
Грекия кәсіподақтары 13 сағаттық жұмыс күнін заңдастыру жоспарына қарсылық білдіріп, 24 сағаттық жалпыұлттық ереуіл жариялады, деп хабарлайды Евронью́с.
Қазіргі заңнама мұндай ұзақ жұмыс уақытын тек екі жерде қатар жұмыс істейтіндерге ғана рұқсат ететін болса, үкімет жаңа бастаманы барлық қызметкерлерге қолдануды көздеп отыр.
Ереуіл салдарынан сәрсенбі күні мемлекеттік мекемелердің, ауруханалардың, білім беру ұйымдарының және қоғамдық көліктің жұмысы ішінара тоқтады.
Афиныда мыңдаған азаматтар Клатмонос алаңына жиналып, кейін парламент алдындағы Синтагма алаңына қарай шеруге шықты. Ұқсас наразылық акциялары елдің басқа да ірі қалаларында өтті.
Кәсіподақтар жаңа заң жобасы жұмысшыларға қысым күшейтіп, еңбек жағдайын нашарлататынын айтуда. GSEE конфедерациясы: «13 сағаттық жұмыс күніне біз қарсымыз. Шаршау – даму емес, адамның төзімділігінің шегі бар. Бос уақыттың бөлшектенуіне жол бермейміз», – деп мәлімдеді.
Кәсіподақтардың басты талаптары: жаңа еңбек заңын кері қайтару; еңбек жағдайы мен жалақыны жақсарту; 37,5 сағаттық жұмыс аптасын енгізу; ұжымдық келісімшарттарды толық қалпына келтіру; мемлекеттік қызметкерлер үшін 13-ші және 14-ші жалақыны қайтару болды.
Сонымен бірге ADEDY мемлекеттік секторда еңбек жағдайын жақсартуды, жаңа тәртіптік заңды жоюды, 35 сағаттық, бес күндік жұмыс аптасын енгізуді талап етті.
Көлік саласының қызметкерлері де ереуілге қосылды. Дегенмен Афины сотының шешімімен әуе диспетчерлері мен кейбір әуе компанияларының қызметкерлерінің ереуілге қатысуы заңсыз деп танылғандықтан, әуе рейстері қалыпты режимде орындалды. Ал такси жүргізушілері заң жобасына қарсы шығып, лайықты еңбек жағдайын талап етуде.
В Атырау +4