
Қырғызстанда 17 жастағы қыз қатыгездікпен өлтірілгеннен кейін ел президенті Садыр Жапаров өлім жазасын қайта енгізу туралы түзетулерді дайындауды тапсырды, деп хабарлайды DW.
Бұл жазалау шарасы 2007 жылы алып тасталған болатын.
Президенттің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлағандай, заң жобасы балалар мен әйелдерге қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды және өлім жазасын қарастыруды көздейді.
«Бұл балаларға жасалған зорлық-зомбылық және әйелдерді өлтіре зорлау сияқты қылмыстар үшін өлім жазасын енгізу туралы», – деді Алагозов 1 қазан күні Facebook парақшасында.
Ол сондай-ақ бұл шешімге қыркүйектің соңында Барскоон ауылында 17 жастағы Айсулуу М.-ның қатыгездікпен өлтірілгені негіз болғанын, бұл жағдай қоғамды шошытқанын айтты. Президент бұл істі жеке бақылауға алған және балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс деп есептейді.
Еске салсақ, Қырғызстанда өлім жазасы 2007 жылы президент Құрманбек Бақиев кезінде тоқтатылған. Бұған дейін, 1998 жылдан бастап, республикада өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланған болатын.
2022 жылы парламент депутаттары балаларға қарсы сексуалдық зорлық үшін өлім жазасын қайта енгізуді ұсынған еді, бірақ үкімет бұл бастаманы «жедел шешім» деп танып, қарсы шыққан. Соңғы уақытта елде балалар мен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар көбейгеніне байланысты өлім жазасын қайта енгізу туралы пікірталастар белсенді жүргізіліп жатыр.
В Атырау +4