
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджаф арасында келіссөз жүрді. Тараптар негізгі бағыттар бойынша – мұнай транзитінен бастап цифрлық тәжірибемен алмасу мәселелерін талқылады.
Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша көмірсутек тасымалдаудың қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарлары талқыланды. Транзит туралы келісімге қол қойылған уақыттан бастап бұл бағыт бойынша ҚМГ мен SOCAR-дың еншілес компаниялары («Қазақтеңізкөлікфлоты» және АСКО) паритет негізде Қазақстан мұнайының шамамен 3,4 млн тоннасын тасымалдағаны атап өтілді.
Тараптар ҚазМұнайГаз, SOCAR, Татнефть және Өзбекнефтегаз компаниялары жасасқан Цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы төртжақты меморандумдардың іске асу барысы туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, ҚМГ Инжиниринг пен SOCAR мамандары өндірісте озық цифрлық шешімдерді енгізу бойынша өзара тәжірибе алмасуда.
Сонымен қатар тараптар өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытындағы ортақ іс-шаралар жоспарларын жүзеге асырып, техногендік сипаттағы ТЖ кезінде әрекет етумен байланысты оқу-жаттығулар өткізеді.
— ҚазМұнайГаз SOCAR-мен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Ол Қазақстанмен Әзербайжанның транзиттік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ қазақстандық мұнайдың халықаралық нарыққа экспортын ұлғайтуға бағытталған. Қол қойылған келісімдер аясында біз цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ортақ жұмысымызды жалғастырамыз. Сонымен қатар Әзербайжан әріптестерімен геологиялық барлау, төмен көміртекті дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды және Каспий теңізінің жағдайын жақсарту бағытындағы шараларды іске асыруда өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделіміз, — деді А.Хасенов.
В Атырау +4