Атырау, 7 қараша 01:19
 ашықВ Атырау -2
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

«Ұлым Бергеймен қызметтес болғаны үшін кінәлі ме?»

4 768 просмотра

Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар КЕРІМОВ.Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар КЕРІМОВ.Мен – Ұлбосын КЕРИМОВАМЫН. Атырау қаласының бұрынғы әкiмi, 33 жастағы Асқар Абайұлы КЕРИМОВТЫҢ анасымын. Баламның қамауда отырғанына бір жыл болды. Iс бойынша қазiр тергеу аяқталып, iспен танысу жүргiзiлуде. Iс жуық арада сотқа да түсiп қалуы тиіс...

Баламды қамауға алған сәттен бастап қатты қысымға алды. Алдымен Атыраудағы СИЗО-да карцерде ұстады, кейін баламды 4 ай бойы Астана қаласындағы ҰҚК-нiң СИЗО-сында ұстады. Жалғызкiсiлiк камерада. “Астанаға көшiрудiң қандай қажеттiлiгi болды?” деген сұраққа тергеушiлердiң беттерi бүлк етпестен “А.Керимовтiң өмiрiне қауiп төндi” дедi. Сол кезде баламызды Қазақстанның СИЗО-ларын аралап жүрiп, әрең дегенде таптық. Тергеушiнiң артынан қалмай жүрiп балама қоғамдық қорғаушы болуға рұқсат алдым.

Менің ұлымды Атырау облысының әкiмi аппаратының басшысы қызметiн атқарған кезiнде мемлекет меншiгiндегi үш нысанды заңсыз жекешелендiруге қатысы бар деп айыптап отыр. Бұл нысандар мыналар: облыс әкiмдiгiнiң жанындағы жапсырма ғимарат, “Атырау Ақпарат” КМК-ның журналистер жиын жасайтын ғимараты және баспахана құрал-жабдықтары. Бірақ, баламның жалпы коммуналдық меншiктегi нысандарды жекешелендiруге немесе сатуға мүлдем өкiлеттiлiгi болған емес, яғни оның қызметi коммуналдық меншiктi басқаруға үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Бұл жерде "онда неге Қаржы полициясы А.Керимовке айып тақты?" деген орынды сұрақ туады. Себебi, 2012 жылдың тамыз айында Бергей РЫСҚАЛИЕВ орнынан түсiп, тексеру мен тергеу басталған кезде облыстық қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ және iшкi саясат басқармасының бастығы Әсия ҚЫСТАУБАЕВА жоғарыда көрсетiлген нысандарды сатуға кiм тапсырма бердi деген сұраққа “Асқар Керимов” деп жауап берiптi. Ол кезде бұл лауазым иелерi ертең әлдеқалай заман болады дедi ме, әйтеуiр шындықты жасырып, балама жала жапқан. Әрине, кейiн тергеу барысында олар бұл жауаптарынан бас тартты. Шындықты айтты. Бiрақ оны елеген құқық қорғау органы жоқ. Олар үшiн Керимов бәрiбiр кiнәлi.

Баламның тергеу кезiнде берген жауабын тергеушi А.САРИН жоқ қылып жiберген. Сондағы мақсаты – сотта А.Керимовтi жауаптан бас тартып, қылмысты жасырушы ретiнде көрсету және берген жауабына сай қажеттi тергеу амалдарын жүргiзбеу үшiн.

Ең сорақысы – ұлыма Қылмыстық кодекстiң 235-бабы бойынша “ұйымдасқан қылмыстық топтың белсендi мүшесi” деген айыптың тағылуы. Баламның мамандығы – заңгер. Заңгер болғанда да әйгiлi Нағашыбай Шайкеновтен дәрiс тыңдаған заңгер. Бұрын прокуратура органдарында жұмыс iстеген. Одан “Бұл не бап?” деп сұрасам, “Апа, ол – “ОПГ”, мафия деген сөз” дейдi. Бұл қылмыс терроризммен тең келетiн қылмыстар санатында екен. Мұны естiгенде, жүрегiм аузыма тығылды.

Бiз сөзбен айтсам, тергеу әдiлетсiз жүргiзiлiп жатыр. Жан-жақтылық жоқ. Айып тағу қаулысын оқысаңыз, тура детектив оқып отырғандай боласыз. Балам ойынды-шынды “Апа, бiздi айыптап отырған “мафия” мүшелерiмен түрмеде танысып жатырмын, бұрын көрмек түгiлi естiген адамдарым емес” дейдi.

Iс бойынша кейбiр адамдардың былық-шылыққа тiкелей қатысы болса да, олар заңсыз түрде жауапкершiлiктен босатылған. Оларға қатысты iс қысқартылған. Себебi олар қылмыс жасағанда Бергей Рысқалиевтен қорыққанынан жасапты-мыс.

Осы iс түгелдей сотта жариялы түрде қаралуы тиiс. Тiкелей эфирден берiлсе, тiптi жақсы болар едi. Ақиқат сонда ғана белгiлi болады.

Менiң балам мемлекет басшысы тағайындаған Бергей Рысқалиевтің командасында қызмет еткені үшiн кiнәлi ме? Әлi есiмде, 2008 жылы балам облыстық еңбекпен қамту басқармасының бастығы болған кезiнде үйге қуанып келдi. “Апа, “Болашақ” (Қарабатан) мұнай-газ зауытына 7 мың адам жаңа жұмыс орнына орналасатын болды. Оның бәрiн Рысқалиев орналастырды” деді. Әлемге әйгiлi алпауыт мекемелердiң басшыларын айтқанына көндiрдi әкiм, вахталық әдiске көшуге мәжбүрлеп, тiзелерiн бүктiрдi. Мiне, осылай баламның көңiлi Бергейге ауып, күнi-түнi жұмыс жасады. Бiреулер баламды Бергейдiң туысы екен деп жүр. Қып-қызыл өтiрiк! Бiз Қызылорда облысының Арал ауданында туып-өскен адамдармыз. Жұбайымның қызмет бабымен ертеректе Атырау облысына көшiп келгенбiз. Бергеймен жетi атамыздан берi ешқандай жекжаттық жоқ.

Баламның еңсесi түсiп, қай жерден қателескенiн бiлмейдi. “Апа, мен 2005 жылы оппозиционер Жармахан ТҰЯҚБАЙҒА қарсы шығып сөйлегенiмде белгiлi саясаткер Әмiржан ҚОСАНОВ: “Ей, бейшара...” деп едi маған. Әмiржан айтқандай, бейшара болмаған нем қалды ендi...” деп налиды. Жан айқайымды сыртқа шығарғаннан басқа не шарам бар?!

Мен соттың әдiл болатынына көзiм жетсе, қорықпас едiм.

Президентіміз Н.Назарбаевтың құқық қорғау органдары басшыларына “Ағайынды Рысқалиевтердiң iсiн әдiлеттi қараңдар!” дегенiне еш дауым жоқ. Бiрақ орындаушылардың асыра сiлтеп жатқанын айтқым келедi. Мемлекет басшысының өзi теледидардан “Шектен шықпаңдар!” деген жоқ па едi, әдiлеттен әлi де үмiтiмдi үзбеймiн...

Ұлбосын КЕРИМОВА

(zhasalash.kz сайтынан ықшамдалып алынды)

17 қыркүйек 2013, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.