
Жылыой ауданы Құлсары қаласының бір топ тұрғыны "АЖ" редакциясына "Барлаушы-Бұрғылаушы" саябағының иесіздік қамытын киіп тұрғанына шағымданды.
- Бұл кезінде жайқалған демалыс орны болып еді. Бастапқыда мұнайшылардың қарамағында болып, кейін мекеменің ыдырауына байланысты ескерусіз қалды. Бүгінде жабайы өсімдіктер қаулаған иесіз орынға айналған. Тіпті осы саябаққа кіреберіс жол жабылып қалған. Енді осы саябақты қалпына келтіріп беріңдер деп жазбаған жеріміз қалмады. Төрт жылдан бері тұщымды жауап алмадық. Ендігі талабымыз-саябақты жанға жайлы етіп қалпына келтірсе, - дейді байырғы бұрғышылар Серікқали Ержанов, Қозыбай Дәрменов, Талғат Сәлімгереев, Бисенбай Құлбаев.

№1 мектептің қасында орналасқан саябақтың шынымен де күйі кеткен. Саябақтың кірер есігі жоқ. Бұрын ашық жер болған екен, бір ай бұрын кәсіпкер ғимарат салып тастаған. Өткен жылы саябақты қоршау жұмыстары қолға алынып, ол да аяқсыз қалған.
Аудан әкімдігі хабарлағандай, мердігер мекеме "КаспийҚұрылыс ЛТД" ЖШС құрылыс жұмысын келісім шартта көзделген мерзімде жасамаған, ал саябаққа кіреберіс жолына кәсіпкерлік нысан салынуына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мемлекеттік сатып алу шарты бұзылыпты.

- Құрылыс жұмыстарын қайта жандандыру және саябаққа кіреберіс жаяу жүргіншілер жолын ашу үшін аудан әкімдігі 2025 жылғы 6 наурызда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулыға сәйкес құрылыс нысанына бағалау жұмыстары жүргізілуде. Бағалау қорытындысы шыққаннан кейін меншік иесіне өтемақы төленіп, кіреберіс жол ашылады, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Айдашев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +3