Атырау, 5 желтоқсан 07:40
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Илон Масктың байлығы $500 млрд-қа жетті

261 рет қаралды

Америкалық кәсіпкер, X әлеуметтік желісі, SpaceX, xAI және Tesla компанияларының иесі Илон Масктың дәулеті 500 млрд долларға жетіп, тарихи көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Forbes мәліметінше, 1 қазандағы сауда қорытындысында Масктың капиталы 500 млрд долларға бағаланған. Кейін бұл көрсеткіш аздап төмендеп, 499,1–499,5 млрд доллар аралығында тұрақтады. Tesla акцияларының бір күнде 4%-ға қымбаттауы кәсіпкердің байлығын қосымша 9,3 млрд долларға өсірді.

Сарапшылар Маск дәулетінің артуын бірнеше факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, SpaceX құны соңғы айларда 50 млрд долларға қымбаттап, жалпы бағасы 168 млрд долларға жеткен. Сонымен бірге xAI мен X әлеуметтік желісін біріктірген жаңа xAI Holdings компаниясы 113 млрд долларға бағаланып отыр. Оның 53%-ы Маскқа тиесілі, бұл шамамен 60 млрд долларды құрайды.

Илон Маск алғаш рет 2021 жылы Amazon негізін қалаушы Джефф Безосты басып озып, Forbes рейтингінің көшбасына шыққан болатын. Сол кезде оның байлығы 271,3 млрд доллар деп бағаланған. Содан бері ол бірнеше рет бірінші орынды беріп, қайта иеленген.

Қазіргі кезде Forbes миллиардерлер тізімінде Маск бірінші орында тұр. Екінші орында — Oracle компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисон ($351,6 млрд), үшінші орында — Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг ($246,1 млрд). Сондай-ақ алғашқы бестікте Amazon негізін қалаушы Джефф Безос ($233,2 млрд) пен Google негізін қалаушы Ларри Пейдж ($204,6 млрд) бар.

Айта кетейік, бұған дейін Маск компаниясында 500 қызметкердің қысқартылғаны хабарланған еді.

2 қазан, 10:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.