпен күрес — ел үшін маңызды экологиялық және экономикалық міндеттердің бірі. Негізгі қауіп — көксерке және бекірені заңсыз аулау, сондай-ақ тыйым салынған аулау құралдарын пайдалану, — деді Тушканов.
Бұған дейін, 25 қыркүйекте Жылыой ауданындағы Ракуша деген жерде балық қорғау қызметі браконьерлерден үш резеңке қайық, УАЗ автокөлігі, 52 келі қара балық және алты «қытайлық» тор тәркіледі. Материалдар тергеу органдарына жіберілді.
Жыл басынан бері инспекторлар 1 828 құқық бұзушылықты анықтады. Он жағдай бойынша жиналған материалдар браконьерлік деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау үшін тергеу органдарына жолданды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +3