Атырау, 5 желтоқсан 16:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда 2026 жылы екі жаңа аңшылық алқап ашылады

347 рет қаралды
Chat GPT жасаған сурет

Атырау облысында келер жылдан бастап екі жаңа аңшылық алқап ашылады. Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» пен Жылыой ауданындағы «Жылыой желтау» алқаптарында күзгі-қысқы маусымда үйрек, қаз, қасқалдақ, қоян, түлкі және жабайы шошқа аулауға рұқсат беріледі. 

Бұл туралы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Эльмира Құрманғалиева баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қазіргі таңда облыста шамамен 2 мың аңшы тіркелген. Аңшылыққа Құрманғазы, Исатай, Жылыой және Қызылқоға аудандарындағы арнайы бекітілген алқаптарда рұқсат берілген, ал резервтік қорларда аң аулауға тыйым салынады. Келер жылдан бастап Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» және Жылыой ауданындағы «Жылыой желтау» алқаптары пайдалануға берілмек.

Күзгі-қысқы аңшылық маусымында үйрек, қаз, қасқалдақ, қоян, түлкі және жабайы шошқа аулауға рұқсат етіледі. Құстарды аулау мерзімі 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, жабайы шошқаға — 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, ал түлкі мен қоянға — 1 қарашадан 2026 жылдың 15 ақпанына дейін белгіленген. Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін жануарларды аулауға қатаң тыйым салынады.

Әр аңшыда аңшылық билеті, рұқсат қағазы және қаруға қатысты құжаттар болуы міндетті. Қақпан, электр құрылғылары, улы заттар сияқты тыйым салынған құралдарды қолдануға болмайды. Сондай-ақ түнгі уақытта жарық шамдармен немесе тепловизор арқылы аң аулау заңмен шектелген.

Эльмира Құрманғалиева атап өткендей, инспекция мен құқық қорғау органдары бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіп, құжаттарды, олжаланған аң-құстың санын және қаруды тасымалдау мен сақтау ережелерін тексереді. Биылғы маусымда заңбұзушылық тіркелмеген. Дегенмен аңшылық ережесін бұзғандар ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы бойынша әкімшілік, ал ауыр жағдайда ҚР ҚК-нің 337 және 339-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

2 қазан, 14:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.