
Билік берген уәделер жылдар бойы сөз жүзінде қалып отыр, ал тұрғындар құлайын деп тұрған үйлерде өмір сүріп жатыр. Кейбірі жалдамалы пәтерлерде қаңғып жүрсе, енді бірі барар жер, басар тауы болмағандықтан құлайын деп тұрған үйлерде әр күнін, әр түнін қорқынышпен өткізуде.
Жылыой ауданы Құлсары қаласы "Атамұра" ықшам ауданындағы №244 көше тұрғындары әкімдіктің табалдырығын тоздырумен жылдар өтті. Уәде орындалған емес. Амалы құрыған тұрғындар "АЖ" редакциясына шағымдарын ашына жеткізген болатын.
Қаладағы оншақты отбасы екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіс күнінен бір жыл кейін, яғни 1946 жылы салынған барак үйлерде әлі тұрып жатыр. Бұл қаладағы тозығы жеткен, ең көне үй. Мұнда табысы аз, зейнеткер, көп балалы, асыраушысынан айрылған, мүгедек жандары бар отбасылар осы барак үйде мекен еткендеріне отызшақты жыл болған.
Қазіргі кейпі адам шошырлық, қабырғасы саман тас болғандықтан жаңбырдың суынан үгітіліп, іргетасы жерге кіріп, төбенің шатыры ескіріп, белдік ағаштар тозып жарылып берекеті кетіп тұр. Өйткені кейбір үйдің қабырғасы сөгіліп, соламайымен құлап, дала көрініп тұр.
- Үй бір күнде құлады. Оқиға күндіз болып, тірі қалдық. Өткен жылдан баламыз екеуміз үй жалдап қаңғып жүрміз. Пәтер ақысы 70 мың теңге тұрады, оның үстіне коммуналдық төлемі тағы бар. Баламның азғантай еңбекақысы мен зейнетақым дымға жетер емес. Пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Оның үстіне есігінде кілті болғанымен бір жақ жары ашық қалған үйге ұрылар түсіп, жылу батареяларын үптеп кетіпті. Басқа да жоғалған заттарымыз бар. Ең болмаса әкімдік жалдайтын үй тауып беріп көмектессе,-деп мұң шақты Жұмағыз Дүйсенова.
Жұмағыздың үйіне жапсарлас үйдің қабырғасы бір жағына қисайып тұр, толған тіреу. Ұларқыз Рахманованың жапсарлас көршісі үйін бұзып тастағандықтан төбе ағаштары майысып, қабырғасы қауіпті күйге жеткен. Мұндағы барак үйлердегі жағдайы бірдей, тіпті әжетхана қазатын орын қалмапты. Осындай баспанада тұрып жатқандар үйдің апатты екенін 2022 жылы өздері рәсімдеп алыпты.
- Апатты үй кезегіне тұрғанымызға үш жыл ғана болды. Кезегіміз жылжыр емес, өйткені қалада апатты жағдайға жеткен баспаналар баршылық екен. Оның үстіне әкімдік өткен жылы су тасқынынан кейін бар қаржыны сонда жұмсадық деп отыр. Ал біздің қазіргі жағдайымызға ешкім басын ауыртқысы келмейді. Бұл үй болудан қалған, толған зиянкес жәндіктер, сасыған иіс,-дейді тұрғындар налып.
Айтса айтқандай, салынғанына 79 жыл болған бұл үйлер сүріп тастауға сұранып тұр. Бұрынғы аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов өткен жылы апатты үйлер үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінгенін, алайда су тасқынан зардап шеккендерге жұмсалып кеткенін, 2025 жылы қайтадан қаржы бөлініп, бұл үйлердің мәселесі шешілетінін айтқан еді. Бірақ жағдай сол күйі.
- Жыл аяқталуға үш ай қалды, осы уақыт ішінде аэ мәселемізді шеше ме. Жуырда аудан әкімі Жәнібек Қаражановқа барғанымызда іссапарда болып, оның орынбасары А. Айдашев қабылдап, комиссия болып қарап кетеміз деген болатын. Келді, көрді, уәде етті: қарастырамыз, құлаған үй тұрғынына баспана жалдауға демеушілікпен көмектесеміз деді. Бірақ ауданда салынып жатқан үй жоқ екен. Сенуге бола ма, білмеймін. Биылғы қысымыз тағы да қорқынышты баспанда өтетін болар,-дейді қынжылыспен Серікболсын Қозжанов.
Біз кейін аудан әкімінің орынбасары Аманжол Айдашевқа хабарласқанымызда баспана кезекпен берілетінін айтты. Ал тұрғындар болса "өлігіміз үйінді үй астында қала ма?" деген қорқынышпен күн өткізуде.
Ен байлығымен күллі Қазақстанға аян Жылыой ауданында жағдай осы.
UPD. Бет қатталып жатқанда тұрғындар хабарласып, аудандық әкімшіліктен арнайы комиссия келіп үй-үйлерді аралап қарап шыққанын айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +3 






